Басты ақпаратҚоғам

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуіне қатысты. Саммитті ашқан Қазақстан Президенті жиынға қатысқаны және өңірлік кооперацияға қолдау көрсеткені үшін Федералдық канцлер Олаф Шольц пен Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларына ризашылығын білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

Басты басымдық – кең ауқымды серіктестік

Президент былтыр қыркүйекте Берлинде басталған жоғары деңгейдегі диалог тұрақты және сенімді сипатқа ие болғанын атап өтті.

«Бұл Орталық Азия мемлекеттері мен Германияның өңірлік стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға мүдделілігі мен ұмтылысын айғақтайды деп санаймын. Біздің кездесуіміз бірлескен жұмысты қорытындылап қана қоймай, кооперацияны одан әрі тереңдетудің жаңа бағыттарын айқындауды мақсат етеді. Бүгін сауда, инвестиция, энергетика, экология, көлік-логистика, білім-ғылым сияқты салаларға қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Сындарлы пікір алмасулар елдерімізге пайда әкелетін шешімдер шығаруға ықпал ететініне сенімдімін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пі­кірінше, бүгін «Орталық Азия – Германия» форматындағы көпжақты ынтымақтастық тарихында жаңа кезең басталады.

«Германияның әлеуметтік-­экономикалық, ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуы көптеген мемлекетке жақсы үлгі. Неміс технологиясы мен инвестициясы экономиканың түрлі саласына оң әсер етіп отыр. Біз Германияның өңіріміздегі барлық мемлекетпен теңқұқылы серіктестікті дамытуға ниет танытқанын жоғары бағалаймыз. Оған Германияның социал-­демократиялық партиясы қабылдаған «Орталық Азия: байланыс және мүмкіндік» атты бағдарлы құжаты дәлел бола алады» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз «Табысты Орталық Азия – табыс­ты Қазақстан» формуласына сай «Орталық Азия плюс» форматындағы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылатынын жеткізді. Сондықтан әлемнің ең дамыған мемлекеті әрі Еуропа Одағының ірі экономикасы саналатын Германиямен кең ауқымды серіктестік орнату – Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері үшін басты басымдық.

Серіктестіктің негізгі бағыттары қандай?

Президент ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.

«Бірінші – тауар айналымын ұлғайту. Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейту – маңызды міндет. Мәселен, Қазақстан Германияға сомасы 850 миллион долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын» деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді келесі басымдық ретінде атады.

«Германияға энергетикалық ресурстардың сенімді әрі ірі жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір. Көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестеріміздің қолдауына алдағы уақытта да сүйенеміз. Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Еліміз Өзбекстанмен және Әзербайжанмен Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне қарай «жасыл» энергетиканы жеткізу желісін салу жобасын пысықтап жатыр. Германиялық серіктестерге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды, оның ішінде Германияға аса маңызды материалдарды жеткізу көлемін ұлғайтуды бас­ты бағыттың бірі деп санайды.

«Қазақстан Германия компанияларын сирек кездесетін металдарды геологиялық барлау және игеру жұмыстарын бірге жүргізуге шақырады. Өңірдегі кенді бастапқы және қайта өңдей отырып, «шикізатты технологияға айырбастау» қағидаты бойынша серіктестік орнатуды ұсынамыз. Бұл орайда HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстан облысында литийді игеру және өңдеу бо­йынша инвестициялық жобаны іске асыруын құптаймыз. Оның құны 500 миллион доллардан асады. Біз еліміздің аумағында бағалы және түсті металдардың кен орнын барлап, игеру үшін германиялық инвесторларға ­қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Еуропалық серіктестеріміздің қолдауымен Қазақстанның ­Технологиялық болжау орталығы базасынан Сирек кездесетін металдар ­бойынша өңірлік зерттеу орталығын құрған жөн деп санаймыз» деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту мәселесіне де баса назар аударылды.

«Орта дәлізді» одан әрі дамытудың инвестициялық тұрғыдан перспективасы зор. Атап айтқанда, Каспий теңізіндегі порттарды жаңғырту және цифр­ландыру, жүк терминалдарын салу ісінде мол мүмкіндік бар. Орталық Азия мен Еуропаның көлік-логистика жүйесін одан әрі интеграциялау маңызды міндет болып қала береді. Қазақстан Global Gateway бағдарламасы аясында «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 миллиард еуро бөлу туралы шешімін құптайды. Осы бағытты Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway стратегия­сымен ұштастыруда Германия тарапы қолдау көрсетеді деп сенеміз» деді Мемлекет басшысы.

