«Заң және бала: қатесіз болашақ» қойылымдар байқауының жеңімпаздары анықталды
Астанада Сарыарқа ауданында «Заң және балалар: Қатесіз болашақ» қойылымдар байқауының финалы өтті. Байқауға ауданның 27 мектебі қатысты. Финалға шыққан үздік бес команда құқық, әділдік және қатесіз болашақ тақырыптарын қамтыған өздерінің ерекше қойылымдарын ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет сезімін қалыптастыру және олардың шығармашылық әлеуетін ашу. Финалға өткен қойылымдардың ұзақтығы 10-15 минутты құрады. Әрбір қойылым мазмұнды сюжетімен және эмоциялық тереңдігімен ерекшеленді.
I орын І. Жансүгіров атындағы №58 гимназиясына бұйырды. Бұл команда көрермендерді терең ой салатын әрі шебер қойылған сахналық өнерімен баурап алды. II орын И. Есенберлин атындағы №67 лицейге табысталса, 3 орын Ғ. Қайырбеков атындағы №2 гимназия оқушыларына табысталды..
Одан бөлек, «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық мәселелерді терең ашқаны үшін» — №6 гимназия оқушылары, «Ең үздік сценарий» — Қ. Сәтпаев атындағы №61 лицей марапатталды.
Сонымен қатар, финалда «Ең үздік актер/актриса», «Екінші пландағы үздік рөл», «Көрермендер көзайымы» және басқа да номинациялар бойынша марапаттар табысталды.
Байқау Сарыарқа ауданы прокуратурасының, аудан әкімі аппаратының, сондай-ақ Астана қаласы Білім басқармасы мен Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Қатысушыларды іріктеу 6-25 қараша аралығында өтті. Қазылар алқасының құрамына мәдениет өкілдері, полиция, прокуратура және аудан әкімдігінің өкілдері енді.
Балалардың құқықтары — жарқын болашақтың кепілі!