Жаңалықтар

Вальс салтанаты

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәстүрге айналған студенттік Вена балы өтті. Кешті тамашалауға 5000-ға жуық көрермен жиналды. Олардың ішінде оқытушылар, студенттер және арнайы шақырылған қонақтар болды.Еуразия ұлттық университеті Астанадағы оқу орындары ішінде Вена балын ұйымдастырған алғаш­қы университет болатын. «Әр хан­шайымның өмірі ертегідей болу керек» деген ұранмен басталған бұл кеш университет әкімшілігінің ұйым­дастыруымен осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Үміткерлер әдет­те­гідей кастинг арқылы анықталды. Екі күнге созылған іріктеуге 700-ден астам студент қатысып, нәтижесінде вальс билеуден ерекше көзге түскен 38 жұп іріктелді. Олардың басым көпшілігі І курс студенттері екен. Бал талабы бойынша бойжеткендер ақ түсті салтанат көйлегін киіп, қолдарына гүл шоғын ұстады, ал, жігіттердің үстінде қара түсті фрак.

Кеш шымылдығы әйгілі полонез биімен ашылды. Әуен ырғағымен әсем билеген қатысушылардың қимыл-қозғалысына қарап, көз ал­дыңа еріксіз айдын көлде қалықтап жүзген аққулар бейнесі келеді. Полонезден соң «Ай- Ару» тобы, Асанбай Ақмеңтаев, Айым Қалибекова сынды өнерпаз студенттер ән шырқап, мерекелік көңілді қыздыра түсті.
«Вена балына қатысу арманым болатын. Бақытыма орай, Талғат екеу­міздің биіміз қазылар алқасына ұнап, іріктеуден өттік. Ертегі әлемінде жүр­гендеймін. Бұл бал уни­вер­ситетте емес, бір зәулім сарай ішінде болып жатқандай» дейді ІV курс студенті Тоғжан Есниязова. Кеш соңында қатысушылармен қоса, барлық қо­нақтар қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әніне биледі.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button