Президент «жасыл» энергия­ға көшу және су ресурстарын сақтау мәселелеріне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев климат өзгеруінің салдарымен күресу, экологияны жақсарту, су-энергетика саласының тиімділігін арттыру мәселесінде Германия ұзақ жылдар бойы Орталық Азия елдерінің сенімді серіктесі болып келе жатқанын айтты.

«Қазақстан қазір Халық­аралық Аралды қорғау қорына төрағалық етіп отыр. Осы ретте Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғаудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында серіктестікті жандандыруды ұсынады. Біздің пікірімізше, қордың қызметі өңірдегі орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етеді. Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөніндегі бастама өте өзекті. Бұл бастаманы бүгінгі кездесуге қатысушылардың бәрі қолдайды деп ойлаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылым-білім саласындағы байланыстың дамуын маңызды міндет ретінде атап өтті. Қазақстан Президенті Германияның ғылым-білім қауымдастығын жасанды интеллект, цифрландыру және «жасыл» технология сияқты перспективті бағыттарда ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.

Қауіпсіздік пен тұрақтылық назарда  болады

Сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі геосаяси жағдайда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері көпжақты ынтымақтастықтың бір бөлігі ретінде ұдайы назарда болатынын атап өтті.

«Елдеріміз санқырлы форматта, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз алдағы уақытта да әлемде баламасы жоқ осынау әмбебап ұйымның терроризммен, эсктремизммен, заңсыз көші-қонмен және климаттың өзгеруімен күрестегі, сондай-ақ бітімгершілік пен қарусыздандыру ісіндегі күш-жігерін толықтай қолдауға ниеттіміз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау үдерісіне де белсене атсалысуға дайын. Бірқатар дамыған мемлекет, соның ішінде Германия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатарында болуға әбден лайық. Орайлы сәтті пайдалана отырып, 2027-2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынған Қырғыз Республикасына табыс тілеймін. Қырғызстан Орталық Азияда және одан тысқары жерлерде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алатынына сенімдімін» деді Қазақстан Президенті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы жиында айтылған барлық ұсыныс қабылданатын Бірлескен декларациядан көрініс табатынына сенім білдірді. Саммитте ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі. Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің бірлес­кен мәлімдемесі қабылданды.

  Германияның ірі бизнес өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының, ГФР Канцлері және Германияның ірі бизнес өкілдерінің кездесуіне қатысты. Президент Федералдық ­канцлер Олаф Шольцке, Орталық Азия елдерінің президенттері мен неміс компанияларының басшыларына ілтипат білдіре отырып, «Орталық Азия – Германия» форматындағы екінші кездесу санқырлы серіктестікті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті. Қазақстан Президентінің айтуынша, жан-жақты пікір алмасулар мемлекеттер басшыларының ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растайды.

«Германия мен өңірдегі мемлекеттердің арасындағы байланысқа ұдайы дәнекер болып келе жатқаны үшін Германия экономикасы Шығыс комитетіне ерекше алғыс айтамын. Германия – экономикалық және технологиялық инновация саласында әлемдік көшбасшылардың бірі. Бұл елдің өнімдері өзінің сапасымен әйгілі. Ал Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан, әлеуеті орасан зор әрі өзара тиімді серіктес­тікке мол мүмкіндік ашатын аймақ. Орталық Азия – Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан технологияны трансферттеу, өндірісті локализациялау және қосылған құны жоғары өнім шығару ісінің орталығы бола алады. Осы тұрғыдан алғанда, түрлі салада ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Аса қажетті шикізатты игеру, энергетика, көлік және логистика, қаржы, ауыл шаруашылығы мен ақпараттық технология сияқты салалардағы кооперацияны одан әрі нығайтудың перспективасы мол» деді Мемлекет басшысы.

Президент кездесуге қатысушылар достық және сындарлы сипатта өзара ынтымақтас­тықты одан әрі нығайту жолдарын талқылауға мүмкіндік алғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев идея мен тәжірибе алмасу өңірдегі мемлекеттердің жан-жақты дамуына ықпал ететініне сенім білдірді. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы ашық және мазмұнды диалог үшін кездесу қатысушыларына алғыс айтты.

