Ел тынысы

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына еріктілер қалай іріктеледі?

Астанада 8-14 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Қазір ойындарды дайындау және өткізу дирекциясы еріктілерді іріктеп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұйым басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев мәлімдеді.

Осы жылдың қаңтарында волонтерлік өтінімдерді қабылдау басталды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының ақпараты бойынша, бұл жұмыспен Астананың 13 жоғары оқу орны қамтылған, оның ішінде: «Turan-Astana» университеті, Maqsut Narikbayev University, «Қазақ технология және бизнес университеті» АҚ, дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы, «Астана» медицина университеті, Astana IT University, М.В. Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «ESIL» University, «Астана» халықаралық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті және А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты.

«Наурыз айында студенттерді еріктілер қатарына шақыру бойынша Астана қаласының 29 колледжінде кездесулер өткізілді. Сондай-ақ, Астана қаласының Есіл, Алматы, Нұра, Сарыарқа және Байқоңыр аудандарындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызмет алушыларымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы ақпарат беру және еріктілер қатарына шақыру мақсатында кездесулер өткізілді. Аталған орталықтардан 20 өтінім келіп түсті. Бүгінгі таңда келіп түскен өтінімдердің жалпы саны – 4683», – деді спикер.

Ойынға еріктілерді тарту мақсатында барлығы 12 мыңнан астам студентті қамтитын 95 кездесу өткізілді.

Сонымен қатар, өтінімдер Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Вьетнам, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Түрікменстан, Беларусь және Гана республикалары сияқты елдердің тұрғындарынан түсіп жатыр.

«Қазіргі уақытта бөлім мамандары әлеуетті еріктілермен офлайн және онлайн сұхбат жүргізуде. Бүгінгі таңда «Turan-Astana», Maqsut Narikbayev University, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде және А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтында 2 іріктеу кезеңі өткізілді. Әңгімелесу қорытындысы бойынша 1000 үздік ерікті іріктеледі, олардың 50-і – үйлестіруші, 100-і – көшбасшы», – деді Кондыбаев.

2 кезеңнің қорытындысы бойынша іріктелген еріктілер арнайы дайындықтан өтіп, оқу-жаттығуларға және іс-шараларға қатысады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button