ДенсаулықСұхбат

ВАКЦИНА ЕГУ – ДЕРТТІҢ АЛДЫН АЛУ

№2 қалалық балалар ауруханасының базасында 11-12 жастағы қыз балаларды ерікті түрде адам паппиломасы вирусына қарсы тегін егу басталды. Наурыздың 3-31 аралығында жүзеге асырылатын қанат қақты жобаның барысын аурухана бас дәрігерінің емдеу-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Сайран Жамұқовадан сұрап білген едік.

– Қазіргі заманда гинекологиялық қатерлі дерттердің қатарын жатыр мойнының ісігі бастап тұрғаны белгілі болып отыр. Онколог-дәрігерлердің айтуынша, елімізде 10 500 әйел осы ауруға шалдығып, жылына 655 адамның ажалы осы дерттен келеді екен. Яғни, осы кеселдің салдарынан күніне екі әйел көз жұмады деген сөз. Сонымен қатар, жатыр мойнының обырына шалдыққан әйелдердің 16 пайызы бір жылдың, ал, 40 пайызы 5 жылдың ішінде көз жұматыны да анықталып отыр.

Осы дерттің алдын алудың бірден бір жолы – вакцина егу. Сол себепті 11-12 жасар қыз балаларға адам папилломасы вирусына қарсы ерікті түрде екпе жасауды қолға алып жатырмыз.

– Бұл жоба еліміздің бірнеше қала­рында өтті ғой. Оның қорытын­дысы туралы не айтасыз?

– Алматы, Атырау, Павлодар қалаларында 11-12 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы ерікті түрде вакцина егілді. Алматыда үш мыңнан астам, Атырауда мыңға тарта қыздар осы процедурадан өтті. Жалпы бұл тәжірибе 80-ші жылдары қолға алынып, әлемнің көптеген елдерінде таралды. Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина егу 42 елде қолданылады екен. Өтпелі жасқа дейінгі, толыспаған кезеңде вакцина егілген қыздар болашақта жатыр мойнының ісігімен ауырмайтыны белгілі болды.

– Вакцина егу қалай жүреді? Алдын ала педиатрдың тексеруінен өтетін болар?

– Вакцина созылмалы ауруы жоқ дені сау қыздарға егіледі. Егу алдында қыздар дәрігердің тексеруінен өтеді. Ата-анасымен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина егілгеннен кейін қыздар жарты сағаттай дәрігер бақылауында болып, сол күнгі сабақтан босатылады. Ал одан кейінгі үш күн ішінде мектеп медицина қызметкерлерінің  бақылауында болып, егілгендердің денсаулығында болған өзгерістер қадағаланады.

Ең бастысы, ерікті түрде, аналарының келісімімен вирусқа қарсы егілетінін айтқым келеді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін болсақ,  адам папилломасы вирусына қарсы вакцина – жатыр мойны обырына қарсы бірден бір амал екенін білген дұрыс. Бұл шара осы дерттің алдын алу және оның туындау қаупін төмендету мақсатында жүргізілетінін қыз өсіріп отырған ата-аналардың есіне тағы да салғым келеді.

Айгүл УАЙСОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button