Ел тынысы

Ынтымақтастық нығая береді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Джидда қаласына ресми сапармен барды. БОРТ №1 телеграм-арнасы хабарлағандай, екіжақты келіссөздерден кейін Президент іскерлік топ өкілдерімен әңгімелесіп, екіжақты бірнеше кездесу өткізді.

[smartslider3 slider=3563]

Корольдің «Қаср Ас-Салам» сарайында Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Сауд Арабиясының әнұрандары шыр­қалғаннан кейін ­Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазизге ресми делегациялардың мүшелері таныстырылды. Содан кейін Президент пен Тақ мұрагері келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білдіріп, шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагеріне алғыс айтты. Қазақстан Президентінің айтуынша, Мемлекет басшысы ретінде Сауд Арабиясына алғаш рет келгендіктен, бұл сапардың маңызы зор. Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Сауд Арабиясы – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған елдердің бірі. Осы кезеңде түрлі бағыттағы ынтымақтастығымыз нығая түсті. Қазір қазақ-сауд қатынастары жоғары деңгейде. Дегенмен екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Бұл – елдеріміздің мүддесіне сай келетін ортақ шешім. Біздің өзара тиімді байланыстарымыз нығая береді деп сенемін» деді Мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында сауда-­экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Сауд инвесторлары үшін өзара мүддені көздейтін түрлі келешегі зор салалар бойынша ерекше шарттар мен кең көлемде артықшылықтар ұсынуға дайын. Тараптар өзара тауар айналымын едәуір арттыруға ниетті екенін және жуық арада екі ел үкіметтерінің бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыратынын нақтылады.

Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд елдеріміз арасындағы қатынастар деңгейі жақсы екенін атап өтіп, оны әрі қарай нығайтып, дамыту үшін мүмкіндіктер мол екенін айтты. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл ретте Қазақстан мен Сауд Арабиясының бизнесмендерін біріктіретін Іскерлік кеңестің рөлі зор болмақ. Тақ мұрагері Мемлекет басшысының ресми сапары аясында өтетін инвестициялық дөңгелек үстелге Корольдіктің ірі компанияларының өкілдері қатысатынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қоры үйлестіретін бірқатар жоба бойынша бірлескен жұмыс маңызды саналады. Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Корольдіктің компаниялары Қазақстанның аграрлық саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Оның пікірінше, бұл бағыт жаһандық азық-түлік дағдарысы жағдайында аса өзекті бола түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мұхаммед бен Салман бұл шақыруды қуана қабылдайтынын айтып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты нәтижелерін талқылау үшін Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді.

Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер

Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына ресми сапарының екінші күні елдің іскер топтар өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қатысудан басталды. Екі елдің инвестиция, экономика, сауда және қаржы сала­ларындағы ықпалдастығын нығайту кездесудің негізгі тақырыбы болды.

Президент жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, мемлекеттеріміздің келешек экономикалық дамуға деген көзқарастары ұқсас екенін атап өтті.

«Saudi Vision-2030» бағдарламасы мен біздің «Қазақстан-2050» стратегиясы экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті төмендету, адами капиталға инвестиция салу, түптеп келгенде, жоғары дамыған елдердің қатарына кіру арқылы ұлттық дамуға қол жеткізуді көздейді» деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықты кеңейтудің мейлінше келешегі зор салаларын белгілеп берді.

«Біз жүргізген талдауға сәйкес, Қазақстан машина жасау, шойын және болат өндірісі, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны шамамен жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасын жалғастыратын көлік-транзит және логистикалық мүмкіндіктерді, соның ішінде Транскаспий бағдарын әртараптандыруды және кеңейтуді екінші маңызды бағыт ретінде атап өтті.

Оның пікірінше, ынтымақ­тастықтың мол әлеуетін экономиканың нақты секторында да пайдалануға болады.

«Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша 1-орын, уран мен хром бойынша 2-орын алады, ал марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескере отырып, инвестиция салуға, шын мәнінде, бұл жақсы мүмкіндік. Бүгін біз барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз» деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан мен Сауд Арабия­сының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу жөнінде және басқа да бағыттар бойынша жоспары бар.

