Елорда тынысы

Вандализм жазасыз қалмайды

Бас қалада соңғы 10 айда вандализм бойынша 120 факт тіркелген. Бұзақылар аялдама тұрағы, демалыс орындары секілді инфрақұрылым нысандарын бүлдірген. Осыған орай, Астанада «Тоқта, вандал!» акциясы аясында қоғамдық орындарға рейд өткізілді. Іс-шараға тәртіп сақшыларымен қатар, қоғам қайраткерлері, Ауған соғысының ардагерлері, қала белсенділері, белгілі спортшы Айтым Жақыпов және «Астана жастары» ұйымының волонтерлері қатысты.

Акция қала мүлкін қорғауға, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға бағытталған. Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру әкімшілік жауапкершілікке, атап айтқанда, 200 АЕК-ке дейінгі айыппұлға әкеп соғады. Вандализм жасағандар жазасыз қалмайды. Қазір мұндай бұзушылықты анықтауға бағытталған іс-шаралар жиі жүргізілуде. Осы ретте қалада вандализм бойынша 90 әкімшілік айыппұл салынып, өндірілді және 17 адам әкімшілік қамауға алынды.

– Тәртіп сақшылары вандалдардың әрекеті анықталғаннан кейін тиісті шаралар қабылдайды. Құқық бұзушы анықталған соң, әкімшілік хаттама толтырылады және материалдар одан әрі әкімшілік сотқа жіберіледі, – деді Сарыарқа ауданы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ділшат Қойшыбаев.

Түнгі рейдке «Тоқта, вандал!» акциясы аясында белгілі спортшы, Street Workout Kazakhstan қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, әлеуметтік қайраткер Айтым Жақыпов пен еріктілер қатысты. Олар жұртшылықты қаламыздың тазалығына тиісті түрде көңіл бөлуге шақырды.

– Әсем қаламыздың келбетін сақтау­ға бәріміз де күш салуымыз керек. Біз вандализмге қарсымыз. Сондықтан мұндай рейдтерге жиі қатысамыз. Мақсатымыз – тәртіпсіздік жасағандармен сөйлесу, тәрбие жұмысын жүргізу. Осындай вандалистік әрекетке баратын жастармен, азаматтармен сөйлесіп, оларды сол теріс әрекетке жұмсаған күшін спортпен шұғылдануға арнауға шақырамыз, – деді Айтым Жақыпов.

Қоғамдағы келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмайтын белсенді қала тұрғындарының айтуынша, кейбір азаматтардың тұрғын үйлер кіреберісінде дәрет алатын кездері де кездеседі. Жақында бір тұрғын Сарыарқа ауданы Ш.Қосшығұлұлы көшесіндегі тұрғын үй ауласында орналасқан шлагбаумды майыстырып кеткен. Қоғам мүлкін бүлдірген тұрғынға айыппұл салынған. Ондайлар камера арқылы немесе тұрғындар шағымымен әкімшілік жазаға тартылады.

– Мен Сарыарқа ауданындағы Агроқалашық алабының тұрғынымын. Біздің ауданда осымен бұл акция екінші рет өткізілуде. Әкімдік халықтың сұранысымен сквер салып береді, екі күн өтпей жатып оны вандалдар бүлдіре бастайды. Сондай-ақ жылы аялдамалардың да трансформаторын сындырып алып кетеді, әйнектерін шағады. Бұл маңда ішімдікке әуес тұрғындар да бар, солар аялдаманың тогы келіп тұрған жерін түбірімен жұлып алады. Сөйтіп оны темір тапсыратын жерге өткізіп ақша қылады. Осы алапта соңғы 2 жылда 8 жылы аялдама қойылды, мемлекет, яғни әкімдік халықтың сұранысына, сөзіне құлақ асып отыр, бірақ өкінішке қарай, вандалистік әрекетке баратын адамдар соның бәрін бүлдіреді. Өзіміз тұратын жерді өзіміз күтіп ұстамасақ, бізге кімнің жаны ашиды?! Әдемі етіп салып берген ойын алаңдарын бүлдіретін тәртібі нашар балалардың да ата-анасы өз перзентіне ақылын айтуы керек, себебі көбі баласының әрекетін ақтап әлек болады, – дейді қала белсендісі Сәуле Усина.

Қалада биыл осындай оқиғалар бо­йынша ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабына сәйкес 1200-ге жуық хаттама толтырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 1 қаңтардан бастап вандализм әрекеті үшін жаза қатаңдады. Вандализмге қарсы дер кезінде шаралар қабылдап, халықтың бұл күреске белсенді атсалысуының арқасында вандализм бойынша істердің саны ай сайын азайып келеді. Қазіргі таңда осындай рейдтер елорданың 5 ауданында жалғасуда. Қала бойынша күнделікті кезекшілік жүргізіліп, оған 2500 құқық қорғау қызметкері жұмылдырылып отыр.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button