Сұхбат

Вахит НИЯЗОВ, «Астана су арнасы» мекемесінің баспасөз хатшысы: Судың да сұрауы бар

Қалада күнделікті ішіп отырған ауызсуға ақысын төлемейтіндер көбейген. Бір емес, бірнеше ескертуге құлақ аспай, айлап-жылдап қарызға белшесінен батқандармен күрестің жалғыз жолы — суды тоқтату. «Астана су арнасы» мамандары осыған байланысты тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы мекеменің баспасөз хатшысы Вахит Ниязовпен тілдескен едік.

– Бүгінгі таңда халық суға қанша қарыз?
– Су-кәріздендіру қызметіне жалпы дибиторлық қарыз 268,8 миллион теңгеден асады. Оның ішінде тұрғындардың қарызы 111,6 миллион теңгеге жеткен. Астана қаласы бойынша барлық кәсіпорындар мен мекемелердің қарызы -157,2 млн теңгені құрап отыр.
– Әрине, қарыздың көбеюі мекеме жұмысына да кері әсерін тигізеді. Осы ретте борышкерлерге қандай шара қолданылмақ?
– Мекеме инспекторлары Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарына тексеру жұмыстарын жүргізіп, ақысын төлемегендерге су беруді тоқтатады. Әзірге қолдан келгені осы…
– Қанша адам қарызданған?
– Жекеменшік секторлардағы тұрғындардың қарызы рекордтық көрсеткішке жетті десек болады. Олардың саны – 12500. Сонымен қатар, тұрғын үй секторына жатпайтын 3000-нан астам борышкер бар.
– Сумен жабдықтау жүйесінен осынша борышкерлердің бәрі ажыратылады ма?
– Екі айдан артық уақыт төлемегендердің барлығы кәріздендіру желілерінен ажыратылады.
– Ал, мекемелерде қалай болмақ?
– Жұмыс бригадаларының қарыздары бар мекемелерді судан ажырату үшін ғимараттың төбесінен жабық түрде немесе кеңселік ғимараттардың енгізілімін пломбалайды. Толық көлемде дебиторлық қарыздарды төлегеннен кейін, «Астана су арнасы» мекемесімен жасалған шартқа сәйкес су-кәріздендіру қызметіне қайта қосылуына рұқсат беріледі. Қысқасы, қаланың кез келген азаматы судың да сұрауы барын ұмытпағаны абзал.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button