Қоғам

Вокзал кезекшісі – Кербез

Елорданың ең көрікті әрі зәулім ғимараттарының бірі – «Нұрлы жол» вокзал кешенінде 180-ге жуық вокзал кезекшілері бар. Солардың тең жартысы – ару қыз-келіншектер. Темірдей тәртіпке бағынатын теміржолшы мамандығын таңдаған сондай әйелдердің бірі Кербез Қарашолақова аталған вокзалда анықтама бюросының кезекшісі болып еңбек етеді.

 Жетісу өңірінің жолаушылар пойыздары тоқтамайтын ауылында туған Кербез үшін бала кезден теледидардан ғана көретін пойызға міну арман болған екен. 19 жасында алғаш рет жолаушылар пойызына отырғанда Кербез кішкентайынан армандайтын теміржолшы мамандығын өмірлік кәсібім деп таңдауға нақты бекінеді әрі тек астанада еңбек етуді мақсат етеді. Сөйтіп, 2009 жылы елордаға келіп, алдымен Астана вокзалында теміржолдағы еңбек жолын бастайды.

– Ол кезде мына жаңа вокзал жоқ. Ескі вокзалға кезекші болып орналасып, 2018 жылға дейін кезекші, диктор, вокзал бас­тығының кезекші көмекшісі және анықтама бюросында қызмет атқардым. «Нұрлы жол» вокзал кешені ашылғанда тағы да арманым асқақтай түсіп, қазіргі әсем ғимаратқа қызмет ауыстырдым. Мамандық таңдау – өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Вокзалдағы ұжымым, біздің әр күніміз – қайнаған өмірдің ортасы. Күн сайын орташа есеппен мұнда 7564 жолаушы келіп кетеді екен. Солардың қайсысы қандай мәселемен келсе де, нақты, айқын, дұрыс ақпарат беріп, жөн сілтеу – біздің міндетіміз. Қабілетім мен бейіміме сай мамандығымды тапқаныма сондай ризамын. Халықтың ризашылығын көріп, алғысын алу – үлкен бақыт, – дейді Кербез теміржолшы.

Вокзалдың 4 қабатындағы күту залында орналасқан анықтама бөліміне күн сайын жан-жақтан ағылып келетін қазақстандық, тіпті шетелдік жолаушылар да түрлі мәселелер бойынша сұрақтарын қойып жатады. Оларға қай тілде болса да мүдірмей, толыққанды жауап беруге Кербез секілді тәжірибелі қызметкерлер әбден төселген.  Өзге елден келгендермен емін-еркін сөйлесе алу үшін вокзал кезекшілері тегін ағылшын курсынан өтеді. Бүгінде көпбалалы ана Кербез үй мен түздің жұмысын қатар алып жүр. Себебі жайлы отбасы, өзі сүйіп істейтін мамандығы, тату-тәтті ұжымы бар. Мыңдаған адам келіп кететін мынадай әдемі ғимаратта барлық теміржолшы арулар еліміздің, елордамыздың бет-бейнесі іспетті болғандықтан, үнемі сымбатты болып жүру үшін спортты серік етеді. Бала кезінде каратэмен және бимен шұғылданған Кербез үшін бұл жағынан да еш қиындық жоқ. Ол алдымен, өзінің халықпен жұмыс істейтінін, екіншіден, әдемі болмасқа амалы жоқ әйел екенін естен шығармайды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button