Веб-портал арқылы музейлерге виртуалды саяхат жасай алады

Енді музей сүйер қауым «E-Museum» виртуалды веб-порталы арқылы еліміздегі музей экспонаттарын онлайн тамашалай алады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
— Сәуірде Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі — «E-Museum» веб-порталын таныстыру жоспарланып отыр. Бұл платформада Қазақстанның 285 музейінің ақпараты, мемлекеттік музейлер қорының 65 мыңнан астам экспонаты, 3D форматтағы жәдігерлер қолжетімді болады. Бұған қоса, министрлік қазір Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген негізгі бастамалары мен тапсырмаларын кеңінен насихаттау мақсатында медиа-жоспар әзірледі, — деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елордада өткен ардагерлер кеңесінің пленумында.
Сондай-ақ, ведомство басшысы ұлттық цифрлық архив құру барысына тоқталды.
— Мемлекет басшысы қазақстандық мәдениетті ғаламдық цифрлық ресурстарда нақтырақ таныстыру мақсатында ұлттық цифрлық архив құруды тапсырды. Бұл жоба архивтік құжаттарды цифрлық форматта сақтауды қамтамасыз етуге, ғылыми зерттеулер мен еліміздің барлық азаматтары үшін архив материалдарына қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған. Біз архивтік құжаттар мен өнер туындыларын ұлттық цифрлық архивке көшіруді жоспарлап отырмыз, — дейді ол.
Еске сала кетсек, былтыр Мемлекет басшысы еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетінін мәлімдеген еді.
Былтырғы дерекке сүйенсек, елімізде 150-ге жуық музей бар.