«Біз Корольдіктің Saudi Vision-2030 стратегиясы аясында өзінің ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық базасы бар. Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Біздің компанияларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компания­ларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент отандық агросектордың әлеуетіне де тоқталды.

«Қазақстан егістік көлемі бо­йынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвесторлар үшін заманауи институционалдық орта қалыптасқанын еске салды.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын» деді Қазақстан Президенті.

Араб банкирлерімен және кәсіпкерлерімен кездесті

Президент Қ.Тоқаев Джиддадағы сапары кезінде ірі компания басшыларымен, банкирлермен, кәсіпкерлемен кездесті. Атап айт­қанда, Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қорын (PIF) басқарушы Ясир Әл-Румайянмен, Ajlan&Bros Holding Group холдингтік топ басқармасының басшысы Аджлан бен Әбделазиз Әл-Аджланмен және Acwa Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әбунаянмен әңгімелесті. Сауд Арабиясы Корольдігінің және Таяу Шығыстағы ірі конгломераттың бірі – Ajlan&Bros Holding Group Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі екенін айтты. Қазіргі уақытта холдинг Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс жобасын пысықтауда. Мұхаммед Әбунаянмен кездесуде баламалы энергия көздерін дамыту мә­се­лелері талқыланды. Президенттің айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінің 30 пайызын өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Acwa Power компаниясын Қазақстанда жасыл сутегі өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассерді қабылдады. Әңгіме барысында экономиканың түрлі салаларындағы бірқатар бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Әл-Джассер Мемлекет басшысына банктің инвестициялар саласындағы сая­сат және алдағы кезеңдегі жоспарлары жөнінде айтты. Оның айтуынша, Ислам даму банкі бизнес, қаржы салаларындағы жобаларға, сондай-ақ инфрақұрылым мен коммуникацияларды жаңғыртуға қаражат бөлуді жалғастыруға ниетті.

Мемлекет басшысы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесті. Кездесу барысында тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы арасындағы ықпалдастықты одан әрі тереңдетудің перспективалары жөнінде пікір алмасты. Қ.Тоқаев Ислам Ынтымақтастығы Ұйымымен арадағы іс-қимылдар туралы айта келе, Қазақстанның Ұйым аясында мұсылман елдерімен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілді екенін айтып, Хиссейн Брахим Таханы биыл күзде елордамызда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуға шақырды.

Маңызды құжаттарға қол қойылды

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Сауд Арабиясының Спорт министрлігі арасындағы спорт саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға; Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Сауд Арабиясы Бұқаралық ақпарат құрал­дары министрлігі арасындағы БАҚ саласындағы ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға; «Сауд баспа ісі агенттігі» мен «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КеАҚ арасындағы өзара түсіністік және ақпарат алмасу туралы меморандумға; Astana International Exchange Ltd. компаниясы мен Сауд қор биржасы (Tadawul) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға; Ірі қара мен қой еті импортына қойылатын санитарлық-техникалық хаттамаға; Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен ACWA Power компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға; «Самұрық-Қазына» АҚ мен Ajlan&Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге; «KAZBIOSORGO» ЖШС мен Ajlan&Bros Holding Group компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға; «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Ajlan&Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге; «Оптоград» ЖШС мен Ajlan&Bros Holding Group Ability компаниясы арасындағы Қазақстаннан Сауд Арабиясына ет жеткізу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға; «KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы» АҚ мен Al Rajhi International for Investment (RAII) компаниясы арасындағы инвестициялар бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға; «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен «Лулу Сауди Гипермаркетс» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға; «Eurasia Invest LTD» ЖШС мен Jamjoom Pharma компаниясы арасындағы Қазақстаннан Сауд Арабиясына құрғақ қымыз жеткізу туралы келісімге қол қойылды.

Президент ұмра қажылығын өтеді

24 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ислам әлемі үшін қасиетті мекен – Мекке қаласында ұмра немесе кіші қажылығын өтеді. Президент Қағбаның ішіне кіру мәртебесіне ие болды. Оның есігі ерекше жағдайларда және аса сыйлы қонақтарға ғана ашылады. Бұл Сауд Арабиясы басшылығының Қазақстан Президентіне көрсеткен зор құрметін білдіреді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button