Қала тіршілігі

ЯКОБ ФИШЕР – ТУҒАН ЕЛІНДЕ

f999c65252eb2051d498ebef83ad6edc

«Возрождение» немістер қоғамының, Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Бейбітшілік және Келісім жол картасы» мега-жобасының аясында белгілі мәдениеттанушы, тарихшы-этнограф, публицист әрі қоғам қайраткері Якоб Фишердің шығармашылық кеші өтті.

«Отаным – Қазақстан, туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы, қазақша атым – Жақып» деп таныстырған Якоб Фишер кешке жиналғандарды қазақы мінезімен бау­рап алды. Ол қазақ әндерін, әсіресе, Шәмшінің шығармаларын нақышына келтіре орындайды екен. Қазақ топырағында дүниеге келген ғалым қазақ тілін меңгеру арқылы оның мәдени болмысы мен жан дүниесін танып, салт-дәстүрін жете түсінгенін айтты. Көп жылдар бойы Теміртау қаласындағы, кейіннен Алматыдағы неміс театрларында қызмет еткен Якоб 1990 жылдары тарихи отаны – Германияға көшіп кеткен еді. «Осында, мәдениет сарайы мен театрларында талай рет өнер көрсеткен едім. Қала көшелерін аралап көріп, таң қалдым. Қала қатты өзгеріпті, адам танымас­тай көркейіп кеткен. Тек біздерді туғанындай құшақ жайып қарсы алатын халықтың ақ жарқын көңілі өзгеріссіз, сол күйінде қалыпты» деп, гастрольдік сапармен Арқа жерінде болған күндерін еске алды.

– Кеңестер кезінде көп нәрсеге тыйым салынғандықтан, немістер өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуды ғана армандаған еді. Осы орайда, Қазақстандағы мәдениет пен тілдің сақталуына жасалып жатқан ұлттық саясат мені тамсандырады, – дейді ғалым.

Фишер мырза қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанның экономикасына, сыртқы саясаты мен мәдениетіне еуропалықтардың үлкен құрметпен қарайтынын жеткізіп, осы екі халықтың мәдени байланысының жалаугері болып жүргенін мақтаныш тұтады. Ол Еуропада этникалық немістердің тағдырымен таныстыратын «Халық жолы: КСРО/ТМД немістерінің тарихы және қазіргі өмірі» атты жылжымалы көрмені тұрақты түрде өткізіп келеді. Оның сөзінен қазақ топырағынан ірге ажыратқан немістердің ескі жұртына сағынышы әлі де басылмағанын білдік. Қазақстаннан Германияға қоныс аударған 1 млн 300 мыңға тарта немістің қазақ жеріне ыстық ықыластарын суытпай, елдегі жаңалықтарға құлақтарын түре жүретіні сондықтан екен.

Ұлтаралық татулыққа сына қаққысы келгендерді заң бабымен жазалайтын қазақ елі татулық пен достықтың туын желбіреткендерді құрметпен қарсы алып, төріне шығарады. Астана төріндегі жылы кездесу де тәуелсіз Қазақстанның ұлт саясатындағы ұстанымының нәтижесінде жүзеге асты. Туған жеріне сағынып жеткен неміс жамағайынмен өткен кездесуде біздің қоғамдағы бейбітшілік пен бірлік – «өркениетті» дейтін Еуропа елдерінің де қолы жетпеген биігі екенін ойладық.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button