Жаңалықтар

Веломәдениет бізге де келер ме екен?

Денсаулыққа пайдалы әрі қызықты демалыстың бір түрі – велосипед тебу. Велосипед алыс жолдарға да әлдеқайда тез апарады. Автокөлікте жүргеннен денсаулыққа еш пайда жоқ. Ал, шайтанарба адамның аяқ бұлшық еттерін нығайтып, ағзаның қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, қан айналымының дұрыс жүруіне оң әсерін тигізетіні белгілі. Көптеген игі ықпалы болса да, осы көлік түрін біздің елімізде жиі қолдана бермейді. Оның өзіндік себептері де бар. Біріншіден, бізде велосипедке арналған жолдар жоқ, екіншіден, оның халық арасында насихатталуы кемшін. 

ХІХ ғасырда пайда болған екі дөңгелекті көлік бірқатар елдерде қоғамдық көлік деңгейіне дейін жетті. Бүкіл әлемде миллиардтан астам велосипед бар екен. Олар түрлі мақсаттарға қолданылады екен. 70 %-ы қозғалыс құралы қызметін атқарса, 29 %-ы демалыс үшін, 1 %-ы ғана спорттық жарыстарға пайдаланылады. Велосипедті қолдану үрдісі батыс елдерінде қатты дамыған. 1920 жылдардан бастап Германия велосипед жолдарын салуға білек сыбана кірісті. Мұндай жолдар автокөліктерге кедергі келтірмеуі үшін салынды. Ал, Еуропаның велосипеді ең көп Дания елінің бір адамы жыл сайын орта есеппен 893 шақырым жол жүреді екен. Бүкіл ел жұмысына да, дүкенге де велосипедпен барады. Скандинавиалықтар педалды айналдыру ыңғайлы ғана емес, экологиялық жағынан да тиімді әрі денсаулыққа пайдалы деп есептейді. Нидерландтар елінде де велосипедпен жүруге мемлекет аса мән береді. Онда шайтанарбаға арналған 15000 шақырым жол бар.

Арнаулы бағдаршам, велотұрағы бар бұл елдерде велосипедті қаншалықты кеңінен қолданатынын бағамдай беруге болады. Біздің елде веломәдениет дәл осындай деңгейге жетпесе де, велосипед тебетіндер көбейе бастаған сыңайлы. Мәселен, Астанада велосипедті жалға беретін орындар көбейген. Саябақтардың өзінен бірнеше жалға берушілерді кездестіресіз. Ондағылардың айтуынша, велосипед тебушілердің қатары күн санап өсіп келеді. Демалыс күндері адам саны, тіпті, көбейе түседі екен. Астанада өткен Голландия апталығы кезінде «Астанаға веломәдениетті енгізу» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған Нидерлантардан келген өкілдер қатысып, қала көшелерінде велосипедке арналған жолдар жасау, белгілер қою және оның қатынас көлігі ретінде танылуына қатысты пікір алмасты. Мамандардың айтуынша, Астана – велосипедпен жүруге өте ыңғайлы қала екен.

Дегенмен, Астанада велосипедшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірде-бір жол жоқ. Осы көлікті тұрақты серік еткендерге қала көшелері қауіпсіз деп айту қиын. Жол арасынан шыға келетін велосипедшілер көлік жүргізушілерге де кедергі келтіреді. Автокөліктерге арналған жолдармен жүруіне тура келетіндіктен жол қозғалысы да қиындайды. Осы мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, арнайы бағдарлама қабылдау қажет секілді. Қалаларда веложолдар салына бастаса, велосипед тебушілердің қарасының артары сөзсіз. Қай жағынан алып қарасақ та велосипед тебудің қоғамға өлшеусіз пайда әкелетінін байқауға болады. Айтпақшы, бұрын-соңды велосипед теуіп көрмесеңіз, пайдасы мол, көңіл сергітетін осы спорт түріне көңіл бөліңіз.

Еркежан СӘТІМБЕК,
eshona@mail.ru

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button