#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Заң үстемдік құрған мемлекет өркендейді

Қазір еліміз үлкен өзгеріс үстінде. Осы бағытта жүргізіліп жатқан ­реформалар билік пен халықтың арасындағы сенімді нығайта түсуде. Мұны біз күнделікті өмірден көріп те жүрміз. Жақында өткен кезектен тыс Президент сайлауы да бұқара талап еткен ашықтық пен әділдікті айқындай түсті. Енді әр азаматтың алдынан жауапкершілік пен табандылықты, шынайылық пен айқын ұстанымды қажет ететін жаңару жолы ашылғандай. Біз осы тұрғыда Мемлекет басшысы қойып отыр­ған міндеттер мен стратегиялық бағыттың негізгі ұстанымдары, оның көпшіліктің қолдауына ие болу маңызы жайлы ой-пікір өрбіту мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік ­БЕКЖАНОВТЫ әңгімеге тарттық.

– Берік Айдарбекұлы, кешегі кезектен тыс сайлауда Мемлекет басшысын халық басым дауыспен жеті жылға сайлады. Осы тың бастаманы қалай бағалайсыз?

– Иә, кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Мен мұны жаңа дәуірдің бастамасы дер едім. Көпшілік сайлауға үлкен үмітпен барды. Елдің ертеңіне деген зор сенімі айқындалды. Әсіресе, бұл посткеңестік кеңістікте болып жатқан гео­саяси жағдайларда мемлекеттілігімізді нығайту үшін аса маңызды қадам екенін байқаймыз. Өйткені ол саяси жүйе институттарын қайта жаңартуға – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл сайлау халық бірлігін нығайтуға, азаматтық қоғам мен биліктің үйлесімді әрекет етуіне мол ықпал етпек. Сондықтан Қазақстан халқы өзінің дұрыс таңдауын жасады. Айқын басымдықпен халықаралық деңгейде асқан беделге ие тәжірибелі дипломат, сарабдал саясаткер, елге сыйлы Қасым-Жомарт Кемел­ұлына дауыс беріп, жеті жылға сайлады.

Шынын айту керек, бүгінгі таңда біз тарихи бетбұрыс кезеңінде тұрмыз. Мемлекетті демократияның даңғыл жолына бағыттау, әрі оны барлық жауапкершілікті сезіне отырып, өзгерісті өзінен бастау – Президенттің Әділетті Қазақстан құрудағы нақты қадамы деп түсінемін. Өзінің өкілетін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу – үлкен саяси шешім. Өйткені өзі атап көрсеткендей, бұл кезеңде кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға толық негіз бар. Оның үстіне ең жоғары лауазымдық мандатты бір мерзіммен шектеу бүкіл стратегиялық міндеттердің дер кезінде жүзеге асырылуына асқан жауапкершілікпен күш жұмсалуын қажет етеді. Сонымен қатар билікті меншігі ретінде иемденуге жол бермейді. Сондықтан бір мерзімге сайланған адам бүкіл күш-жігерін өзіне берілген жалғыз мүмкіндікке арнап, мемлекеттің мүддесі, халықтың қамы үшін игі істер атқаруға тырысатыны сөзсіз.

Алдағы уақытта Қазақстан Парламенті Мәжілісіне депутат сайлау да бұрынғыдан өзгеше болады. Атап айтқанда, олардың жетпіс пайызы партия­лық тізіммен өтсе, отыз пайызы бір мандатты сайлау жүйесі арқылы келетін болады. Яғни заң шығарушы биліктің де өкілеті айқындалып, жетіліп, реттеліп жатыр деп айтуға болады

– Қазір біз суперпрезиденттік жүйеден президенттік-парламенттік жүйеге көшуге бағыт алудамыз. Мұның жетістігі неде деп ойлайсыз?

– Бүкіл биліктің бір адамның қолына шоғырланғаны не беретінін біз көрдік қой. Әр тұлғаның дербес шешім қабылдау құқығы кешегі суперпрезиденттік жүйеде жүзеге аспады. Содан келіп бұл, шын мәнінде, экономиканың әртараптандырылуына, жалпы әлеуметтік мәселелердің жан-жақты оңтайлы шешуіне тежеуіш болды. Өткеннен сабақ алу – жақсы үрдіс. Енді ол қателіктер қайталанбауы үшін Президент суперпрезиденттік жүйеден президенттік-парламенттік жүйеге көшуді ұсынды. Оны да өзі бастап қолға алды. Президент саяси партиялардың жұмысына араласпайтынын айтты. Сосын да «Аманат» партиясының төрағалығынан бас тартып, мүшелігінен шықты. Енді алдағы уақытта елдегі саяси партиялар өзінің өміршеңдігімен, іскерлігімен, бағдарламасының халыққа жақындығымен, оның орындалуымен абырой жинай алады. Бұдан былай өңірлердегі әкімдер де партияда басшылық қызмет атқармайды және оның жұмысына араласпайды. Бұл – партия өз бастамасы арқылы елге, жұртқа қызмет етіп, танылуы керек деген сөз.

