Ым-ишара тіліне үйретілді
«Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қолдауымен 2024 жылдың сәуір айынан бастап «Ым-ишара – әлеуметтік инклюзияға жеткізетін көпір» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде әлеуметтік маңызды жобаны іске асырды.
Жобаның мақсаты – Томатис-терапиясын өткізу және тіл дамуы мен психомоторлық дамуында тежеулері бар және назар тапшылығы мен гипербелсенділікке шалдыққан балаларды ым-ишара тіліне оқыту арқылы қарым-қатынастық дағдыларды дамыту және инклюзивті орта құру болып табылады. Жоба шеңберінде«ерекше» балалар мен олардың отбасыларының проблемалары туралы қоғамның хабардар болуы арттырылды, психологтар мен педагогтарға, дефектологтар мен логопедтерге, тәрбиешілер мен әлеуметтік қызметкерлерге және мүгедек балалардың ата-аналарына арналған тренингтер өткізілді. Тренингтерді халықаралық деңгейдегі нейропсихолог Мартемьян Фортунатов жүргізді. Білікті маман ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар және ата-аналармен өз тәжірибесімен бөлісті. Мамандардың, балалар мен ата-аналардың бірлескен жұмысына ерекше назар бөлінді. Жоба қорытындысы бойынша 150 бала «Томатис-терапия» курсынан өтті, 20 бала ым-ишара тіліне үйретілді және 100-ден астам маман біліктілігін арттыру үшін тренингтерге қатысты. Барлық қызметтер тегін ұсынылды.