Сұхбат

Видади САЛАХОВ: ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫР-ТАРИХЫ БIЗГЕ ДЕ ЖАТ ЕМЕС

Видади
Видади САЛАХОВ,Астана қаласы Әзербайжан диаспорасының жетекшісі, «Қазақстан–Әзербайжан» достығы ассоциациясының вице-президенті

Өзіңіз де білесіз, 2015 жыл ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан халқы ассамблея­сы жылы болып жарияланды. Сіздер бұл бастаманы қалай қа­былдадыңыздар?

– Алдағы жылдың «Қазақстан халқы ассамблеясы жылы» деп жариялануы орынды шешім болғанына дау жоқ. Неге десеңіз, бұл бастама ас­самблеяның 20 жылдығына сәйкес келіп отыр. Сәл шегініс жасасақ, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына ар­налған Қазақстан халқының бірін­ші форумында жариялаған болатын. Арада екі-үш жыл өткенде, яғни, 1995 жылғы 1 наурызында сол мақсат жүзеге асып, Қазақстан халқы ассамблеясы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы кеңесші орган ретінде құрылды. Содан бері бұл ұйым еліміздің тұтастығы мен бірлігі, мәдени әралуандылығы мен рухани дамуына өз үлесін қосып келе жатыр.

– Бұл ұйымның бүгінгі басты міндеттері қандай деп ойлайсыз?

– Біз, Қазақстан халқы, Елбасымыз айтқандай, ортақ тарих біріктірген біртұтас елміз. Тарихында талай дүрбелеңді бастан өткерген, ата-бабалары талай рет алтын дәурен құрған қазақ халқының тағдыр-талайы, расында, бізге жат емес. Қазақтың бұрынғы замандарда да мықты мемлекеттік құрылымдары болды. Онсыз хандар болмас еді. Ойлап көріңізші, қазақта мемлекет болмаса, Абылай хан қайдан шықты? Кенесары хан қайдан шықты? Мемлекет болмаса, олар қалай хан болар еді?.. Әрине, мемлекет болмай, хан болмайды. Хан болмай, мемлекет те болмайды. Сондықтан, Қазақстан халқының негізгі иесі – қазақ халқына біз де құрметпен қарауға тиістіміз. Біздің, дәл осы Қазақстандағы әзер­байжан диаспорасының тарихы қазақ тарихымен өткен ғасырдан бастап ортақтасады. ХХ ғасырда Қа­зақстанға әзербайжандар төрт рет депортацияланды, яғни, жер аударылды: 1905 жылы, 1920 жылы, 1937 жылы, содан кейін 1944 жылы. Осы төрт кезеңде 140 мың әзербайжан еркінен тыс қазақ топырағына қоныс аударып, қазақ халқымен отандас атаныпты. Қайырымды қазақ оларды сыртқа тепкен жоқ. Табиғатына сай кеңпейілділігін танытты. Бұл жа­ғынан түпкі тарихында тамырлас келетін әзербайжан диаспорасының өкілдері қазақ халқына қарыздар. Қазақстандағы басқа диаспоралар да сондай деп ойлаймын. Сол себепті Қазақстан халқы Ассамблеясының, яғни, осы ұйым төңірегінде жұмыс істейтін әртүрлі мәдени, ұлттық орталықтардың басты міндеті – Қазақстанның өсіп-өніп, гүлденіп, дамуына үлес қосу деп білемін. Соның ішінде, Президентіміз
Назарбаев айтқандай, Мәңгілік ел болуды көздеген «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыруға күш біріктіру. Бұл тұрғыда Ералы Тоғжановтың же­тек­­шілігіндегі Ассамблея хатшы­лы­ғы біздің қаламыздағы және барлық облыстардағы мәдени орта­­лық­тар­мен тығыз қарым-қатынас жасап жемісті жұмыстар атқарып жүр. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың
өзі де Ассам­блеяның ХХІ сессия­сының ашы­лу салтанатында ұйым­ның бас­ты міндеттерін шегелеп айтқан болатын.

– Кез келген адамға өзі туып, тұрып жатқан елге қызмет ету, сол елдің азаматтығына адал болу – талассыз міндет. Сол аза­маттық борышты өтеу үшін не істеу керек?

– Білесіз бе, қазіргі күні Қазақ­стандағы әзербайжандардың саны 300 мыңның төңірегінде екен. Яғни, әрбір екінші әзербайжан осы қазақ топырағында туған. Олардың бәрі Қазақстанды туған елім деп қарайды. Ол – тарихи шындық. Екіншіден, бұл елде біздің мәдениетімізді, тілімізді, дәстүрімізді дамытуға ешқандай да шектеу қойылып отырған жоқ. Мысалы, біз 2004 жылғы мамыр айынан бастап «Тұран-экспресс» газетін шығарып жатырмыз. Ол бүкіл республикамызға тарайды. Басқа да іс-шаралар өткізіп, Әзербайжан рес­публикасымен де тығыз байланыс орнаттық. Десек те, мен Қазақстанда тұрған соң, оның әр азаматы осы елге адал болуы керек деп есептеймін. Ел мүддесін бірінші кезекке қоюға тиіс. Соның ішінде, осы елдің тарихына құрметпен қарап, оның тілін, яғни, мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті. Мұнда, кез келген басқа елдердегідей, қала, ауыл, тіпті көше атаулары да мемлекеттік тілде жазылып, мемле­кеттік тілдің мәртебесі жоғары болуы керек. Өйткені, қазақтың кім еке­нін, оның бұрын қандай мемлекет бол­ғанын бүкіл әлемдегі саналы та­рих­­шылар, күллі түрік дүниесі бі­леді. Сондықтан, баршамыз тарихи ота­нын­­дағы тұр­ғылықты халықтың мүдде­сіне де құрметпен қарауға тиістіміз.

– 17 қыркүйекте ассамблеяның Астана қалалық өкілдігінің сес­сия­сы өтеді. Тілегіңіз?

– Қоғам болған соң күнделікті туындап отыратын мәселелер толастамайды. Сондықтан, әркез жаңа сессияда қосымша мәселелер қаралып отырады. Қазақстан халқы ассамблеясының Астана қалалық өкілдігіне төрағалық ететін Иманғали Тасмағамбетовті өз басым аса сезімтал, сергек тұлға деп білемін. Ол кез келген мәселеде ақылды шешім қабылдай алады. Алдағы өтетін ассамблея сессиясының жемісті болатынына сенімім мол.

 

Әңгімелескен:

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button