Қоғам

Заң және тәртіп

Бұл мақаламыз заң мен тәртіп тақырыбына арналғандықтан, алдымен «заң дегеніміз не?» деген сұраққа жауап берейік. «Құқықтық актілер туралы» ҚР заңының 1-бабына сәйкес, заң – аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, Қазақстан Республикасының Конституциясындағы қағидаттар мен нормаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт.

 

Заң Ата Заңымызда белгі­ленген тәр­тіптерде заң шы­ғарушы би­лікпен, яғни ҚР Парламентімен қабылданады. Жоғарыда аталған заңның 10-бабына сәйкес, нормативтік құқықтық актілер сатылай (иерархиялық тәртіпте) орналасады. Қазақстан Республикасы ­Конституциясының жоғарғы заңдық күші бар. Конституция, Ата Заң (латынның constitution – «құрылым» сөзінен шыққан) – мемлекеттің негізгі заңы, елдегі барлық басқа заңдарға қатыс­ты жоғары заңды күшке ие заң. ҚР заңдарының нормалары (ережелері) ҚР Конс­титуциясының нормаларына қайшы келмеуі тиіс, қайшы келген жағдайда қолданылуға жатпайды.

Ата Заңымыздың 4-бабына сәйкес, мемлекетімізде қолданылатын құқық – ­Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттар мен Қазақстанның басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ ҚР Конс­титуциялық сотының және Жоғарғы сотының нормативтік қаулылары.

Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқығы мен бостандығы (Ата Заңымыз­дың 1-бабы). Әбу Насыр әл-Фараби: «Ғаламда әр адамның өз орны бар» деп адамды құрметті орынға қойған.

Қоғам және мемлеке­тіміздің негізгі заңының 12-бабына сәйкес, адам құқығы мен бостандығына кепілдік беріледі. Ол әркімге тумысынан жазылған, абсолютті деп танылады, ал заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Яғни мемлекетімізде барлық нормативтік құқықтық актілердің, заңдарымыздың қабылдануында азаматтарымыздың, адамдардың құқығы мен бостандығы, қоғамымыз бен мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделеді.

ҚР Конституциясының 13-бабына сәйкес, әркім құқық субъектісі ретінде танылады, яғни әркім өзінің құқығын қолдануда, заңға қайшы келмейтін тәсілдермен құқықтық қатынас­тарға түсе алады. Еліміздің азаматтары өз құқығы мен бостандығын жүзеге асыруында басқа адамдардың құқығы мен бостандығын бұзбауға, қауіп-қатер келтірмеуге, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа қайшы әрекеттер болмауы керек. Мемлекетіміздің азаматтары көптеген құқықты иелене отыра, оларға заңдарымыз­бен міндеттер жүктеледі. Мысалы, Отан қорғау, табиғатымызды қорғау, салық төлеу, орта білім міндеттілігі, ата-­ананың балаларына қатыс­ты бағып-қағу міндеттілігі, кәмелет жасына толған еңбекке жарамды балаларының еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтуі, көмек көрсетуі, т. с. с. Заңмен жүктелген міндеттер барлық азаматтарымыз­ға, адамдарға, лауазымды адамдарға, мемлекеттік қызметкерлерге, меншік нысанына қарамастан, барлық ұйымға жүктеледі. Міндеттер мүлтіксіз орындалуға жатады, орындалмауы әкімшілік не қыл­мыстық жауаптылықты тудырады.

ҚР Азаматтық-процестік кодексінің 112-бабымен көзделген реттерде азаматтар тегін заң көмегін ала алады. Тегін заң көмегі әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық істер бойынша да көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 749-бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 67-бабына сәйкес, күдіктінің, айыпталушының, ақталған адамның, егер өздері таңдаған адвокаттары болмаса, құқығын қорғауға процесті жүргізетін орган заң кеңесінен адвокаттың қатысуын қамтамасыз ету туралы қаулы шығарады. Сот қау­лысы кәсіби адвокаттар алқасына міндетті. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР заңының 26-бабында «Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар» тізбесіндегі тұлғалар заң көмегін тегін алуға құқылы. Аталған заңның 19-бабында «Кешенді әлеуметтік заң көмегі» бойынша арыз, дау мәселелерінде лауазымды адаммен, уәкілетті органмен қорытынды шешім қабылданғанша тегін заң көмегі көрсетіледі. Заң көмегін өз құзыреті шегінде: мемлекеттік органдар, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, заң консультанттары көрсетеді. Заң көмегін көрсететін субъектілер «Кешенді әлеу­меттік заң көмегін» ерікті түрде жүзеге асырады.

Еліміздің азаматтары құқығын жүзеге асыруда, заңды мүдделерінде құзырет шеңберіне қарай, ұйым­дарға, мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы. Дау туындаған жағдайда, сотқа дейінгі тәртіпте шешуге (өзара келісу, ме­диация тәртібі), шешілмеген жағдайда сотқа арыз­дануға құқылы. Қазіргі кез­де дауды (азаматтық, әкімшілік, әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық істер) медиация тәртібінде – тараптардың келісімімен, бітімгершілікке келуімен шешуде медиация ұйымдары ерекше орын алады.

Тәжірибе жүзінде азаматтар өтініш, арыз пәнінің қандай мемлекеттік органның құзырет шеңберіне жататынын анықтауда қиындықтар тудыруы мүмкін. Негізі, барлық мемлекеттік органдарымызға жүктелген басты міндет – азаматтарымыздың, адамдардың құқығын қорғау. Егер азаматтарымыз жолдаған өтініш, арыз жүгінген ­ұйымның, мемлекеттік органның қарау шеңберіне жатпаса, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 65-бабына сәйкес, өтініш, арыз, жолданым келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей тиісті ла­уазымды адамға, уәкілетті органға жолдануға жатады. Бұл ретте өтініш, арыз жолдаған шағым иесі хабардар етіледі.

Қазақстанда сот төре­лігін тек қана сот жүзеге асырады. Сот билігі азаматтар мен ұйымдардың құқығын, бос­тандығы мен заңды мүдде­сін қорғауды Қазақстан Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.

Қазақстан өзін демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтыруы құқықтың, заңның үстемдігін көздейтін, халық билігі, теңдік, әділдік, құқық, еркіндік қағидаларына негізделген мемлекет ретінде бекіткенін білдіреді.

Заң үстемдігі орын ал­ған, халық билігі, теңдік, әділдік, құқық, еркіндік қағидалары орын алғанда қоғамда, мемлекетте тәртіп орнайды.

«Тәртіп» сөзіне көптеген мағынада түсінік беруге болады. Латын тілінде «disciplina» мағынасын білдіреді. Тәртіп түсінігінің бірі – белгілі бір тәртіпті сақтау­ға бағытталған адамның мінез-құлық үлгісі. Тәртіпке қатысты Бауыржан Момышұлы атамыз: «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген.

Тәртіп түсінігі сан ­алуан: отбасындағы тәртіп, мекеме, ұйым іші тәртібі, әс­кери тәртіп, қоғам тәртібі, т. с. с. Сонымен, тәртіп түсінігіне «өзін-өзі тәрбиелеу» деген де ұғым беріледі. Яғни тәртіп тәрбие, әдеп сөздерімен тығыз байланысты.

Қорытындысында айтарым, ар-намысы мен ұяты бар ұрпақ заң мен тәртіпті сақтайды, қоғам мен ­Отанымызға пайдалы ­қызмет етеді.

Айдархан ТҰРҒАНҰЛЫ,
Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button