«Біздің жан-жақты талқы­лауларымыз Орталық Азия мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың түрлі салада мол әлеуетке ие екенін көрсетті. Өңіраралық экономикалық кооперацияға тың серпін беретін ауқымды мәселелерді қарастырдық. Оның ішінде инфрақұрылым мен энергетикадан бастап технология мен инновацияға дейінгі салалар қамтылды» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында айтылған Экономикалық кеңес құру туралы ұсынысты қолдады. Аталған орган неміс инвестициясын тартуда және Орталық Азия мемлекеттері мен Германия арасындағы ­өзара ықпалдастықтың орнықты институционалдық базасын қалыптастыруда белсенді рөл атқара алады.

Жиында ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Siemens Energy AG компаниясының басқарма төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитеті төрағасының орынбасары Кристиан Брух, KNAUF Gruppe компаниясын басқарушы серіктестердің өкілі Александр Кнауф, Ernst Klett AG компаниясының бас атқарушы директоры Филипп Хаусманн, DB E.C.O. Group компаниясының атқарушы кеңесінің төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитетінің Орталық Азия жөніндегі жұмыс тобының өкілі Нико Варбанофф, Siemens Healthineers AG компаниясының басқарма төрағасы Берндт Монтаг, CLAAS Group компаниясының басқарма төрағасы Ян-Хендрик Мор сөз сөйледі.

Бірлескен мәлімдемеде не айтылды?

Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары мен ­Германия Федералдық ­канцлерінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Олаф Шольцті, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевті Орталық Азия мемлекеттері көшбасшылары мен Германия Федеративтік Республикасы Канцлерінің екінші кездесуі үшін Астанада қарсы алды.

Ашық және конструктивті сипатта өткен кездесуге қатысушы көшбасшылар Германия мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы былтырғы кездесуден бері өрбіген ынтымақтас­тықтың жай-күйі жөнінде пікір алмасты. Көшбасшылар екіжақты ынтымақтастық әртүрлі бағытта, соның ішінде Германия мен Орталық Азияның Еуропа Одағы (ЕО) және көпжақты форматтар аясында дамып келе жатқанын атап өтті. Көшбасшылар ортақ құндылықтарға, өзара құрметке және мүдделерге арқа сүйеген Германия мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға және жоғары деңгейдегі диалогты жалғастыруға бейілді екенін растады.

Олар былтыр Берлинде өткен Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федеративтік Республикасы Канцлерінің бірінші кездесуінің нәтижесінде негізі қаланған Аймақтық стратегиялық серіктестіктің маңызын ерекше атап өтті. Көшбасшылар Орталық Азия елдерінің аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысына назар аударды. Бұл ретте олар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері арқылы көпжақты ынтымақтас­тықты тереңдетуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және өңірдегі қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Көшбасшылар халықаралық құқықты толық сақтай отырып, бейбітшілікті, қауіпсіздікті, демократияны, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және орнықты даму үшін бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін растады. Көшбасшылар Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын мүлтіксіз сақтауға, атап айтқанда барлық елдердің тәуелсіздігін, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, күш қолданбау немесе күш қолдану қаупін төндірмеу, сондай-ақ халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаттарын сақтауға бейілді екенін тағы да растады.

Көшбасшылар қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу, дағдарысты еңсерудің дипломатиялық және конструктивті диалогқа негізделген амалдарын іздеу маңызды екенін атап өтті. Көшбасшылар кез келген қақтығысқа қатысты мәселеде халықаралық құқықты, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарын, елдердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін, сондай-ақ адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтей отырып, әділ және ұзақмерзімді бейбітшілік орнату ұстанымына қолдау білдірді. Көшбасшылар санкция режиміне қатысты мәселеде тығыз байланыс орнатудың, соның ішінде Еуропа Одағымен диалогты жандандырудың және санкциялардан жалтарудың алдын алу үшін одан әрі күш-жігер жұмылдырудың маңызды екенін атап өтті.

Көшбасшылар климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі, дүние жүзіндегі денсаулық сақтау немесе азық-түлік қауіпсіздігі сияқты жаһандық сын-қатерлерге, сондай-ақ терроризм, есірткі мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымы, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз қаржылық ағымдар, терроризмді қаржыландыру, қару-жарақтың таралуы, киберқауіпсіздік және ақпараттық соғыс сияқты қоғам мен экономиканы қиындыққа душар ететін күрделі қауіп-қатерлерге назар аударды. Олар осы салалардағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін қа­растыруға уағдаласты.

