Басты ақпарат

Заң талаптарын жіті бақылайды

Кейінгі кезде соттардың жұмысына мемлекет тарапынан дендеп көңіл бөліне бастады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Құқық қорғау мәселелері үнемі жетілдіруді қажет етеді. Қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болу маңызды» деп атап көрсеткен болатын өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында. Осы орайда біз бүгін тергеу сотындағы кейбір мәселелер жөнінде Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының төрағасы Тимур Көпбосыновты әңгімеге тартқан едік.

[smartslider3 slider=2561]

– Тимур Нұрланұлы, еліміздегі тергеу судьясына соттарда айыптау мен қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында тергеу әрекеттерін санкциялауға қандай өкілеттіліктер беріледі?

– Қылмыстық-процестік әрекетке тартылған адамдардың құқықтарын қорғау, олардың қылмыстық сот ісін жүргізудің бастапқы кезеңдерінде сот төрелігіне қол жеткізуін қамтамасыз ету сотқа дейінгі іс жүргізуге сот бақылауын күшейтуді талап етеді.

Сот бақылауын күшейтудің неғұрлым тиімді тәсілі ретінде  мамандандырылған тергеу судьялары институтын құру болып танылып, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2018 жылы тергеу соттарын құру туралы шешім қабылданды.

Жалпы Қазақстан ТМД елдерінің арасында тергеу судьялары институтын енгізген жалғыз мемлекет, бұл біздің сот жүйесінің кемелденуінің көрсеткіші екені белгілі.

Қазақстан заңнамасы бойынша тергеу судьясы – бұл бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын сот арқылы бақылау жатқызылған.

Қазақстандағы тергеу судьясына соттарда айыптау мен қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын шектейтін тергеу әрекеттерін санкциялау жөніндегі өкілеттіктер кезең-кезеңімен берілді. Алғашында қылмыстық процестік кодексте тергеу судьяларының өкілеттіктеріне тергеу әрекеттерінің 12 түрін санкциялау, атап айтқанда, олардың арасында күзетпен ұстау, үйқамақ және экстрадициялық қамақ, қызметінен уақытша шеттету, мүлікке тыйым салу және т.б. жатқызылды. Кейіннен олардың өкілеттіктері кеңейтілді. Тергеу судьяларының қарауына қосымша тергеу әрекеттерінің төрт түрі жатқызылды: қарап-тексеруге, тінтуге, алуға және жеке тінтуге санкция беру.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған аудан­аралық тергеу соты еліміздегі басқа да тергеу соттары сияқ­ты өз жұмысын 2018 жылдың

31 шілдесінен бастады.

Тергеу соты жұмыс істеген кезден бастап мәні бойын­ша 30 312 материалдар қарады.

3,5 жыл ішінде елорданың тергеу сотына қылмыс­тық процеске қатысушылардан қылмыстық қудалау органдарының және прокуратураның шешімдеріне, әрекеттеріне және әрекетсіздігіне

5 617 шағым келіп түскен

Ал бүгінде тергеу соттары азаматтардың конституция­лық құқықтарымен тікелей байланысты бес негізгі бағыт бойынша сот бақылауын жүзеге асыруда.

Ең алдымен, тергеу соттарының қарауына қылмыстық процеске қатысушылардың ҚР қылмысты-процестік кодекстің 106-бабындағы тәртіппен қылмыстық қудалау органдарының, прокурордың шешімдеріне, әрекеттеріне және әрекетсіздігіне келтірген шағымдары жатады.

Екінші бағыт – күзетпен ұстау, үйқамақ, кепіл және т.б. түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау.

Үшінші бағыт тергеу органдарының азаматтардың құқықтарын шектеуге байланысты, атап айтқанда, тінту, алу, мүлікке тыйым салу және т.б. әрекеттерге санкция беруі болып табылады.

Төртінші бағыт – жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау.

Бесінші бағыт – процеске қатысушылардың өтінішхаттарын және прокурордың ұсынулар қарау болып табылады.

Тергеу соты жұмыс жасаған санаулы жылдар ішінде тергеу судьялары белгілі бір тәжірибе жинақтады, сот бақылауын одан әрі жетілдіру бойынша бірегей сот тәжірибесі қалыптасуда.

Тергеу судьялары мыңдаған азаматтардың құқықтарын қорғады, оның ішінде алдын ала санкция беру арқылы жүргізілуі тиіс тергеу әрекеттерінің негізділігі тексеріліп, қылмыстық процеске қатысушылардың шағымдары қаралды және бұлтартпау шарасын белгілеу туралы мәселелер де  шешілді.

– Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қызметіне тоқтала кетсеңіз?

– Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған аудан­аралық тергеу соты еліміздегі басқа да тергеу соттары сияқты өз жұмысын 2018 жылдың 31 шілдесінен бастады.

Тергеу соты жұмыс істеген кезден бастап мәні бойынша 30 312 материал қарады.

3,5 жыл ішінде елорданың тергеу сотына қылмыстық процеске қатысушылардан қылмыстық қудалау органдарының және прокуратураның шешімдеріне, әрекеттеріне және әрекетсіздігіне 5 617 шағым келіп түскен.

Шағымдар да мән-жайы бойынша әртүрлі болып келеді. Олар шағым келтіруші адамдардың жүргізілген тергеу амалдарымен, қылмыстық істердің қысқартылуымен, сотқа дейінгі тергеу бойынша әрекетсіздіктермен және т.б. мәселелермен келіспеумен байланысты.

Тергеу соты азаматтардың құқықтарының бұзылуымен байланысты сотқа тапсырылған шағымдарда расталған фактілер бойынша 219 жеке қаулылар шығарды. Тергеу соты жұмыс жасаған 3,5 жылда шағымдар саны жыл санап артып отырған, ал бұл – азаматтардың тергеу соттарына деген сенімінің  жоғарылағанының белгісі.

Тергеу сотына келіп түскен материалдардың басым көпшілігі сол күні қаралады, тек бұлтартпау шарасының мерзімін ұзарту мен шағымдар 3 тәулік ішінде қаралады, ал ең ұзақ мерзім 10 тәулікті құрайды.

– Тергеу соты бұлтартпау шараларын санкциялау жөніндегі материалдарды қарау кезінде қандай қағидаттарды басшылыққа алады?

– Бұлтартпау шаралары бойынша күзетпен ұстау және үйқамақ түріндегі  шаралар әлі де көп қолданылатынын айтып өткен жөн.

Алайда қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жәбірленушінің құқықтарын қалпына келтіруді, кінәлі адамға бас бостандығынан айырумен байланысты емес әдістерді қолдану арқылы қылмыстық ықпал ету шараларын көрсетуді мақсат тұтады.

Бұлтартпау шараларын санкциялау туралы Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына 3,5 жыл ішінде 27 430 материал келіп түскен, оның ішінде бұлтартпау шараларын белгілеу де, бұрын таңдалған бұлтартпау шаралары бойынша мерзімдерді ұзартуға қатысты да материалдар бар.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің нормаларында күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы ретінде онша қатаң емес басқа бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылады деп көзделген.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлға күзетпен ұстауға санкция беру туралы сот алдында өтінішхатты қозғау туралы қаулыда осы бұлтартпау шарасын таңдаудың себептерін және онша қатаң емес бұлтартпау шараларын қолданудың мүмкін еместігін негіздеуге міндетті.

Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру үшін және сотталған адамдарды түзеу мақсатында қоғамнан оқшаулауға түзелу жолына түскісі келмейтін, әдейі және тұрақты негізде қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асырып жүрген адамдар тартылуы тиіс. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шаралары тергеуден және соттан нақты жасырынуы, сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіруі, тергеу органдары мен соттарға заңсыз ықпал ету шараларын қолдану арқылы кедергілер келтіруі мүмкін адамдарға да қолданылады.

Бұлтартпау шарасын белгілеу туралы материалды қарау барысында күдіктінің жеке басы, отбасылық жағдайы, оның өмір салты, сондай-ақ тұрғылықты жері мен жұмыс орнының болуы және т.б. мәліметтер ескеріледі.

Сондай-ақ жыл сайын тергеу сотында күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау санының алдыңғы жылдармен салыстырғанда азайғанын, үйқамақтың үш есе, кепілдің екі есе қолданылатынын атап өту керек. Себебі кез кезген тұлғаның қылмыс жасағаннан кейінгі әрекеттері де маңызды. Яғни егер тұлға залалды өз еркімен өтесе және құқық бұзушылық жасағанын түсінсе, бас бостандығынан айыру тағайындалмайды. Бұл жағдайда қылмыстық заңнаманы ізгілендіру қағидаттары қолданылады.

Бүгінгі таңда тергеу соттары тергеудің заңсыз әдістеріне еңселі тосқауыл қойып, заң талаптарының орындалуын жіті қадағалайтын азаматтардың сенімді тірегіне айналуда.

– Әңгімеңізге рақмет.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button