Басты ақпаратҚала тіршілігі

Велосипед көпшілік көлігіне айнала ма?

Бүгінгі таңда Астанада велосипедті басты көлік құралы еткен жандардың қатары артып келеді. Жақында бас қаланың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында веложолақтар салынып, оның ұзындығы 56 шақырымға жетті.

Көп елдердің көлік құралы

Негізгі мәселеге ойыспас бұ­рын бірнеше елдің астанасындағы «шайтанарба» иелеріне жасалған жағдайға қысқаша шолу жасап шығайық.
Дүние жүзінде аталған көлік түрін ең көп пайдаланатын қалалардың бірі – Дания елінің астанасы Копенгаген. Мұнда бір миллионнан аса тұрғын болса, оның жартысынан көбі қар немесе жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан баратын жеріне велосипедті қолданғанды жөн көреді екен. Сұраныстың көптігінен бұл қалада 390 шақырым жол байсикл жүргізушілеріне арнап салынған екен. Сонымен қатар велосипедшілерге де көлік жүргізушілері секілді айыппұл салынатынын айта кеткен жөн. Мәселен, кешке арнайы жарық түсіретін құрылғысыз жүрсе – 95 еуро, қарсы бағытта жүрсе – 135 еуро, велосипедті қолсыз жүргізсе – 95 еуро, телефонмен сөйлес­кен қалпында жүрсе – 135 еуро, бір орынға арналған орынға екінші адам мінгессе 95 еуро көлемінде айыппұл салынады.
Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) 2008-2011 жылдары аралығында Копенгагенді велоқала ретінде мойындап келген.
Велосипедке қызығушылығы жоғары қалалардың енді бірі – Париж. Шығыны аз, зияны жоқ көлік түрі француздар арасында 2007 жылдан бастап кеңінен қолданысқа ене бастады. Сол жылы 750 велотұрақ ашылса, бүгінде бұл көрсеткіш 2000-нан асады. Әр 300 метрде жалға берілетін орындар орналасқан. Ал веложолақ ұзындығы – 700 шақырым. Франция астанасында да велосипедшілер жол ережесін сақтауы тиіс. Ереже бұзылған жағдайда Копенгаген қаласы секілді арнайы айыппұлдары бар. Сондай-ақ арнайы веложолдар әлемнің басқа да ірі қалаларында іске қосылған.
Осы тұста Астана қаласындағы веложүргіншілерге жасалған жағдай туралы ой келері анық. Бас қаламыздың арқа төріне қоныс аударғанына 20 жылдың жүзі енді болып қалғандықтан жоғарыда аталған екі қаламен салыстыруға әлі келмесі анық. Оның үстіне елордадағы -40-50 градус аяз Копенгагенде де, Парижде де болмайтынын айта кеткен жөн. Осыған байланысты велосипед айдау маусымы өзге елдермен салыстыр­ғанда он екі айға созылмайды. Климаттық кедергілерге қарамастан Астана тұрғындары арасында «екі аяқты көлікке» деген қызығушылық жыл санап артып барады.


Мәселен Astana Bike автоматтандырылған жалға алу жүйесі алғаш ашылған тұста 40 тұрақта 200 велосипед ұсын­ған болатын. Кейіннен бұл көрсеткішті 100 велостансаға шақталған 1000 велосипедке дейін арттыру жоспарланып отырғаны хабарланған. Ал был­тыр бас-аяғы 150 станса ашы­лып, байсикл саны тиісінше 1500-ге жеткені белгілі болды. Бастапқыда Astana Bike көліктері жергілікті тұрғындарға ғана арналған болса, қазір қала қонақтарының да арнайы құжаттары арқылы жалға алуына мүмкіндік жасалды.
Бірер жыл бұрын елорданың «жасыл белдеуінде» Қорғалжын тасжолында ені екі метрлік, ұзындығы 23 шақырым болатын веложол салынғаны тура­лы ақжолтай хабар тараған. Ал биыл өңірлік әкімдіктер бас қаланың мерейтойына сыйлық ретінде қосымша жолақтар салып, оның ұзындығын 56 километрге жеткізді.

Апат саны азайды

Веложолақтардың ашылуы Астананың көркіне көрік қоса түскендей. Осының арқасында биыл автомобиль жүргізу­шілерінің велосипедшілерді соғып кету оқиғасы да азайды. Бұрын аталған жолақтардың аздығынан екі дөңгелекті көлік иелері жол жиегіне жиі шығып кететін. Жақында Астана қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі соның салдарынан былтыр бес велосипедші жол апатына ұшырағанын хабарлады. Ал биыл жыл басынан бері бір ғана дерек тіркеліпті. Бұған қоса өткен айдың соңына таман веложолақта кетіп бара жатқан велосипедшіні ВАЗ-2109 автокөлігі соғып кеткені туралы хабар тарады. Абырой болғанда дене жарақатымен шектелді.

