Мәдениет

Ынтықтырған Ыстамбұл

Ыстамбұл университетiнде тағылымдамадан өту үшiн Еуразия ұлттық университетiнiң сегiз магистранты Түркияға аттандық. Бiз шаһарға таң ата келдiк. Аумағы атшаптырым Мұстафа Кемал Ататүрiк атындағы аэропортқа табан тiредiк.
Халық қанша көп болса да, әуежай қызметкерлерi барлығына үлгерiп жатыр. Еуропа мен Азияны жал­ғас­тыратын алып қалада әртүрлi ұлттың өкiлдерi жүр. Негiзгi тiл – түрiк тiлi, одан кейiн ағылшын, француз тiлдерi. Ыстамбұл тарихи әрi жан-жағын теңiз қоршап жатқан қала болғандықтан мұнда туристер жиi келедi екен. Бiр байқағаным, қалада мешiт өте көп. Солардың iшiндегi ең үлкенi әрi атақтысы – Сұлтан Ахмет ме­шiтi. Мешiттегi 6 мұнара Сұл­тан Ахметтiң алтыншы пат­ша болған­дығын бiлдiрсе, едендегi 12 ою жыл­дың он екi айынан хабар бередi, ал терезедегi 7 қызыл кiрпiш аптаның жетi күнiн еске салады. Әр нәрсеге мән берiлiп салынған бұл мешiт әлi күнге дейiн бұрынғы қалпын сақтап тұр. Тарихи жәдiгерлерге аса мән беретiн түрiк­тер көне ескерткiштердi көздiң қара­шы­ғындай сақтап, көпшiлiкке көрсе­тiп, таныстыруға құштар. Сондай жәдiгер­лердiң бiрi – «Топкапы» сарайы. Мұнда хан­­дар отыр­ған алтын-кү­мiс­тi тақ­тар­дан бастап, батырлары жауға шапқан қару-жа­рақ­тары мен қол­да­рына таққан қымбат бағалы жү­зiк­терiне дейiн жарқы­ратып iлiп қой­ған. Осын­дай құнды жәдi­гер­лердi көруге жан-жақтан жинал­ған кiшкен­тай түрiк ұлан­да­рының нөсерлет­кен жауын­ның астында қалған­дарына қара­мастан қыңқ етпей тұрғанын көрiп, қайран қалдық.
Түрiктер Мұстафа Кемал Ата­тү­­рiктi өте қатты сыйлайды. Еуропа мен Азия­ны бөлiп жат­қан су үстiне Ата­түрiк­тiң құрме­тiне үлкен көпiр салған. Соны­мен қатар, түрiк халқы қа­зақ­тарға да аса құрметпен қарай­ды. Түр­кiс­танды ата­жұрт деп есеп­тей­тiн олар түр­кi ха­лық­тарын бiр-бiрiне бауыр деп бiле­дi. Сондық­тан да бо­лар, Қазақстан тәуелсiз­дiгiн ал­ған сәтте түрiк ағайын­дардың қазақ халқын ең алғаш болып құттықтауы. Бiздiң Елбасы­мыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назар­баевқа деген iлтипаттары да ерекше. Соның бiр айғағын Түркияның астанасы Анкарада Елбасымыз Н.Назар­баев­тың құрметiне арналып салынған алып ескерт­кiштен байқауға болады.
Ал, бiз барған Ыстамбұл университетi 560 жылдық тарихы бар көне бiлiм ордасы екен. Бiлiм алушыларға зор мүмкiндiк жасаған түрiктердiң оқу-бiлiмге көп мән беретiнi бай­қалады. Студенттерге жатақхана, екi мезгiл ас, жүрiп-тұруы мен спортпен шұғылда­нуы­на барлық жағдай жасаған. Сондай-ақ,  уни­­вер­ситет кiтапханасы кiтап қорына өте бай екен.
Жалпы, Ыстамбұлда жетi жүзге жуық қазақ студенттерi мен магистранттары бiлiм алуда. Солардың басын қосып, бiр-бiрiмен байланыс орнату мақсатында Қазақстан­нан барған бауы­рымыз Ержан Қалым­байұлы «Сана» атты клуб құрыпты. Қазақ­тың киiз үйiнде кезде­сулерiн өткiзетiн клубтың өз жоспарлары мен мақсаттары бар. Кезектi кездесуiн қазақ тiлiнiң Қазақ­стандағы ахуалы мен дамуына арнаған басқосуына бiз де бас сұқтық. Кiм ойлаған, қазақ тiлiнiң қамын түрiктiң елiнде, түрiктiң жерiнде талқылаймыз деп?! Елiмiзде жүрген бiзден гөрi сыртта жүрген қандас­тары­мыздың көп жайдан хабардар екендiгi қатты қуантты. Ана тiлiмiздiң айбыны ас­қақ­тамай тұрғаны, жастардың өз тiлiн мен­сiнбей, өзге тiлде шүлдiрлеуi секiлдi жайт­тарға олардың бей-жай қарамайтынын аң­ғар­дық. Басқа ұлттардың да мәдениет үйле­рiн аралап, олардың тарихымен танысып, тарастық.
Түркi халықтарына ортақ «Түрiк дүниесi» атты ұйымға қазақ қызы Саадат апамыз жетекшiлiк етедi екен. Бұл ұйым жыл сайын түркi өкiлдерiнiң ұл-қыздары арасында өнер фестивалiн өткiзедi. Сондай-ақ, конферен­циялар ұйымдастырып, жинақтар шыға­рады. Осы жерде қызмет ететiн Метин Кө­сенiң қазақшаны өз ана тiлiнен кем бiл­мейтiнiне тәнтi болдық. Ол кiсi тiптi марқұм М.Серғалиевтiң жетекшiлiгiмен қазақ ақы­ны М.Мақатаевты зерттеген болып шықты. «Азаттық» радиосында қызмет еткен, «Елi­майлап өткен өмiр» атты кiтап жазған қандасымыз Хасен Оралтай оны Метин Көсе емес, «Метин қазақ» деген көрiнедi.
Әбдуақап Қара – Түркиядағы тарихшы ғалым, шоқайтанушы, Мимар Синан көркемөнер университетiнiң профессоры. «Ағалап» барған бiздi Әбдуақап аға құшақ жая қарсы алды. Ол кiсiнiң сабағына қатысып, дәрiсiн тыңдадық. Түрiк студент­терiмен сұрақ-жауап алмасып, екi ел ара­сындағы ынтымақтастық пен бауырлас ел­дер­дiң байланысы мен достық қарым-қатынасы әңгiме арқауына айналды.
Сәрсенбiнiң сәтiнде Ыстамбұл қала­сындағы сапарымыз аяқталып, шаһарды қимай-қимай ұшаққа отырдық. Алда елордамыз әсем қала – Астана күтiп тұрды.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң  магистранты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button