Басты ақпаратСұхбат

Зағипа ИМАНҒАЗЫ: Көне әуен заманауи үлгімен байытылса, қуану керек

Зағипа ИМАНҒАЗЫ, композитор, дәстүрлі әнші
Зағипа ИМАНҒАЗЫ, композитор, дәстүрлі әнші

– Зағипа Қайратқызы, шығармашылық өміріңізде не жаңалықтар болып жатыр? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Айтар болсам, жаңалық көп. Өткен жылы алты қазақ әні, алты түрік әнім кірген жаңа жинағым шықты. Сондай-ақ, Түркияда «Gel gör beni» (Кел, көр мені) атты бейнеклип түсірдім. Ол «Түркі дүниесі – мәдениет астанасы» жобасының қолдауымен түсірілді. Екеуін біріктіріп, тұсаукесерін Астанада жасадым. «Gel gör beni» (Кел, көр мені) термесі – атақты түрік шайыры Жүніс Әміренің (Юнус Емре) туындысы.
Биыл ЮНЕСКО бойынша Ахмет Яссауи жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты Яссауи бабамыздың «Салауат», «Cehennem ağlayıp yalvaracak» (Тозақ жалынып жылайды) атты хикметтеріне ән жаздым. Қажы Байрам Велидің «Sen seni bil» шығармасына ән жазып, клип түсірдім. Қазақша мағынасы «Өзіңді-өзің таны» дегенге келеді. Аударма авторы – Ерғожа Тілепберді ағамыз. Бұйыртса, жақын күндері қазақ-түрік тіліндегі әндерім кірген CD диск жинағым шығайын деп отыр. Жинаққа Яссауидің екі хикметі мен «Sen seni bil», «Бейбарыс баба», «Тазару» сияқты жұртшылық жылы қабылдап үлгерген әндерім кіріп отыр.
– Түркия демекші, бірнеше жылдан бері қазақ-түрік мәдениетіне алтын көпір болып келе жатырсыз. Бірнеше қаласында концерт қойып келгеніңізді білеміз. Анадолы халқы өнеріңізді қалай бағалады?
– Алдыңғы жылы Түркияның Мәдениет министрінің арнайы шақыртуымен Анадолы елінің бірнеше өңірі мен Ескішеһир қаласында жеке концерт өткізген болатынмын. Бұл шақырту менің өміріме жаңа белестер ашып берді. Кейін Анталия қаласында күллі түркі халықтарының сан ғасырлық этно-фольклорлық мұрасын бір арнаға тоғыстырған тамаша бір фестиваль болды. Соған тәуелсіз қазақ елінің атынан барып қатыстым. Өнер жәрмеңкесі таза көшпелілердің өнері мен мәдениеті, фольклорлық негізде болды. Әрбір халық баға жетпес байлығын дәріптеп, тірі дауыс­пен көшпелі халықтың қоңыр үнін жеткізіп қайтты.
– Біз де сол түркі жұрты секілді өте бай мұрасы бар халықтың біріміз. Өкінішке қарай, қолда барды ұқсата
алмай жүрміз. Түріктер ұлттық өнерді бәрінен жо­ғары қояды деп естиміз. Бұл қаншалықты рас?
– Түркия мәдениетке, соның ішінде дәстүрлі, атадан балаға мирас болып келе жатқан мұраға қатты көңіл бөлетін халық екен. Бірнеше рет барғанымда, осыны анық аңғардым. Мәдениетке бір мекеме, министрлік емес, бүтіндей мемлекет тарапынан қолдау білдіреді. Ешқандай қаржылық мәселе болмайды екен. Бәрі жолға қойылған. Бабадан жеткен көне құндылықтарды еш өзгертпей, иірімін бұзылмастан орындайды. Жұрттың ықыласы да айрықша. Жасы да, жасамысы да ұлттық өнер, халықтық фольклор десе ішкен асын жерге қояды. Керісінше, эстрада жанры осалдау екен. Жұрт онша қатты мән бере қоймайтынын байқадым. Тек ұлттық мәдениет қана емес, сурет салу, қолөнер өте қатты мансұқталады.
– Бізде, керісінше, фоль­к­лорлық мұрамызды эстрадаға лайықтап алуды құп көретін әншілер көп. Осы үрдіске қалай қарайсыз?