Веложолақтар кімге арналған?

Велосипед иелері үшін арнайы төселген жолақтардың ашылғаны бастапқыда қуанышты хабар болған. Бірақ көп ұзамай кемшін тұстарының да бар екені анықталды. Нақтырақ айтқанда, арнайы белгісі болғанмен жаяу жүргіншілердің веложолақтармен кетіп бара жататынын жиі кездестіруге болады. Бұл онсыз да ені небәрі екі метрді құрайтын тар жолда велосипедшілерге қиындық тудырып жатады.

– Екі дөңгелекті көлікпен жүргеніме бірнеше жыл уақыт болды. Жұмысқа осымен барып келгенді жөн көремін. Жақында жолымыздың ұзарып, 56 шақырымға жеткенін естігенде қатты қуандым. Бірақ жаяу жүретіндердің жалғыз аяқ, тар жолымыз­ға түсіп алып жататыны кедергі келтіріп жатады. Кейде асығып бара жатып, тұрғындардың бірін соғып кете жаздаймын. Осы бір мәселе тезірек реттелсе екен деймін, – деп тілегін білдірді Нұрлан есімді азамат.
Ал қалалық ІІД жаяу жүргіншілердің веложолақтарда жүруіне рұқсат етілгенін хабарлады. «Жаяу жүргіншілерге арналған жолдарда, сондай-ақ жолдың шетінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан болса, жаяу жүргіншілердің веложолмен жүруіне құқығы бар. Бірақ олар велосипедпен жүргендерге кедергі келтірмей, өткізіп жіберуі тиіс» делінген ІІД таратқан хабарламада.

Арнайы жол  ережесі бар

Копенгаген мен Парижде бар ереже бізде де бар. Бұған қалалық ІІД таратқан ақпарат дәлел. Аталған департамент өткен жылдың мамыр айында велосипедшілерге арналған жол ережесі барын еске салды. Оған сәйкес байсикл жүргізушілері рульден қолын алуына болмайды, тіпті бір қолымен де жүргізуіне тыйым салынады. Сонымен қатар жолаушылар тасымалдауға, ұзындығы 50 см-ден асатын, жүргізушінің еркін отыруына кедергі келтіретін жүк тасуына болмайды. Велосипед жолағы бола тұрып, автомобиль жолында қозғалу да заңға қайшы болып есептеледі. Бұдан бөлек, көлік жүргізушісі секілді велосипедті мас күйінде айдауға болмайды. Бұл тәртіп бұзылған жағдайда 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Осыған қарап-ақ, велосипедшінің көлік жүргізушісімен құқығы бір деңгейде екенін байқауға болады.

Сақтықта  қорлық жоқ!

Заң бойынша велосипедпен қозғалып бара жатқан адам жүргізуші болып есептеледі. Сондықтан оған мінгенде сақтық ережелерін сақтауды ұмытпаған жөн. Нақтырақ айтқанда, басыңызға қорғаныс бас киімін, яғни, шлем киюді әдетке айналдырған абзал. Апат айтып келмейді. Ал апатқа ұшыраған жағдайда бас жарақаты өзге дене жарақаттарынан қауіптірек.
Қорғаныс бас киімінен бөлек велоқолғап киюді ұмытпаған жөн. Адам қанша жерден тершең болмаса да рульді ұстағанда алақаны терлеп, ыңғайсыз­дық тудырады. Ал арнайы қол­ғаптар арқылы бұл қиындықтан құтылуға болады. Сондай-ақ, оқыс жағдай орын алып, жығылған кезде ең бірінші велосипедші жерге алақанын тірейді. Міне, осы кезде велоқолғап алақанның қатты жаралануы­нан сақтайды.
Бұдан өзге екі дөңгелекті көліктің алды-артына жарық түсіретін құрылғылар орнатып алған жөн. Себебі кешкі уақытта өзге жүргізушілер тез байқайтын болады. Арнайы жарық түсіретін құрылғылар арқылы жол апатынан сақтануға болады. Сондай-ақ веложүргіншінің киімі де ерекше болуы тиіс. Яғни, көлік шамы түскенде шағылысатындай ашық болғаны дұрыс.
Астана дамып келе жатқан жас мегаполистердің бірі. Осы қарқынмен жалғастыра берер болса алдағы уақытта елорданың да жоғарыда аты аталған Копенгаген секілді велоқала ретінде мойындалары сөзсіз.
Түптеп айтқанда, веложолдарды ұзартып, велосипедті көпшілік көлігіне айналдыра берген жөн демекпіз.

Аян ӘБДУӘЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button