Әлеумет

Учаскелік инспекторыңыз кім?

Түн ішінде көршілеріңіз шулап мазаңызды алса, үй ауласында төбелес шықса, басқа да тәртіп бұзылғанда бірден учаскелік инспекторыңызды іздейсіз. Көпқабатты тұрғын үйіңіздің кіреберісінде аты-жөні мен телефон нөмірі тұрған тәртіп сақшысына соғып, араша сұрайсыз. Солардың бірі – Астана қаласы Полиция департаментінің Сарыарқа аудандық Полиция басқармасы жергілікті полиция қызмет бөлімінің №86 учаскелік полиция пункті жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторы Аманғали Төлепов.

Қоғамдық тәртіп пен тұр­ғындар қауіпсіздігі – құқық қорғау органдарының ішінде учаскелік полиция инспекторларының тікелей қызметі. Рolisia.kz сайтының мәліметі бойынша елімізде полицияның 3 мыңға жуық учаскелік пункті жұмыс істейді. Сол пункттерде 7 мыңнан астам учаскелік полицей қызмет етсе, соның 3,9 мыңы қалаларда, 3,4 мыңы ауылдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Кішіпейіл және ұқыпты олар өзіне бөлінген аумақтағы тұрғындардың тыныштығын күзетіп, сыртынан бәрін бақылап жүреді. Тұрмыс­тық дау және ішімдік ішкендердің жанжалын тарқатып, ауыр қылмыстардың алдын алады. Олардың міндетіне өзіне бөлінген учаскеде бұзақылық, төбелес, вандализмді болдыр­мау, тұраққа көлік қою ережелерін сақтау және басқа да тәртіпті қадағалау жатады. Сонымен қатар тергеуде жүрген, жақында түрмеден шыққан, психикалық ауруы бар адамдарды бақылауда ұстау, қажеттілік туындағанда ауланы, үйлердің кіреберісін және басқа да күдікті орындарды тексеру де оның міндеті. Соған қоса жылына бір рет суық қаруы бар адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексереді, құқықтық тәртіп жағдайы туралы тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында олармен есептік кездесулер өткізеді. Учаскелік инспектор мемлекеттік билік өкілі ретінде, егер оған күдік тудырған болса, азаматтардың жеке куәлігін тексеруге, тыйым салынған заттарды тәркілеуге, құқық бұзушыларды полиция учаскесіне жеткізуге құқылы.

Осындай міндеттер арқалаған Аманғали Мағзұмұлының да құқық қорғау саласында қызмет етіп жүргеніне 17 жыл болған. Қостанайдың тумасы 2011-2015 жылдары Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын тәмамдап, 2016-2018 жылдары Орталық Қазақстан академиясында «Заң ғылымдарының магистрі» атағын алады. Еңбек жолын 2015 жылы Ақмола облысы Целиноград аудандық пробация қызметінің инспекторы болып бастаған. 2017-2021 жылдары пробация қызметінің аға инспекторы болып еңбек еткен. Елордаға 2021 жылы келіп, Астана қаласы Полиция департаменті Сарыарқа аудандық ПБ ЖПҚБ № 65 УПП учаскелік полиция инспекторы болса, былтырдан бері қазіргі қызметінде.

– Бүгінгі таңдағы қыз­ме­тіме учаскелік полиция ­инспекторларына бағыт-бағ­дар беру, жұмысын ұйым­дастыру, заң аясында шешім қабылдау жатады. Өз тәжірибемде ұрлық, ­алаяқтық, есірткі заттарын пайдалану және тарату фактілерін анықтадым. Жалпы учаскелік инспектор ҚР ІІМ №1095 бұйрығы бо­йынша жұмыс істейді. Басты мақсатымыз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтармен тығыз байланыс орнату арқылы қоғамда сенім мен тәртіп орнату.

Әрбір азаматтың проблемаларына назар аударып, олардың шешімін табуға көмектесеміз, ашық диалог құру арқылы құқық бұзушылықтың алдын алуға, әлеуметтік мәселелерді уақытылы шешуге және қоғамда тәртіпті күшейтуге бағытталған көптеген іс-шараға атсалысамыз, – дейді А.Төлепов.

2025 жыл ішкі істер саласында «Профилактика жылы» деп аталды. Соның аясында алдын алу іс-шараларын өткізуге ерекше көңіл бөлінеді. Күн сайын таңғы сағат 8:30-дан кешкі 22:00-ге дейін осы міндеттерін атқаратын учаскелік инспекторлар кей жағдайда өз өмірін қауіп-қатерге тіксе де, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

– Азаматтарға көзге көрініп тұрған қылмыстардан бөлек былайғы уақытта байқалмай жасалып жатқан қаншама заң бұзушылық бар. Біз солармен күн сайын кездесеміз. Мәселен, жиі кездесетін қылмыстарға ұрлық, алаяқтық, интернет-­алаяқтық, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, бұзақылық, тонау жатады. Көбі отбасындағы жанжал барысында туындайды, яғни әйеліне қол көтеретіндер көп. Одан басқа әкімшілік құқық бұзушылықтар, атап айтқанда, отбасы-тұрмыс қатынастары аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, ұсақ бұзақылық, алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға мас күйде келу, жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіру, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру фактілері де жиі болады, – дейді полиция инспекторы.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button