100 қадам - Ұлт жоспары

Заңда меритократия қағидаты күшейтілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құруға қатысты бірқатар міндеттер жүктегені белгілі. Осыған байланысты биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданды. Осы заңның ерекшелігі мен ондағы талаптар жөнінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тілеген Қасқинмен әңгімелескен едік.

KBB_8667

Қызметтік өсу ең төменгі лауазымнан басталады
– Тілеген Төлегенұлы, биылғы жылдың басынан бері қолданысқа енгізілген мемлекеттік қызмет туралы заңның қабылдануына не түрткі болды? Оның бұрынғы заңнан ерекшелігі мен мемлекеттік қызмет сапасын арттырудағы тиімділігі жөнінде айта кетсеңіз?
– Өздеріңіз жақсы біле­сіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында елімізді 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елдің қатарына қосу міндетін қойды. Президенттің осы тапсырмасын орындаудың басты тетіктерінің бірі – мемлекеттік қызмет саласына қойылатын талаптарды күшейтіп, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру. Биылдан бастап қолданысқа енгізілген заңда осы талаптар ескерілді.
Жаңадан қабылданған «Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңда мемлекеттік қыз­меттің мансаптық моделін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінген. Енді төменгі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қа­сиеттеріне байланысты ай­қындалады. Енді мемлекеттік қызметке үміткерлер үш сатылы іріктеу жүйесінен өтеді. Қызметтік саты ең төменгі
лауазымнан басталады. Ал одан әрі жоғарылау үшін төменгі лауазымда жұмыс өтілі болуы керек. Ерекше айта кетерлігі, мемлекеттік қызметшілердің ман­саптық жоғарылауы тек қана конкурс арқылы жүргізіледі.
Жалпы мемлекеттік қызметке қадам басқандар үш кезеңдік іріктеуден өтеді. Біріншісі – тестілеу, екінші кезең – жеке қасиеттерін бағалау, үшінші кезең – әңгімелесу. Аталған кезеңдерден сүрінбей өткен­дерге тәлімгерлер бекітіліп, 3 айдан 6 айға дейін сынақ мерзімінен өтеді. Заңға сәйкес, мемлекеттік органдардағы босаған лауазымдарға конкурс мемлекеттік органның ішінде, өз қызметшілері арасында өткізіледі. Лайықты үміткер болмаған жағдайда, конкурс барлық мемлекеттік қызметшілер арасында жүр­гізіледі. Егер осы ортадан да үздіктер анықталмаса, жеке квазимемлекеттік сектор қызметкерлері арасында жалпы конкурс жарияланады. Бұл дегеніміз – сол мекемедегі білікті, өз жұмысын жақсы атқаратын азаматтарды көтермелеп, қызметтік өсуіне жол ашу деген сөз. Осы жаңа заң бойынша ағымдағы жылы Астанадағы мемлекеттік органдар 179 бос әкімшілік лауазымға 31 конкурс өткізді. Оған 273 кандидат қатысып, байқаудың нәтижесінде 103 азамат, яғни, кандидаттардың 57 пайызы жеңімпаз болды.
Бос лауазымдардың басым көпшілігі «бас маман» санаты бойынша жарияланды.

chinooshi

Тестілеуде де өзгеріс бар
– Мемлекеттік қызметке үміткерлерге тестілеу ұйым­­дастыру мәселесінде де өзгерістер енгізілгенін естідік…
– Иә, тестілеуді ұйымдас­ты­руға байланысты тәсілдер де өзгерді. Тестілеу мемлекеттік органдардағы конкурстардан тыс, азаматтардың өтініші бойынша кез келген уақытта өткізіле береді. Үміткерлер тестілеуге «Электрондық үкімет» интернет-порталы арқылы қол жеткізе алады. Азаматтарға бір жыл ішінде конкурстық іріктеуге қатысу құқын беретін сертификат беріледі. Осының арқасында қазіргі күні тиісті ұпайды жи­наған кандидаттар қатары арт­ты. Мысалы, есептік ке­зең­де тестілеуден өтуге 1283 адам өтініш берсе, олардың 60 па­йызы шекті деңгейге жетті.
Тестілеу рәсімі мемлекеттік органда конкурс өткізуден бөлек ұйымдастырылатындықтан, оның өткізу мерзімі 10-15 күнге дейін қысқарды. Бұған қоса, тестілеуді техникалық қорғау жүйесі күшейтіліп, тестілеу бағдарламасы күрделене түсті. Себебі, мемлекеттік қызметке осы саланың бүге-шігесіне дейін білетін азамат қана келуі керек. Демек, ол адам біліктілік жағынан да, этикалық тұрғысынан да, мінез-құлқы, қарым-қатынасы жағынан да мемлекеттік қызметші деген атқа лайық болуы тиіс. Қолданысқа енгізілген жаңа заңның басты мақсаты да – осы.

Мемлекеттік қызметкер болу мерейлі міндет
– Мемлекеттік қызметшінің көпшілікпен қарым-қаты­насы, әдебі жөнінде әртүрлі пікірлер бар. Заңда мем­ле­кеттік қыз­меткердің қоғам­дағы жағымды бейнесін қа­лыптас­тыруға ар­налған қандай да бір бап бар ма?
– Мемлекеттік қызметші болу – мерейлі міндет. Сондықтан осы саланың тізгінін ұстағандар қай жағынан да үлгі көрсетуі тиіс. Олардың мінез-құлқы мен қарым-қатынасы арқылы жұртшылықтың мемлекеттік қызметке деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан қызметкерлердің жағымды бейнесін қалыптастыруға арналған нормалардың болуы міндетті. Жаңа заң бойынша, мемлекеттік қызметкерлердің этикалық мінез-құлқы туралы Әдеп Кодексінде белгіленді. Мұнда қызметкерлер өздерін қалай ұстау керек, тәртібі қандай болуы қажет бәрі де анық жазылған. Бұл мәселелерді үйлестіру әдеп жөніндегі уәкілге жүктелді. Елорда бойынша уәкіл болып, Астана қаласы әкімінің кеңесшісі Рахат Бекқадамов тағайындалды.

Басшыларға дербес жауапкершілік
– Елбасы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді де басты міндет етіп қойды. Осы­ған байланысты қандай мәсе­лелер қарастырылып отыр?
– Мемлекеттік қызмет туралы заңнамада мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика талаптарын сақтаудан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы нормалары да қарастырылды. Айталық, мемлекеттік органдардың басшылары, әкімдер болып табылатын мемлекеттік саяси қызметшілер өзі тағайындаған, басшылық лауазымды атқаратын бағынысты мемлекеттік қыз­метшілер сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда және оған қатысты соттың заңдық күшіне енген айыптау үкімі болса, отставкаға кетеді. Сонымен қатар, азаматтарды мемлекеттік лауазымдарға заңсыз тағайындаған, мемле­кеттік лауазымдарға орналасуға конкурстар тәртібін бұзған, тәртіптік жазаны заңсыз берген мемлекеттік орган басшылары дербес жауапкершілік арқалайтын болады.
Жалпы жаңа заң меритократия қағидатын күшейту, ашықтық, әдептілік, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төз­ беушілік арқылы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді мақсат етті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button