Басты ақпаратҚоғам

Волонтерлік – ізгілікке бастайтын қадам

Бүгін – халықаралық волонтерлер күні. Соңғы жылдары елімізде еріктілер қозғалысы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, жастардың волонтерлік қызметке қызы­ғушылығы арта түскен. Астана қаласында бүгінгі таңда 50-ге жуық волонтерлік ұйым жұмыс істейді.

БҰҰ Бас ассамблеясының бастамасымен жыл сайын 5 желтоқсанда Халықаралық волонтерлер күні атап өтіледі. Бүгінде елімізде қарқынды түрде дамып, мемлекеттік деңгейде мән беріліп келе жатқан волонтерлік қызметке жастар көп қызығады. Әсіресе бас қалада ерікті түрде Астананың рухани дамуына, өркениетті орта қалыптастыруда жақсылық жасап жарысып жүрген елордалық еріктілердің ерлігі ерекше. Қалада жалпы саны 50-ге жуық волонтерлік ұйым мен қозғалыс жұмыс істейді.

Дамыған әрі дамушы мемлекеттерде жас­тардың әлеуеті мемлекеттік іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсенді пайдаға асады. Кей елдерде волонтерлік қозғалыстың дамығаны соншалық, тіпті волонтерлік корпорациялар құрылып, көздеген мақсаттарға тез әрі оңай жетуге мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибе бірқатар елдерде волонтерлік қозғалыс жастар үшін нақты әлеуметтік лифт болғанын көрсетті. Біздің де өз елімізде осындай жағдай жасауға тиіс екеніміз – уақыт талабы.

Қоғамда белсенді азаматтар бастамашыл топтарға жиналып немесе үкіметтік емес ұйымдарға қосыла отырып, балалар үйлеріне, арнайы медициналық мекемелерге немесе мұқтаж жандарға ерікті түрде көмектеседі. Қарт адамдардың үйінде тазалау, жинау жұмысын жүргізіп, жасыл экологияға атсалысып, тазалықты сақтауға, ағаш отыр­ғызуға белсенді қатысатын топтар да бар. Ағартушылық, салауатты өмір сүру бағытында да қызмет ететін қозғалыстар жетерлік.

Ал жастарға тегін жұмыс істеу не үшін қажет? Әдетте еріктілердің белгілі бір әлеуметтік немесе қоғамдық міндеті болады. Жастар мұндай ауқымды іс-шараларға әрине, қызығушылық таныту арқылы ғана жұмылады. Көбіне көп еріктілер ірі спорттық, бұқаралық оқиғаларға, мүгедек жандарға көмек қолын созу, жастарға арналған фестивальдер сынды іс-шараларға қатысады. Олар осы волонтерлік арқылы қоғамдағы түрлі қызықты оқиғаларға куә болады. Одан бөлек туристер, жаңа таныстар, концерттер мен қойылымдарды тегін көру, оқиға ортасында жүріп, бәрінен хабардар болу, тегін тамақтану сынды факторлар жастарды қызықтырса, әлеуметтік іс-шараларда студенттер, жасөспірімдер жүрек қалауымен, мұқтаж адамға қол ұшын созу мақсатында атсалысады.

Қайырымдылық жасау үшін қалтаңның қалың болуы міндетті емес. Ол үшін жүрегің кең болса, жеткілікті. Қазіргі кезде еңбек етіп, тапқанымен бөлісіп, жомарттық танытып жүрген отандастарымыз баршылық. Бас қаладағы волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстар арасында әлеуметтік осал отбасыларға қолдау көрсететін «Клуб добряков Астаны» сияқты көшбасшылармен тиімді жұмыс жолға қойылды. «Волонтеры Астаны LIDER.KZ» жоғалған адамдарды іздеу үшін құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып жұмыс істеп жүр. Сонымен қатар «Біз таза ел үшін» қозғалысы экология мәдениетін насихаттайды. Ал «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы базасында төртінші жыл Волонтерлер жылы шеңберінде және 2021-2023 жылғы волонтерлікті дамытудың Жол картасын орындау аясында қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Тұрақты түрде 30 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 4 ҮЕҰ-мен бірлесе қызмет атқаруда. Штабта 5 мыңнан аса белсенді волонтер бар.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы волонтерлер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Айзат Әли ұйым құрылғалы бері волонтерлік қызметті дамытуға, жастар арасында волонтерлерді оқытуға және ресурстық көмек көрсетуге басымдық беретінін айтады.

