Әлеумет

Whatsapp туралы не білеміз?

Қазіргі ХХI ғасырда алыстағы ­ағайын-туыспен тілдесу үшін ұялы ­телефонды пайдаланамыз. Соның ішіндегі WhatsApp бағдарламасын қолданбайтын жан жоқ шығар. Ал біз сол WhatsApp ­туралы не білеміз?

[smartslider3 slider=1584]

WhatsApp бағдарламасын ең алғаш 2009 жылы Ян Кум мен Брайан Эктон жасаған. Аз уақыт ішінде қолданушылар саны көбейіп, әлемге тез танымал болды. 2012 жылы сәуірдегі ресми ақпарат бойынша бағдарлама көмегімен күн сайын 2 млрд хат жіберілсе, тамыз айында 10 млрд-қа жеткен. Сонымен бірге Apple дүкенінде 121 елдегі ең көп жүктелген қосымша ретінде танылды. 2014 жылғы ақпанның 19 жұлдызында Facebook WhatsApp-ты 19 млрд АҚШ долларына сатып алған болатын. Бағдарлама 2016 жылы 2.16.12 нұсқасымен қауіпсіздік шарасын қолға алды. Қосымшада фото, видео мен дыбыстық хабарламалар секілді хаттың барлық түрі тарайды.

WhatsApp – қазіргідей «уақыт жоқ» замандағы хабарласудың, әңгіме айтудың тиімді жолы. Бірақ бұл тиімділік бізге зардабын тигізбей қоймайды. Әлеуметтік желіге 5 минутқа кіре қалсаң, сағаттап отырасың. Олар, ең біріншіден, жасөспірімдердің психологиясына кері әсерін тигізеді. Екіншіден, еріншектікке алып келеді. Неге десеңіз, сөздермен емес, смайлик арқылы сөйлесуді әдетке айналдырып алады. Сөзбен жазып түсіндіруге болатын эмоцияларды бір-ақ смайликпен көрсетеді. Яғни бұл әлеуметтік желі мәдениетті сөйлеуден ғана емес, мәдениетті ойлау мүмкіндігінен де айырады. Желіде ауызекі тілде қолданылатын сөздермен сөйлейді. Мәселен, «не істеп жатырсың?» деп жазудың орнына «не істеп?» немесе «нестеватсын?» деп өзгертіп жазады. Тіпті қысқа ғана «өзің» деген сөзді «өз» деп жазып жатады. Бұл уақыт өте келе дағдыға айналады. Онымен қоса, әлеуметтік желіде қазақша әріптерді қолданатындар бірен-саран. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Ел болашағының тұтқасын ұстайтын мына біз мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде сауатты жазатын болсақ, болашаққа қарай үлкен үмітпен, сеніммен қадам басамыз. Ал заман-заман деп заман ағымында кете беретін болсақ, онда құрығанымыз.

Тағы бір ескеретін жайт, жалған ақпараттың таратылуы. Еліміздегі індеттің өршіп тұрған уақытында көптеген хаттар таратылып, біраз адамның үрейін ұшырды. Заң бойынша ол хатты жазған адам жазалану керек болса да, біз білмейтін сансыз хаттардың бар екенін білеміз. Көптеген конкурстар, тегін ақша таратылады сынды мәліметтерді де көп кездестіреміз. Әр адамның қабылдау жүйесі әртүрлі болғандықтан, әр нәрсеге абай болу қажет.

Ғылым мен техника дәуірінде өзіміз қолданып жүрген қосымшалар жайлы біліп, олардың өмірімізге қаншалықты әсер етіп жатқанын ескере жүргеннің зияны жоқ.

Ақсәуле БАЙҒАЗЫ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button