Қазір Мемлекет басшысы өзінің Парламентті жасақтау өкілетін де шектеп отыр. Мәселен, бұрын Президент он бес Сенат депутатын тікелей өзі тағайындаса, ендігі жерде тек Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған бес адамды және өзінің тарапынан бес адамды Сенат депутаты етіп бекітеді. Ал Парламент Мәжілісінде Қазақстан халқы ассамблея­сынан депутат болмайды. Алдағы уақытта Қазақстан Парламенті Мәжілісіне депутат сайлау да бұрынғыдан өзгеше болады. Атап айтқанда, олардың жетпіс пайызы партиялық тізіммен өтсе, отыз пайызы бір мандатты сайлау жүйесі арқылы келетін болады. Яғни заң шығарушы биліктің де өкілеті айқындалып, жетіліп, реттеліп жатыр деп айтуға болады. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары да «елу де елу» деген ұстаным бойынша, яғни елу пайыз партиялық жүйемен, елу пайыз бір мандатты депутаттармен толығады. Ал аудандық деңгейде түгел бір мандатты округтен сайланатын депутаттар өтеді. Парламент Мәжілісіне де қоғамдық ұйымдардан немесе өзін-өзі ұсыну арқылы бір мандатты депутаттар келе алады. Сосын ендігі жерде заңды қабылдайтын Мәжіліс болады. Осылай азаматтық қоғамды биліктің жұмысына араластыру парламенттік жүйені жетілдіруге үлкен жол ашады деп ойлаймыз.

– Елімізде Конституциялық соттың құрылуы заң үстемдігін нығайта ала ма?

– Иә, Конституциялық сот құрылды. Мұның ең басты артықшылығы – енді азаматтар өздерінің конституциялық құқығының шектелгені туралы осы сотқа тікелей жүгіне алады. Президент те ең бірінші заңның елімізде үстемдік орнатуына баса назар аударып отыр ғой. Ендігі жерде заң салтанат құруы үшін әр азамат өзінің құқығы мен жауапкершілігін жақсы білуі тиіс. Сондықтан әркімнің құқығы заң деңгейінде қорғалуы да аса маңызды. Осы негізде адам құқықтарын қорғайтын уәкіл лауазымы енгізілді. Арнайы конституциялық заң қабылданды. Егер бір азамат өзінің құқығы бұзылды деп есептейтін болса, осы өкілдерге жүгіне алады. Міне, заман туғызып отырған жаңашылдықтың бір парасы осыдан-ақ көрінеді.

Екінші бір мәселе, қандай да бір заң азаматтың құқығын шектейтін болса, сол нормативтік актілердің сәйкестігін немесе сәйкессіздігін анықтау үшін енді сол адамның құқығын қорғайтын Конституциялық сот бар.

Тағы бір айта кетер жай – азаматтардың билікке араласуы. Бұған дейін бұл іс өкілетті органдар, яғни депутаттар арқылы жүзеге асырылып келсе, енді қоғамдық кеңестердің рөлін кеңейтіп, олардың өмірдің қайнаған ортасына белсене араласуына барынша жағдай жасалып отыр. Осы тұрғыда Парламентте қоғамдық кеңес­терге қатысты заң жобасы да қаралуда. Ондағы мақсат – азаматтардың белсенділігіне заң шеңберінде жол ашу.

Жақында Мәжілісте Алқа билер соты туралы мәселеге қатысты Қылмыстық-процессуалдық кодекске өзгерістер енгізілді. Алқа билер институты арқылы да қарапайым азаматтар сот билігінің жұмысына тікелей араласуға мүмкіндік алады. Міне, осының бәрі, Президенттің өзі айтқандай, мемлекеттің халыққа қызмет атқаратынын айқындай түседі.

