Учаскелік дәрігердің үш артықшылығы
Соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесінде салалық мамандарға бармас бұрын учаскелік дәрігерге міндетті түрде жүгіну қажеттілігі жиі талқылануда. Алғашқыда бұл процедура медициналық көмекке қолжетімділікті қиындататын сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл шешімнің бірнеше маңызды себептері бар.
Айгүл Абдрахманова – елордалық тәжірибелі дәрігер, Астана қаласы № 4 емхана жанындағы № 3 Отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі. Оның жетекшілігімен атқарылатын жұмыстардың негізгі мақсаты – профилактикалық шаралар мен амбулаторлық емдеуді ұйымдастыру. Әңгіме барысында білікті маман жалпы учаскелік дәрігердің үш артықшылығын айтып берді.
Біріншіден, учаскелік дәрігердің қызметі маңызды.
Ол науқастың ауру тарихын, яғни созылмалы ауруларын біледі, қажетті зерттеулер мен талдауларға жолдама бере алады. Егер қажет болса, шұғыл госпитализация немесе күндізгі стационарлық емдеуді ұйымдастыруы мүмкін. Бұл салалық бейінді мамандарға уақыт үнемдеуге және диагнозды жылдам қоюға мүмкіндік береді.
Екіншіден, салалық мамандардың жүктемесін азайтады.
Көп жағдайда науқастар өз жағдайларын дұрыс бағаламай, салалық маманға жүгінеді. Ал бұл мәселе бастапқы медициналық көмек деңгейінде шешілуі мүмкін. Учаскелік дәрігерге жүгіну арқылы жүйенің ресурстары тиімді пайдаланылады, мамандардың кезек күтімі қысқарады, ал науқастар нақты көмек алады.
Үшіншіден, кешенді ем алу мүмкіндігі.
Учаскелік дәрігер – науқастың емдеу жоспарының үйлестірушісі. Ол талдаулардың қайталануын болдырмай, бірнеше маманның көмегін үйлестіре алады. Сонымен қатар, диспансерлік бақылауда тұрған науқастардың жағдайы тұрақты қадағалауда болады, қажет жағдайда салалық маманға жолдама беріледі.
«Көпшілік арасында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры емханаларға әр қабылдау үшін қаржы бөледі деген түсінік қалыптасқан. Алайда учаскелік дәрігердің қабылдауы әр ай сайын белгіленген нормативке сәйкес жүргізіледі, ал оның саны қаржыландыруға түк әсер етпейді» дейді Айгүл Абдрахманова. Оның айтуынша, емханаларда учаскелік дәрігердің жолдамасын қажет етпейтін де жағдайлар бар. Егер шұғыл және жедел жарақат алған жағдайда, стоматологиялық көмек кезінде, дерматовенерологиялық және онкологиялық аурулар бойынша, динамикалық бақылауда болған науқастарға жоспарлы тексерулер кезінде жолдама қажет емес. Сонымен қатар, жүкті әйелдер акушер-гинекологқа тікелей жүгініп, жастар денсаулық сақтау орталықтарына бара алады. Осылайша, денсаулық сақтау жүйесі қажетті жерде икемділік танытып, науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