Қоғам

Виртуалды өмір: мүмкіндік пен қауіп

Бүгінгі таңда Астана жастары шынайы және виртуалды кеңістіктің тоғысында өмір сүруде. Цифр­лық технологиялардың дамуы мен интернеттің кеңінен қолжетімділігі жастардың күнделікті өміріне елеулі өзгерістер енгізді. Әлеуметтік желілер, онлайн білім беру платформалары, ойындар және киберспорт сияқты виртуалды әлемнің элементтері жастардың тұлғалық қалыптасуына, қарым-қатынасына және болашаққа деген көзқарасына әсерін тигізіп жатыр. Дегенмен бұл құбылыстың артықшылығымен қатар қауіпті белгілері де бар.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2024 жылғы дерегіне сәйкес, елімізде 100 мыңнан астам жастар онлайн курстарды аяқтаған. Әсіресе Астана қаласы – білім беру саласында цифрлық трансформацияның көшбасшысы. 2024 жылы елордада өткен «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбындағы тамыз форумы оқу үдерісін цифрландыру және жасанды интеллектті білім беру процесіне енгізу мәселелеріне арналды. Форум аясында жасанды интеллектті қолдана отырып жасалған цифрлық өнімдердің көрмесі ұйымдастырылған еді. Сонымен қатар Астана қаласының педагогтары үшін «Digital Kazakhstan: жаңа жағдайдағы цифрлық білім» атты қалалық тамыз форумы өтті. Бұл шарада ақпараттық-білім беру платформалары, мұғалімдердің цифрлық сауатын арттыру және цифрлық әлемдегі бала мен қоғамның өзара әрекеті сияқты тақырыптар талқыланды.

Әлеуметтік желілер елорда жастарының өзін-өзі таныту және шығармашылығын көрсету алаңына айналды. TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларда елордалық контент жасаушылардың саны күн санап артып келеді. Олар өз өнерін көрсетіп, миллион­даған көрермен жинап, жарнама арқылы тұрақты табыс тауып жатыр. Дегенмен әлеуметтік желілердің белсенді қолданылуы кейбір мәселелерді туындатып, шешімін шиеленістіріп жіберді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда жас интернет қолданушылардың кибербуллингке бе­йімділігі кейінгі 4 жылда 1 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш Астана жастары арасында өзекті болып отыр.
Кибербуллинг – цифрлық технологияларды пайдалана отырып қорқыту және қинау әрекеті. Ол әлеуметтік медиада, хабарлама алмасу қосымшаларында, ойын платформаларында және ұялы телефондарда орын алуы мүмкін. Қазақстанда жасөспірімдердің 17 пайызы буллинг құрбаны болғаны анықталды. Бұл мәселе бас қалада да өзекті болып, жастардың психологиялық денсаулығына кері әсерін беріп жатыр. Онлайн ойындар жастардың танымдық қабілетін дамытуға көмектескенмен, олар көп жағдайда уақытты тиімді пайдалануға кедергі келтіреді.
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы мәліметіне сәйкес, Қазақстандық жастардың 85 пайызы күніне кем дегенде 4 сағатты әлеуметтік желілерде өткізеді. Жасөспірімдердің шамамен 30 пайызы күніне 5-6 сағат уақытын ойындарға арнайды. Бұл олардың оқу үлгеріміне және денсаулығына кері әсерін беретіні сөзсіз.

Биыл Астана қаласында Ұлттық жасанды интеллект орталығының іске қосылуы – бас­ты жоспарлардың бірі. Ол жасанды интеллект саласындағы зерттеулердің негізгі хабы болмақ. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға елеулі үлес қосады. Мысалы, виртуалды ассистенттер арқылы азаматтар анықтамалар мен кеңес­терді ­тікелей ала алады.
Астана жастары үшін виртуалды өмір шексіз мүмкіндіктер ұсынғанмен, оны тиімді және саналы түрде пайдалану маңызды. Цифрлық сауатты арттыру, кибербуллингтің алдын алу және интернетке тәуелділікті болдырмау бағытында кешенді шаралар қабылдау қажет. Сонда ғана виртуалды кеңістік жастардың дамуына оң ықпал етіп, олардың болашағын жарқын ете алады.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button