Көшбасшылар Орталық Азия елдері мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынастың күшеюін құптады. Сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азияға қатысты стратегиясының маңызын атап өтті. Олар 2023 жылғы қазанда қабылданған Еуропа Одағы Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдету жөніндегі бірлескен Жол картасына қолдау білдірді. Көшбасшылар атыс қаруының таралуына, терроризм қаупіне, адам саудасына қарсы күреске, кибер қауіпсіздікті және климат пен қоршаған ортаны қорғауға күш-жігер жұмылдыру үшін шекараны бақылау бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Олар Германияның Орталық Азиядағы осы салаларға қатысты мәселелерде ЕҚЫҰ-ға бейілді екенін білдіріп, тұрақты қолдау көрсетуін жоғары бағалады. Көшбасшылар Германияның ЕҚЫҰ-ның Ауғанстандағы жағдайды реттеудегі қосқан үлесін ескере отырып, Германияның рөліне назар аударды.

Көшбасшылар Германия­ның аймақты тұрақтандыруға, соның ішінде экстремизмнің алдын алуға және трансшекаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады. Канцлер 2020 жылдан бастап Қазақстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен, сондай-ақ 2023 жылдан бастап Қырғызстанмен бірге жүзеге асатын Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу бағдарламасы туралы мәлімдеді.

Көшбасшылар жастар арасындағы радикализмнің және экстремизмнің алдын алу үшін белсенді ақпарат және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін одан әрі зерделеуге қызығушылық білдірді.

Көшбасшылар құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұмысқа тарту, оқыту және біліктілігін арттыру бағытында, соның ішінде Германияның Лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі бірлескен орталығының озық тәжірибесін меңгеру үшін өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді. Көшбасшылар Ауғанстандағы жағдайға қатысты мәселеде ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетудің қажет екенін құптады және осы салада БҰҰ, ЕО сияқты халықаралық құрылымдардың, сондай-ақ Германия мен Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін жоғары бағалады. Көшбасшылар Ауғанстанның барша азаматтың, әсіресе, әйелдердің, қыздардың және этникалық топтардың құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтейтін қауіпсіз, бейбіт, тұрақты және өркендеген ел ретінде дамуына тілеулес екенін тағы да растады. Олар Ауғанстанның барша азаматының негізгі құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және қорғау үшін, сондай-ақ Ауғанстан экономикасын қалпына келтіріп, ұзақмерзімді бейбітшілік орнату үшін құрамына барлық этникалық, діни және саяси топтардың өкілдері кіретін инклюзивті және өкілетті үкімет қалыптастырудың маңызды екенін атап өтті. Көшбасшылар БҰҰ бастамасымен Ауғанстан бойынша өтетін «Доха форматы» мен басқа да көпжақты форматтардың маңызына назар аударып, халықаралық деңгейдегі бұл мәселені одан әрі үйлестіру ісіне атсалысуға дайын екенін растады. Көшбасшылар БҰҰ аясындағы ынтымақтастыққа бейіл екенін мәлімдеп, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа сай дүние жүзіндегі ядролық қарусыздандыру мен таратпау келісімін сақтаудың және оны одан әрі күшейтудің маңызын атап өтті.

Көшбасшылар Германия мен Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы екіжақты сауда көлемінің тұрақты өсуімен қатар экономикалық өсімнің қарқын алғанын ескере отырып, ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын қарастыруға, бұл ретте тиісті шаралар қабылдауға, атап айтқанда табиғи ресурстар, экология, қоршаған ортаны қорғау, энергетика, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, экологиялық таза және қауіпсіз технологияларды алмасу және тарату, сондай-ақ білікті кадрлар даярлау салаларында ынтымақтастықты дамытуға келісті. Көшбасшылар көші-қон саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, кәсіби-техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады. Көшбасшылар Транскаспий дәлізін Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты және тиімді мультимодальды көлік байланысы ретінде ілгерілетуге және көлік, инфрақұрылым және консалтинг жобаларына қатысқысы келетін Германияның темір жол және логистика саласындағы компанияларын қолдауға келісті.

