Заң жобасы талқыланды

«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөнінде заң жобасына енгізілетін бірқатар түзетулер талқыланды. Жиынға «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов, бірқатар меншіктің мүлік иелері бірлестігі және пәтер иелері кооперативі төрағалары қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет» екенін атап айтқан еді. Қазіргі таңда тұрғын үй қорын басқару жүйесі саясатын жетілдіру – заман талабы әрі күн тәртібінде тұрған кезек күттірмейтін күрделі мәселелердің бірі.
«Бұл заң жобасының аталмыш саланың өзіне, жалпы бүкіл халыққа, көпқабатты үйдің әр тұрғынына қатысы бар. Бұл жерде талқыланатын мәселе жетерлік. Айта кетейін, заң жобасы қабылданған жағдайды тарифке әсерін тигізбейді. Мүлік иелері бірлестігі және пәтер иелері кооперативінің ашықтығын қамтасыз етеді. Әрі тұрғындар бұған жіберген өз шығындарын бақылай алады» дейді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Отырыста «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының «TURGYNDAR AMANATY» жобасының таныстырылуы мен іске асыру тетіктері баяндалды. Қалалық филиалдың Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің сөзінше, жоба бірінші кезекте, көппәтерлі үйлердегі тұрғындармен яғни, сайлаушылармен жұмыс істеуге бағытталған. Негізгі мақсаты – қолайлы, қауіпсіз, жайлы және заманауи қалалық жайлы орта құру, аула аумақтарын абаттандыру және тұрғындар белсенділігін арттыру.
«Тұрғындар күнделікті тіршіліктің қамымен мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан саясат пен іске асырылып жатқан бағдарламалар туралы білмейді. Жергілікті атқарушы органдардың іске асырып жатқан жобаларынан бейхабар қалады. «Халық қатысатын бюджет» – халық қатысуымен әзірленетін және іске асырылатын жоба. Мемлекет басшысы да өз Жолдауында аталған жобаның табысты енгізілгенін атады. Жалпы жергілікті қазына қаржысын жұмсауға тұрғындардың қатысуы – әлемде бар тәжірибе. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында өткен арнайы семинарда МИБ және ПИК төрағаларына «Халық қатысатын бюджетке» қатысудың мүмкіндіктері мен тәртіптері туралы түсіндірілді. Бірқатар төрағалар бұл жобадан бейхабар, хабары болса оған қатысудың тәртібін білмейді. Меніңше, аудандық әкімдіктермен қатар, кейбір басқармалар қаланы абаттандыру мен көгалдандыру, тротуарлар мен ағымдағы жол жөндеуге қажет жергілікті бюджетті бөлуде тұрғындарды қатыстыру керек» дейді М.Болысбек.
Биыл ақпан айының ортасынан бастап жаңа жоба аясында МИБ пен ПИК төрағаларына арналған семинар ұйымдастырылған. Коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарының қатысуымен болған семинардан 538 төраға өтіпті. Алдағы уақытта мұндай семинарлар кезең-кезеңімен өткізілмек.
Ержан ҚОЖАС
фото: Оңалхан Өнерхан