Конституциялық соттың негізі – ең бірінші оның тәуелсіздігінде. Тек қана Ата заңға бағынуында. Ол әрі еліміздегі заңдардың, заңға қатысты актілердің Конституцияға сәйкестігін бақылайды. Сосын бірінші кезекте қарапайым азаматтардың құқығын қорғайды.

Бұрын Конституциялық ке­ңеске елдегі Президент, Парламент палаталарының төрағалары, депутаттардың бір бөлігі, сосын судьялар ғана жүгінген болса, ендігі жерде бас прокурор, адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, құқығы шектелген болса, қатардағы азаматтар да Конституциялық сотқа шағым түсіруге мүмкіндігі бар.

Енді барлығын жинақтай айтқанда, заң үстемдігі дегеніміз – осы. Оны нығайтудың кейбір тетіктері де күнделікті өмірден айқын көрініп келеді. Конституциялық соттың судьялары сегіз жылға сайланады. Осының өзі үлкен мәселені аңғартпай ма, біздің құқықтық мемлекет құру жолындағы оң қадамдарымызды нақтылай түспей ме?!

Бір мәселені анық түсінуіміз қажет, саяси реформалардың сапалы жүзеге асуына тек мемлекет қана емес, халықтың, яғни сіз бен біздің де жауапты екенімізді ұмытпағанымыз жөн.

«Заң алдында хан да бір, қара да бір» деген ұғым бар, яғни заңды орындау – бәрімізге ортақ іс.

– Бір кезде шетел асқан қаржының қайтарылуы туралы не айтасыз?

– Бұл енді үлкен мәселе. Расында да, игілігі мен қызы­ғын халық көруі тиіс орасан қомақты қаржы жең ұшынан жалғасқан әлдебір сыбайластық жолмен шетел асып кеткені маңдай терін сыпырып, адал еңбегімен нан тауып жүрген қарапайым адамдардың жүрегін ауыртары сөзсіз. Тіпті ол, шындап келгенде, елдегі әр азаматтың ақшасы, сіз бен біздің ақшамыз. Ел экономикасын көтеріп, бюджеттің бүйірін толтыруы өте қажет қаражат ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатса, кімнің іші ашымасын?! Осыған байланысты бүгінгі таңда Президенттің бастамасымен ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының басшылығымен арнаулы комиссия құрылды. Қазақстан Үкіметіне де осы негізде Президент тарапынан тапсырма беріліп, ұсыныстар әзірленуде. Заңнамалық негізді де қалыптастыру көзделуде. Сондықтан құзырлы органдар бұл төңіректе жан-жақты жұмыс жүргізіп жатқаны анық.

Мойындау керек, бұл – ұзақ та көп тер төгуді, халықаралық дәрежеде әділетті, нақты шешім қабылдауды қажет ететін күрделі үдеріс. Жаңа айтып өткенімдей, осы бағытта капиталды қайтаруға қажет рәсімдерді реттейтін заң жобасы әзірленуде. Онда әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жою тетіктері дәйектелді. Қазір сең қозғалды. Кейбір деректер бойынша бүгінгі таңда 620-630 миллиард теңгедей қаржы елге қайтарылып отыр. Енді сол қайтарылған барлық қаражат ел игілігіне жұмсалып, адамдардың әл-ауқатын арттыруға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдаланылуы жоспарлануда. Осының барлығы мемлекеттің халыққа қызмет ететін қағидатының бір белгісі деп қабылдағанымыз жөн.

– Қазір елімізде кедейшілік шегіндегі адамдардың аз емес екені белгілі болып отыр. Осыған байланысты не айтасыз?

– Бүгінде кедейшілік қандай елде болмасын өзекті мәселеге айналып отырғаны айдан анық. Расы керек, бұл әлеуметтік жайсыздықтың астарында үлкен түйткілдер жатыр. Кешегі нарыққа жаппай ену кезеңінде кеткен қателіктерден, жең ұшынан жалғасудан, сыбайлас­тықтан көптеген адам опық жеп қалды. Әсіресе, елдің бесігі – ауылға деген көзқарастың кемшіндігінен қазына қазанының түбі көрініп қалғанын жасыруға болмайды. Міне, осының негізі әлеуметтік салаға кері әсер етті. Бұл жерде урбанизация мәселесі де айтарлықтай ықпалын тигізді. Тұрмыс-тіршілігі нашарлаған елді мекендердің тұрғындары ірі қалаларға жаппай қоныс аудара бастады. Кейбір ауылдар қаңырап бос қалды. Жастарды жұмыспен қамту қиындай түсті. Оның үстіне елді жайлаған кешегі жаппай індет те жығылғанға жұдырық болды. Осыдан келіп кедейшілік деген ұғымның айқын көріне бастағанын байқадық. Әрі оны алғаш болып айтқан да, одан шығудың жолдарын нұсқаған да Мемлекет басшысы болды.

