ЖаңалықтарСаясатЭкономика

Ынтымақтастықтың оң ықпалы

Астанада ұйымдастырылған Халықаралық валюта қорының Өңірлік кон­ференциясының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард қатысты. 

Қазақстан Үкіметі мен ХВҚ сарапшылары арасында тығыз ынтымақтастық орнағалы бірнеше жылдың жүзі болды. Елордада өткен конференцияда қос тарап өңірде қалыптасып отырған экономикалық ахуал туралы пікір алмасып, соның ішінде ақша-несие саясатын және құрылымдық реформаларды жетілдірудің тетіктерін, сондай-ақ, Қазақстанның эко­но­микалық дамуының орташа мерзімді перспективалары мәселелерін талқылады. Қазақстанда сыртқы жағым­сыз факторларды жұмсарту үшін және елдің тұрақты дамуына бағытталған, бес институционалды реформалар аясындағы шаралар туралы айтылды. Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрі ХВҚ мүшелерін «Астана» халық­аралық қаржы орталығының құрылымымен таныстырды.
Кәрім Мәсімовтің айтуынша, орталықты дамыту жұмысы жекешелендіру бағдар­лама­сымен қатар жүреді. Осы күн­дерге дейін жасақталған Ұлт­тық қор сарқылмайды. Оның бір бөлігі ғана «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалады. Экономиканы жаң­ғырту жоспарына сәйкес жекешелендірудің ауқымды бағдарламасы іске асырылады. Оған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қатысады.
Сондай-ақ, ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк Қазақстанның одан арғы дамуы бойынша Халықаралық валюта қорымен сындарлы сұхбат жүргізеді.
– Қазақстанның алдында тұрған барлық сын-қатер­лерден өтудің жалғыз мүм­кіндігі – экономикалық рефор­маларды жалғастыру деп есептеймін. Мемлекет басшысы жақында реформаларды іске қосып, жүзеге асырмас бұрын оны халыққа түсіндіру қажет екенін айтқан болатын. Сон­дықтан, Үкіметтің алдында тұрған негізгі сын-қатер – ол реформаларды жүргізу және қатысушылармен, осы рефор­маларға қатысатын компаниялармен, халықпен нақты талқылау, – деді К.Мәсімов.
Кристин Лагард өз кезегінде Назарбаев университетінде Қазақстан, Кавказ және Орта Азия елдерінің алдындағы эко­но­микалық сын-қатерлер та­қы­ры­бында дәріс оқып, сту­денттермен кездескенін жет­кізді. Қазақстанның Ұлттық қор құр­ғаны дұрыс болғанын, бұл жайт ақша-несие саясатын жүр­гізуге оң әсер ететінін айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button