Қоғам

Заң түзелмей, мін түзелмейді

Жақында «Астана ақшамы» газетінде «Маңдайша мен мәзіріміз қашан түзеледі?» деген тақырыппен көшелердегі көрнекі маңдайшалар мен ас мәзірінің мемлекеттік тілде жазылмай, басқа ұлт тілдеріне жазудың етек алып бара жатқанын айтқан болатынбыз. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңына сәйкес, барлық жарнама мен маңдайша, ең алдымен, мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Егер қосымша басқа тілдер қолданылса, олар қазақ тіліндегі мәтіннен кейін және көлемі бойынша одан кіші болуы шарт. Қазір елімізде осы талап жиі бұзылуда, орыс, ағылшын тілдеріндегі маңдайшалықтар аздай, енді олармен қытайша да қосанжарлап барады. Неге? Бұл біздің тіл басқармаларының әлсіздігі ме, әлде заңның солқылдақтығы ма? Бізше, «су басынан тұнады» дегендей, елімізде әркім өзі білген жазуымен жазып жүргеніне, ең бастысы, тіл туралы заңдағы норманың екіұштылығы себеп секілді.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 21-бабында «Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады. Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де жазылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады» деп анық жазылған. Міне, бәрін бүлдіріп тұрған осы норма. Бұл арадағы әңгіме тек орыс тіліне ғана қатысты болып тұрған жоқ, мәселе осы заң нормасының орыс тілінен басқа тілдердің де елімізде емін-еркін қолданылуына жол ашып тұрғанында болып тұр. Бізше, бұл норманың мынадай тиімсіз тұстары бар.

Біріншіден, бұл норма қазақ тіліне емес, қостілділікке немесе көптілділікке басымдық береді. Заң мәтінінде барлық ресми элементтер (бланкілер, маңдайшалар) екі тілде, яғни мемлекеттік тіл – қазақ тілімен қатар орыс тілінде де жазылуы тиіс екені анық айтылған. Ал «қажет болған кезде басқа тілдерде» деген шарт қосымша көптілділікке мүмкіндік береді. Яғни бұл норма мемлекеттік органдар мен мекемелерді қостілділікке мәжбүрлейді. Қайсыбір мекеме тек қазақ тілін қолданғысы келсе де, заң оны орыс тілінде енгізуге міндеттейді. Бұл қазақ тілінің жалғыз мемлекеттік тіл ретінде басымдық алуына кедергі жасайды.

Екіншіден, «қажет болған кезде» тіркесінің күмәнділігі. Заң мәтініндегі «қажет болған кезде басқа тілдерде де жазылады» деген норма «қажеттілікті кім анықтайды?» деген сұрақты тудырады. Егер бұл қажеттілікті мекеме өзі анықтайтын болса, онда қазақ тілінің қолданысы көбейетін мүмкіндігі бар. Бірақ егер оны жалпы ереже ретінде кеңінен қолдануға жол ашылса, қазақ тілі өз позициясын одан сайын әлсіретуі мүмкін. Мысалы, белгілі бір аймақтарда «қажеттілік» сылтауымен орыс тілінен бөлек, өзге тілдер (мысалы, ағылшын, қытай, өзбек, ұйғыр, т.б.) енгізілсе, қазақ тілінің рөлі екінші орынға ығыс­тырылуы ықтимал.

Үшіншіден, мемлекеттік емес ұйымдар үшін орыс тілі міндетті емес, бірақ қазақ тілін басып озуы мүмкін. Заңның мемлекеттік емес ұйымдарға қатысты бөлігіне қарасақ, олардың бланкілері мен маңдайшалары «мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де жазылады» деп көрсетілген. Яғни, мемлекеттік емес ұйымдарға орыс тілін қолдану міндетті емес. Бірақ іс жүзінде бұл ұйымдар заңға емес, нарықтық сұранысқа қарай бейімделеді.

Егер халықтың бір бөлігі орысша ақпаратты талап етсе, онда олар орыс тілін қосады, ал қазақ тілі тек формалды түрде ғана қалуы мүмкін. Бұл бизнес құрылымдарында қазақ тілінің әлсіреуіне алып келеді.

Төртіншіден, тауар белгілерінің өзгеріссіз қалуы – қазақ тілін шектеу. Заңның соңғы бөлігі «Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады» деп көрсетеді. Бұл талап халықаралық брендтердің қазақша аудармасын қиындатады. Мысалы, «McDonald’s» немесе «Burger King» сияқты атаулар заң бойынша өзгеріссіз қалады, ал бұл қазақ тілінің жазба мәдениетінде шетелдік сөздердің көптеп енуіне жол ашады.

Бесіншіден, қазақ тілі­нің ресми кеңістікте қолданылуына кедергі келті­реді. Шын мәнінде, бұл заң мәтінінің түпкі мәні – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде міндеттеу емес, қостілділікті заңдастыру. Бұл қазақ тілінің негізгі мемлекеттік институттарда жалғыз қолданылатын тіл ретінде орнығуына мүлде мүмкіндік бермейді. Егер заңда «мемлекеттік ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың барлық құжаттары алдымен мемлекеттік тілде жазылады, қажет болған жағдайда басқа тілдерге аударылады» деп жазылса, онда қазақ тілі шын мәнінде басымдыққа ие болар еді. Бірақ бұл заң нормасы қазақ тілін орыс тілімен қатар деңгейде қалдырып отыр. Яғни қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін нығайтудан гөрі, оны орыс тілімен тең ұстау механизмін қалыптастырып тұр.

Қысқасы, қазақ тілі нағыз мемлекеттік тіл ретінде үстем қолданыста болуы үшін заңда «барлығы мемлекеттік тілде жазылады» деген нақты талап болуы керек. Әйтпесе, бұл заң қазақ тілінің тек формалды түрде қала беруіне алып келеді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button