Ел тынысы

Волонтерлер қала тұрғындарына көшеттер сыйлады

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экоерікті студенттері қаланы көгалдандыруға өз үлестерін қосуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

ЖОО белсенділері «Жапырақ жүрек – жас маман» акциясына бастамашы болып, елордалықтарға көшет сыйлады.

Бүгін ЕҰУ эко-еріктілері «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында Алматы ауданының тұрғындарына 400 көшетті тегін таратты. Астаналықтар өздерінің тұрғын алабына қарағаш, терек, сирень тәрізді ағаштарды отырғыза алады.

«Елордалықтарға көшет сыйлау акциясын біз «Жапырақ жүрек – жас маман» деп атадық. Мұндағы негізгі мақсат – жастардың өз еліне, қаласына, қоғамның өркендеуіне үлес қосу. Көшеттерді алған қала тұрғындары оларды өздері тұратын ауданға отырғызып, сол арқылы экологиямызды жақсартады деп сенеміз», – деді ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Ләзат Нұрқатова.

ЕҰУ студенті Бектемір Кеңестай көлік және энергетика факультетінде білім алып жүр. Ол жастар экологиялық акцияларға белсене қатысып, қаланы көркейтуге үлес қосуы тиіс деп есептейді.

«Экология әр адамнан басталады. Бұл – біз тыныс алатын ауа, біз ішетін су және жейтін тамақ. Мұны ойдан шығармаған жөн», – дейді ЕҰУ студенті.

ЕҰУ студенті Лаура Дәулетова да акцияға атсалысты. «Таза табиғатты сақтау біздің өмір салтымызға тікелей әсер етеді, сонымен қатар бұл әркімнің өз Отаны алдындағы борышы және жақсы өмір сүруінің кепілі», – деді ол.

Бүгін акция аясында ЖОО аумағын тазарту жүргізіліп, ректор, проректорлар, факультет декандары, оқытушылар мен студенттер көшет отырғызды.

Айта кетейік, жалпы «Таза Қазақстан» акциясы барысында ЕҰУ студенттері, оқытушылары және қызметкерлері Астана қаласында 10 мыңға жуық көшет отырғызып, қалалық және университет көлеміндегі сенбіліктерге қатысты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button