Қоғам

Волонтердің бірыңғай дисконт картасы

Алдағы «Волонтерлер жылында» еріктілерге арналған бірыңғай дисконт-карта енгізілуі мүмкін. Соның көмегімен волонтерлер мәдениет және спорт нысандарына жеңілдікпен кіре алады. Бұл туралы кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қалалық әкімдік пен Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен өткен «FROM KZ» халықаралық жастар форумында мәлім болды.Жиында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Жастар жылына орай жас елордалық­тардың білім алуына, жұмыспен қамты­луына, сондай-ақ өз-өздерін дамытуына бағытталған бірқатар жобаның жүзеге асқанын жеткізді.
– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында биыл 25 жас кәсіпкерге – 75 млн теңге, ал «Жас кәсіпкер» санаты бойынша 110 млн теңге бөлінді. Бас-аяғы 220 адам өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, әлеуметтік қорғау шараларымен 5086 жас қамтылды. Көпбалалы отбасыдан шыққан 263 балаға Нұр-Сұлтан мен еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында оқуға білім гранты тапсырылды. Сол сияқты биыл жұмыс істейтін жастарға арнап алғаш рет 1050 пәтер 5 жылға сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Бұл бағдарлама алдағы үш жылға жалғасады, – деді ол.
Мұнымен қоса қала әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп жария­лағанын тілге тиек ете келе:
– Астанадағы 245 жастың 82 мыңы студенттер болып саналады. Биыл ЖОО-ларда волонтерлікпен айналысатын 800-ден астам студентке қосымша 20 мың теңге сыйақы қарастырылып отыр. Келесі жылы бұл квота 50 мың теңгеге дейін көтеріледі, – деді.
Еріктілерге қатысты жаңа мүмкіндіктер жайлы ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев та тоқталды:
– Жуырда өткен «Social Assembly» республикалық форумында белсенді жастар алдағы жылға байланысты өз ұсыныстарын айтты. Солардың бірі – әр өңірлердегі Достық үйі базасында Волонтерлік қозғалыс орталықтарын құру. Сондай-ақ ҚХА сайтында «Qadam» атты танымдық бөлім ашып, онда волонтерлік қызмет үшін пайдалы болатын контентті орналастыру да алдымызға қойылған мақсат болып отыр. Бұдан басқа, әлеуметтік жұмыс­тарды атқару үшін Жас әлеуметтік кәсіпкерлер мектебін құру идеясы ұсынылды. Ал ең маңыздысы ретінде волонтерлерге арналған бірыңғай дисконт-картаны енгізу бастамасын айтқым келеді. Сол арқылы еріктілер еліміздегі спорт және мәдени нысандарға жеңілдікпен кіру мүмкіндігін алар еді, – деді Ж.Түймебаев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button