Көшбасшылар аймақтағы темір жол қатынасын жақсартудың маңызын атап өтіп, Транс­каспий дәлізін дамытуды, осылайша ЕО-ның «Global Gateway» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосуға уағдаласты. Көшбасшылар Орталық Азия мен Германия арасында орнықты әрі берік жеткізу тізбегін қалыптастырудың, әсіресе, энергетикалық ресурстар мен сауданы қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Көшбасшылар энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және энергиямен жабдықтау қауіпсіздігін арттыру мен энергия жүйелерін түрлендіру ісінде бір-бірінің тәжірибесін пайдалануға келісті. Олар климаттың өзгеруіне қарсы күресте тығыз және сенімді ынтымақтастық, сондай-ақ келешекті көздейтін энергетикалық алмасудың және энергия қауіпсіздігін арттыру маңызды екеніне назар аударды. Көшбасшылар Орталық Азия аймағының жаңартылатын энергия көздері мен жасыл сутегін өндірудегі жоғары әлеуетін атап өтті. Осыған орай Астанадағы Германияның Сутегі дипломатиялық кеңсесі өзінің өңірлік портфолиосын қалыптастырды. Сонымен қатар көшбасшылар Орталық Азиядағы энергетикалық алмасуға қолдау көрсететін Германияның аймақтық бағдарламаларын құптап, оның маңызына баса мән берді.

Көшбасшылар климаттағы өзгеріс салдары Орталық Азия­дағы табиғи ортаға, қоғамға, экономикаға айтарлықтай әсер ететінін ескере отырып, трансшекаралық ынтымақтас­тықты күшейту қажеттілігін атап өтті. Олар мұздықтарды қорғау, тау экологиясы, су ресурстарын сақтау және тұрақты даму тәжірибелерін ілгерілету жөніндегі бірлескен бастамалардың маңызына назар аударды. Көшбасшылар аталған салаларда, соның ішінде Германия мен Орталық Азия арасындағы Су, энергия, климаттың өзгеруі жөніндегі «Team Europe» бастамасы жобасы аясында бұрыннан келе жатқан ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге келісті.

Көшбасшылар «Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясындағы ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтіп, Германияның Орталық Азиядағы әріптестермен бірге жүргізілетін жаңартылатын және тұрақты энергия көздері, климаттың өзгеруіне бейімделу, климаттық және экологиялық қауіп-қатерлер, сондай-ақ су ресурстарын басқару саласындағы зерттеулер бағытындағы ғылыми жобаларға тұрақты қолдау көрсетуін жоғары бағалады. Көшбасшылар Германия­мен, сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп іске қосылатын Орталық Азиядағы табиғатты қорғау бойынша серіктестіктің одан әрі дамуына қолдау білдірді. Аталған серіктестік аясында су шарушылығына инвестиция тарту және табиғатқа оң әсер ететін бизнес стратегиялар мен инвестицияларды ілгерілету көзделген. Сонымен қатар олар су көздерін сақтау жөніндегі аймақтық күш-жігерге жоғары баға берді.

Көшбасшылар Арал теңізінің тартылуы мен мұздықтардың жылдам еруі салдарынан туындаған экологиялық, экономикалық, әлеуметтік және энергетикалық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігерді жалғастырудың маңызын атап өтті. Канцлер Германияның су ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ Аралды құтқару халықаралық қоры (IFAS) аясында климаттың өзгеруіне қарсы күресу, оның салдарын азайту және оған донорлық жобаларға қатысуға дайын екенін еске салды. Көшбасшылар халықтар арасындағы, соның ішінде ғылым және жоғары білім салаларындағы байланыстардың, тіл және мәдени алмасудың, жастар, спорт және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағыттарындағы ынтымақтас­тықтың маңызын атап өтті. Көшбасшылар сараптамалық орталықтар мен азаматтық қоғам ұйымдары арасындағы өзара қарым-қатынасты жандандыру қажет екеніне назар аударды. Олар 2024 жылдың қараша айында Берлинде өтетін Аймақтық азаматтық қоғам конференциясын қолдайтынын растады. Көшбасшылар неміс тарапының 2025 жылғы көктемде Германияда сыртқы істер министрлерінің кездесуін өткізу туралы ұсынысын қолдады.

Германия Федеративтік Республикасының Канцлері мен Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері Қазақстан Президентіне кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Көшбасшылар байланыстарды одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button