ӘлеуметҚала тіршілігі

Ынта болса, жұмыс бар

Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының тағы үш өкілдігі ашылды. Бұл пункттер «Аружан», «Рахмет» және «Астықжан» сауда үйлерінде орналасқан. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін жаңа пункттердің жұмысымен біз де танысып қайтқан едік.

013

Бос орын – 3 мың

Сауда үйлердің бірінші қабатында орын тепкен мобиль­ді өкілдік шағын кабинетке ұқсайды. Келушілерді мұнда Жұмыспен қамту орталығының маманы қа­был­­дайды. Оның қолында Астанадағы бос жұмыс орын­­­дарының базасы бар. Тізімдегі вакансия саны бү­гінде үш мыңнан асады. Өзіне қажетті мамандық бойынша жұмыстың бар-жоғын кез келген адам біле алады. Осы жерде жұмысқа жолдама да беріледі. Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омардың айтуынша, қоғамдық орындардағы бұл пункттер жеті күн бойы сағат таңғы 10.00-ден сауда орны жабылғанша дейін ашық тұрады. Астаналықтар мамандар көмегіне түскі үзіліс кезінде де жүгіне алады.
– Бұл жоба жұмыс із­деп табудың машақатын жеңілдетуді көздейді. Халық қарасы көп жиналатын жерде өкілдік құрудың тиімділігі зор. Оны тәжірибе көрсетіп отыр. Мәселен, бұдан бұрын дәл осындай өкілдіктерді біз «Астаналық» базары мен «Гүлжан» СҮ-де аштық. Статистика бойынша екеуіне жыл басынан бері 1 834 адам келген. Оның 355-і тұрақты жұмысқа орналастырылды, 72-сі жастар практикасына жіберілді. 44 адам кәсіби оқыту және қайта даярлау курстарына жазылып үлгерді, – дейді Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар.

Іздегенге жұмыс табылады

Ашылғанына бірер күн ғана болған жаңа өкілдіктерге қызығушылық танытқандар аз емес. «Жұмыс іздеп жүрсің бе? Сұранысқа ие мамандық иесі болғың келе ме? Жастар тәжірибесінен өткің келе ме? Кәсіптік бағыт-бағдар алуды қалайсың ба? Әлеуметтік жұмыс орындары туралы не білесің? Бізге кел!» деген жазу­лар алыстан көз тартады. Дүкен аралап жүргендердің өзі еріксіз тоқтап, мобильді пункт қызметімен танысып жатты.
«Жанынан өтіп бара жат­қан соң соға кеттім. Негі­зі жұмысым бар. Бірнеше ай бойы жұмыссыз жүрген бір-екі танысым есіме түсіп, есепші, мұғалім маман­дық­тары бойынша бос орын­­дарды сұрамақшы бол­­дым. Қызметкер маған қан­шама мекеменің, мектеп, колледждердің атын атай бастады. Таңғалдым. Астанада жұмыс жетеді екен ғой… » дейді Айжан есімді бойжеткен.
Ал өзін Арайлым Камалиева деп таныстырған азаматша кеңсе қызметкері, менеджер, іс жүргізуші секіл­ді жұмысқа орналассам дейді. Ол Жұмыспен қамту орталығының маманы Динара Шерхан берген сауалнаманы толтыра бастады. Білім деңгейі – жоғары, диплом бойынша мамандығы – эколог. 10 жылдан артық полиция қызметінде жұмыс істеген екен. Орталық маманы Арайлымның сұрауына сәйкес келетін бірнеше жұмыс тауып, өзі таңдаған жеріне жолдама жазып бер­ді. Өйткені жұмыс таппай жүрген адамдар ендігі кезекте тиісті орындарды таңдап-талғауға мүмкіндігі бар екен. Кейбіреулер үйінің жанынан жұмыс тапқысы келеді, енді бірі жұмыс кестесі жарты күн болғанын қалайды. Әрине, «екі қолға бір күрек табылса шүкір» деп, кез келген жұмысты місе тұтатындар да жоқ емес.
«Біз тұрақты қоғамдық жұмыстарды ғана ұсынамыз. Жұмыс іздеушілердің қа­лауына дөп келсе, бірден жолдама жазып береміз. Жоғары білімі бар, диплом алғанына үш жылдан аспаған, жұмыссыз жүрген түлектерге «Жастар тәжірибесінен» өтуге кеңес береміз. Мәселен, бүгін ғана Қазақ гуманитарлық заң университетінің түле­гі жолықты. Заңгер маман­дығы бойынша жастар тәжіри­бесінен өтуге орын бар екенін айтып, Жұмыспен қамту орталығына жібердім» дейді жұмыспен қамту бөлімінің қызметкері Динара Шерхан.
Оның айтуынша, бүгінде «ЭКСПО-2017: Бо­лашақ энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрме­сінің қарсаңында жұмыссыз азаматтар үшін «гид-экс­курсия жетекшісі» маман­дығы бойынша қайта даярлау курсына жазылу жүріп жатыр. Оған ағылшын тілін жетік меңгерген, орта-арнаулы немесе жоғары білімі және тұрақты қалалық тіркеуі бар адамдар қатыса алады.

Көмегі көп орталықтар

Жалпы, қазіргі таңда елордада Жұмыспен қамту орталығының 5 өкілдігі бар. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясындағы белсенді шараларды қолдану нәтижесінде Астана қаласындағы жұмыссыздық деңгейі Қазақстан бойынша ең төменгі – 4,7% көрсеткішін сақтап тұр.
– Жыл басынан бері 8 897 адам Жұмыспен қамту орта­лығының көме­гіне жүгін­ді. Олардың 6 404-і жұмыспен қамтылып отыр. 474 адам жастар тәжірибесіне жіберіліп, олардын 300-і алғашқы тәжірибесін жинақтап, 180-і жұмысқа қабылданып қойды. Яғни, жастар тәжірибесін тәмамдағандардың 60%-ы тұрақ­ты жұмысқа орналасқан.
Ал «Аумақтарды дамыту» бағдар­ламасы бойынша 442 адам мамандарды даярлау және қайта даярлау қысқа мерзімді тегін курстарға қатысып, қазіргі таңда олардың 314-і аталған курстарды тәмамдап, сұранысқа ие – электрик, аспаз, шаштараз, тігінші, кран машинисі, даяшы, кондитер, электргаздәнекерлеуші сияқты мамандықтарды игерген. Мамандарды даярлау және қайта даярлаумен биыл «Іскер» ЖШС бизнес академиясы, «Специалист» оқу-өндірістік орталығы» мекемесінің өкілдігі және «Ақмола оқыту-курстық комбинат» ЖШС-і айналысуда, – дейді қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар.
Осы деректердің бәрі Аста­на­­­­­­да­­ғы жұмыссыздықты жү­гендей­тін жұмыстардың белсенділігін дә­лелдейді. Жаңадан ашылған жұмысқа орналастырудың мобильді пункттері болашақта жақсы нәтиже береді деген сеніміміз мол. Біз барған күннің өзінде 3 өкілдікке 200-ге жуық адам бас сұғып, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша мемлекет тарапынан жәрдемдесудің бел­сенді шаралары туралы кеңес алды. Бар болғаны жеке куәлік пен еңбек етуге деген ынта болса жеткілікті.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button