– Қоғамның ілгерілеуін волонтерлік қозғалыстың белсенділігінен байқауға болады. Соңғы жылдары жас буын осы қызметке қызығып, өз еркімен еріктілер қатарына қосылып жатады. «Астана жастары» волонтерлік қозғалысындағы волонтерлердің орташа жасы 15-16 жасты құрайды. Бұл – жастар уақытты пайдалы өткізуге, жаңа дос, тың әсер алуға және қоршаған ортаға қолғабыс көрсетуге тырысатын кезең. Ал қалалық волонтерлер штабы жобасындағы волонтерлердің орташа жасы 30-дан басталады. Мұндағы волонтерлер санаты қоғамға көмектесу, табиғатты қорғауға жұмылады. Негізінен, мектептің жоғары сынып оқушылары, колледж, университет студенттері имидждік іс-шараларды ұйымдастыруға дем береді.

Волонтер болғысы келетіндер саны артып келеді. Бірі шын пейілімен өзгелерге көмектес­кісі келеді, енді бірі жаңа орта табуға ұмтылады, уақытын тиімді өткізгісі келеді. Жастар event-волонтерлік, әлеуметтік волонтерлік, eco-волонтерлік және адамдарды іздеу секілді бірнеше бағытта жұмылдырылады. Дәлірек айтқанда, event бағыты халықаралық деңгейдегі жиындарға арналса, кейінгісінде жастар әлеуметтік маңызы бар бастамаларда қызмет етеді. Ал eco бөлімінің еріктілеріне табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғау міндеті тапсырылады. Із-түссіз жоғалған жандарды да табуға көмектеседі» деді волонтер.

Бүгінгі таңда волонтерлік ұйымдармен бірлесіп «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem» және т.б. жобалар аясында 1000-нан астам акция өткізілді. Астаналық еріктілер қалалық және республикалық деңгейде ғана емес, халық­аралық іс-шаралардан да қалыс қалмайды. Мәселен, форум, концерттерде аудармашы, гид, ұйым­дастырушы, топ имиджі, тағы басқа да позицияларда жүріп қолғабыс етеді. Ел басына күн туып, төтенше жағдай бола қалса, үнемі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірінші болып жәрдемдеседі. Сондай-ақ Полиция департаменті, ТЖД-мен бірлесіп газдандыру туралы халықты ақпараттандыру, жылыту маусымы мен көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары, шомылу маусымындағы мінез-құлық ережелері, халық санағы мәселесі бойынша халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді және есірткі сату туралы мәліметтері бар қабыр­ғаларды бояуға көмектеседі.

Жас талғамайтын қызмет үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді белсенді насихаттайды. Ерікті қызмет болғанымен, волонтерлерге де талап қойылады. Волонтерлік қозғалысқа қосылғысы келетіндер адамға рухани және материалдық зиянын тигізбеуі тиіс. Халық­аралық деңгейде өтетін жобаға волонтер шет тілін білгеніне маңыз беріледі. Волонтерлік қызметті жүзеге асыратын адам көпшіл, қарапайым, адамдармен тез тіл табысатын болғаны жақсы.

P.S: Адамгершілікке негізделген жанашыр істер елорданың келбетін жақсартатыны сөзсіз. Елде волонтерлік қызметті ақысыз жұмыс демей, абыройлы міндет, жаңа бастамаға жол ашатын қадам деп қарайтын жастардың қатары көбейіп келетіні қуантады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button