Осыған орай, мемлекет ең алдымен халықты жұмыспен қамту мәселесі, оның ішінде ауылдағы ағайынның көсегесін көгертуді жоспарлап отыр. Бұған қоса, жаңа Әлеуметтік кодекс енгізіледі. Соның аясында еңбек нарығын ырықтандыру және икемді жұмыспен қамту мәселелерінде бірқатар шара қарастырылады. Атап айтқанда, отбасылық цифрлық картасы енгізіледі. Олардың қатарына өзін-өзі жұмыспен қамтыған және онлайн платформалар арқылы жұмысқа орналасқан адамдар кіреді. Міне, осындай келелі-келелі мәселелер мұндай келеңсіздіктерді жоюға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Әрине, халық айтады ғой «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деп. Бұл тұрғыда адамдарда ынта-жігер болуы әбден қажет. «Екі қолға – бір күрек» деп талпынса, істеймін деген адамға жұмыс табылады. Әрі оған мүмкіндік туғызуға Үкімет те мүдделі болып отыр.

– Демократия, әділеттілік деген ұғымды қалай бағалайсыз?

– Демократия деген ұғымның өзі тәртіппен байланысты. Заңның жолымен жүрген адам ғана нағыз демократ бола алады. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп аузына келген сөзді оңды-солды айта беру әдепке де, әділеттілікке де жатпайды. Расы керек, қазір әркімнің өз ойын бүкпесіз айтуына толық мүмкіндік беріліп отыр. Тіпті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттың бірі. Осыны арқаланған бұқара қазір іштегі қордаланып қалған мұң-мұқтажын, түйткілдерін, тіпті өкпе-ренішін де ашық айта бастады.

Президенттің өзі халықтан ештеңені жасырып жатқан жоқ. Ашық айтып жатыр. «Барлығын да қолдан келгенше түзейміз» деп осы бағытта ауқымды жұмыс жүргізуге өзі мұрындық болып келеді. Тіпті референдум туралы да, кешегі сайлау туралы да ол кісі ашық айтты. «Барды – бар, жоқты – жоқ» деді. Міне, пікір ашықтығы, көзқарас бірлігі деген – осы. Біз Әділетті Қазақстан құрамыз деп жатырмыз ғой. Сол әділеттілік дегеннің өзі – заңға бағыну. Біз баршамыз неғұрлым заңды сыйласақ, оны бұлжытпай орындасақ, Әділетті Қазақстанға тез жетеміз.

Біз жақсы өмір сүргіміз келеді, тұрмыс-жағдайымызды көтергіміз келеді. Бәрі дұрыс. Бірақ менің өз ұстанымымда, адам соны басқаға міндет артпай, өз қолымен жасауы керек. Ол үшін құқығымыз бен жауапкершілігімізді бірдей білуіміз керек. Біз кейде құқығымызды талап етеміз де, жауапкершілігімізді ұмытып кетіп жатамыз. Қарапайым мысал, қоқысты көшеге тастай саламыз. Соны өзінің белгіленген жеріне тастасақ, ол да жауапкершілігімізді сезініп, қоғамға, мемлекетке көмектескеніміз болар еді.

Жалпы, азаматтық әділетті қоғам қалыптастырудың алғышарты, міне, осындай іс-әрекеттерден бастау алса керек. Өмір сүріп отырған ортасына құрмет таныту, ондағы заңды қадірлеу, ең алдымен, адамның саналы екенін білдіреді. Ал саналы адамдармен өмір сүру бізді үлкен биіктерге жеткізері сөзсіз. Адамдар бір-біріне құрметпен қарап, ішкі жан дүниесін айтқыз­бай-ақ түсінісетін елдерде ғана береке болады екен. Ендеше Президент жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, ондағы айтылған әрбір сөздің астарына үңіліп, мағынасына мән беретін болсақ, әрі оның орындалуына бәріміз бірдей атсалыссақ, Жаңа Қазақстан бізге неғұрлым тезірек есігін ашары сөзсіз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button