– Менің ойымша, оның еш­қандай зияны жоқ. Керісінше, көнеден жеткен әуез заманауи үлгімен қайта байытылып жатса қуану керек. Дәстүр сақталуы керек, әрине. Бірақ сақтаудың жөні осы екен деп қатып қалған сүрлеудің бойында ұзыннан түсіп жатып алудың қажеті жоқ. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, жаңарып отырса, ол – заман талабы. Мұндай құбылыстан ешкім қашып құтыла алмайды. Ең бастысы, бұл жерде орындаушының шеберлігі керек. Орындайтын әнінің иірімін бұзбай орындай алса болғаны.
Әр өңірдің мақамы, өзіне тән иірімі болады. Алдымен осыны игере білу керек. Жеріміз өте кең. Ұланғайыр алқапты алып жатыр. Сыр бойынікі арқамен үйлесе бермейді. Тіптен Қорқыт бабамыз жатқан Қармақшы өңірінің өзіндік нақышы бар. Одан қалса, Шиелі өңірінде «Нартай мектебі» бар: терме-толғаулар, дастан-қиссалар ән жанрымен баяндалады. Батысы мен шығысы да солай. Бірақ негізі бір.
Мен – Арал өңіріндегі «Қар­мақшы» өңірінің «Нұртуған мектебінің» өкілімін. Бірақ бұл тек осы территориялық мақаммен ғана шектеліп қалу дегенді білдірмейді. Арқаның мақамын да алып жүрмін. Атақты Ақан серінің Ақтоқтысының «Аужарын» орындадым. Әрине, бұл жерде арқаның әдемі дәстүрлі әуенін сақтауға қатты мән бердім. Мақам жағынан келгенде, аздаған айырмашылық болды. Бірақ соған қарамастан, халық арасында жақсы қолдауға ие болды. Я болмаса, бір жерінен титтей болса да қателік жібердім деп ойламаймын. Көп адамдармен ақылдасып, кеңесін алдым. Сонымен қатар, түркі әндерін де нақышын тауып орындап жүрмін. Жалпы, өнерде жаңашылдық болу керек. Бірақ жөн-жосықсыз эксперимент жасаудан сақ болған жөн.
– Сізді қазақ жұрты «Тобылғы торы тіршілігім-ау!» әніңіз арқылы таныды. Енді осы әннің тарихы туралы айтып беріңізші…
– «Тобылғы торы» әнінің сөзінің авторы – белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы. Сөзін ақын «Сүтті іңір» атты кітабынан көріп қалған едім. Бірден жаныма жақын сезінді. Осылайша, Дәулеткерейдің
«Сексеуіл шоқты жанарым
менің,
Жасын ойнатшы жалғанға.
Бақытқа байтақ бала күндерім,
Алақан жайсын арманға», –
деген жолдары әнге айналды.
Рас айтасыз, бұл менің бағымды ашты деуге болады. Қазақ даласы ғана емес, шетелге танылуыма жол ашты. Осыдан екі жыл бұрын осы әнім «Елім менің» 7-республикалық пат­риоттық әндер байқауының «Аманат» номинациясы бойынша үздік деп танылды. Сөйтсем, сол конкурста Бекболат Тілеухан ағамыз қазылық етіп отыр екен. Бұрын жүзін көрмеген адамым, бірақ соған қарамастан «Тобылғы торы» әніме әділ бағасын беріп, бас жүлдеге лайық деген пікір білдірді. Кейін ол кісі бұл әнімнің шетелге танылуына да үлкен көмегін тиігізді. Қаржылық жағынан қолдау білдіре отырып, оранжировканың ішіне қас­қырдың ұлуы, шытырлап жанған сексеуілдің үнін, домбыраның күмбірін қосуға кеңес берді. Бұл әнімді, құдайға шүкір, жұрт өте жақсы қабылдады. Қазақстанда ғана емес, шетелде де жақсы бағаға ие болып жатыр. Жақында Өзбекстанға барған сапарымда, осы әнді естіген өзбек бауырларымыз аңыз даланың кеңдігі мен қазақтың үні деп, қатты қайран қалды.
– Жалпы қанша әніңіз бар?
– Отызға жуық әнім бар. Көбісі философиялық тақы­рыптарға негізделген. Жеңіл ән жазу мен үшін ауыр. Қолымнан келмейді екен.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан:
Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button