Әлеумет

Заңдастыруға да патриоттық сезім керек

Мүлікті заңдастыру – көлеңкедегі қаржы мен басқа да мүліктерді жарыққа шығаруда әлемде өзін ақтаған ең бір тиімді жүйе. Мемлекеттің заңды түрде жасаған арнайы жеңілдігі нәтижесінде бұрын жасырын ұсталған қаншама қаржы жарыққа шығып, ел экономикасына жұмыс істей бастайды.

Астана қалалық Қаржы басқармасының бастығы Руслан Досаевтың мәліметіне қарағанда, 2015 жылдың аяғында тек елорданың өзінде құны 67 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын мүлік заңдастырылған екен. Астана қаласындағы жергілікті атқару органдар жанындағы мүлікті жария ету жөніндегі комиссияға келіп түскен бес мыңнан астам өтініштің нәтижесінде 4369 нысан заңды түрде жекешеленген.
Елімізде 2014 жылдың 1 қыркүйегінде басталған мүлікті жария ету акциясы осындай қомақты нәтижеге қолымызды жеткізгеннен кейін өткен жылы арнайы заң қабылданып, акцияның мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Бұған қосымша арнайы заңға толықтырулар енгізе отырып, тағы да қосымша жеңілдіктер қарастырды. Бұл білгендей жасалған қадам болып шықты. Мәселен, 2015 жылдың аяғына дейін шетелдегі мүлкін заңдастыруға байланысты комиссияға бірде-бір өтініш түспеген болса, заңдағы жаңа жеңілдікке байланысты өтініш жасаушылар саны артқан. Биылғы жылдың мамыр айына дейін жергілікті атқару органдары жанындағы мүлікті жария ету жөніндегі комиссияларға келіп түскен өтініштер бойынша шет мемлекеттегі 52 нысан жекешелендірілген. Мұның басым бөлігі тұрғын үйлер екен. Он шақтысы Біріккен Араб Әмірлігінен жекешелендірілсе, қалғандары – Испания­да, Венгрия мен Тайландта, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінде орналасқан жылжымайтын мүліктер. Бұған қоса, қаржы түрінде де біраз мүлік заңдастырыла бастаған. Оның мөлшері әзірге жария етіле қойған жоқ.
Биылғы жылдың басынан күні бүгінге дейінгі көрсеткіштерді алып қарасақ, тек Астананың өзінде құны 83 млрд теңгеден асатын мүліктің жария етілгенін көреміз. Соның ішінде 51 млрд теңгеден астамы сегіз мыңға жуық тұрғын үй екен. Ал тағы бір сегіз мыңнан астамы – тұрғын үй болып саналмайтын нысандар.
– Соңғы заңдастыру басталғаннан бері Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаментіне ақшалай қаржыны жекешелендіру бойынша 64 арнайы декларация ұсынылған болатын. Оның жалпы құны 129 млрд теңгеге тең. Бұған қосымша, он миллионға жуық құнды қағаздар заңдастырылды, – дейді Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының басшысы Фархат Омаров.
Елімізде бұған дейін де жекешелендіру екі рет жүргізілген болатын. Оның да нәтижесі жаман болған жоқ. Мәселен 2002 және 2006 жылы жүргізілген мүлікті жария ету науқаны кезінде Әділет министрлігінің тіркеу органдары арқылы бір миллионнан астам жылжымайтын мүлік заңдастырылған. Ал шетелдерде сақталған 3,5-4 млрд долларға жуық қаржы ел қазынасына құйылған. Сол кезде білікті сарапшылар бұл көлеңкелі экономикада жатқан қаржының 30 пайызы ғана деп мәлімдеген еді. Бұл шамаға соғатын сияқты. Өйткені, еліміздегі көлеңкелі экономиканың үлес салмағы шамамен 20 пайыз көлемінде. Мұны ақшаға салып есептесек, 6 трлн теңгеден астам қаржының көзі құралады. Бұл – ресми мәлімет. Ал бейресми мәліметтерге қарағанда көлеңкедегі қаржы бұдан екі-үш есе көп көрінеді. Мүлік, қаржыны заңдастыруға көлеңкедегі бизнес өкілдерінің 50 пайызы қатысқанның өзінде біз 12 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны елге қайтаруға мүмкіндігіміз бар. Жекешелендіруге байланысты көрсеткіштерге қарап отырып, экономикалық зерттеулер институты сарапшыларының болжамы шыңдықтан алыс жатпағанын бағамдау қиынға соқпайды.
ҚР Қаржы Вице-министрі Ардақ Теңгебаеваның айтуынша, 2017 жылдан бастап Қазақстанда жалпыға ортақ декларация тапсыру ісі қолға алынады. Бұл бірінші кезекте экономиканы дамытуға және ақшасын заңдастыратын азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазірге дейін заңдастырылған мүлік пен қаржының көлемі 1,2 трлн теңгеден де асып кетіпті. Соның ішінде, Қазақстан аумағында заңдастырылған мүліктің көлемі 645 млрд теңгені, Қазақстанның аумағын тыс жерде заңдастырылған мүліктің бағасы 1,8 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, 558 млрд теңге қаржы заңдастырылған. Жалпыға ортақ декларация тапсыру күшіне енгенде көлеңкеде жатқан қаржы көлемі қазіргіден екі-үш есе азайып, есесіне экономикаға құйылатын ақша бүгінгіден анағұрлым көп болары сөзсіз. Қазіргі бағытымыздан біз осыған жақындап келе жатқанымызды сеземіз. Осы жағдай ел азаматтарының санасына, әсіресе, қаржысын көлденең көзден әлі жасырып келе жатқандарға айрықша әсерін тигізері анық.
Мүлікті заңдастыру – қалтарыста қалған пайдамен күресудің бірден-бір жолы. Айта кететін жағдай, жекешелендірілген мүлік пен ақшаға салық салынбайды. Ол заң бойынша салық салынатын табыс болып есептелмейді. Ең бастысы – көлеңкедегі қаражатын заңды айналымға шығаратын азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды. Әрі ақшаны тиімді ресмилеудің бірнеше тәсілі қарастырылған. Мәселен, бар қаржысын заңдастыратын кез келген адам ақшасын 3 жыл аралығында екінші деңгейлі банктердің есепшоттарында сақтай отырып, нарықтық мөлшерлеме бойынша сыйақы алады. Ал оны мерзімінен бұрын кері қайтарған жағдайда банктер 10 пайыз алым ұстап қалады. Вице-министр, сондай-ақ заңдастырушылардың халықтық айпио бағдарламасы бойынша акцияларды сатып алуға болатынын да айтады. Бұған қоса, біздің қазақстандық қор биржасындағы орналасқан акцияларды, мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуға да жағдай жасалған.
Жалпы, жасырын қаржыны заңды айналымға шығару – әлемнің көптеген елінде қолданылатын тәсіл. Мәселен, Үндістанда 5, Португалияда 4, Франция, Австрия, Ирландияда 2 мәрте мүлік және қаржы заңдастырылған. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде ақшасын шетелде сақтайтындар көп. Ал бүгінде төрткүл дүниеде қаржылық, экономикалық тұрақсыздық пайда болды. Грекияға, Италияға, Украинаға апарып салған ақшасын ала алмай қалғандар жайлы естіп те, біліп те жүрміз. Украинада билік өзгеріп, көптеген адамдар сол елге салған миллиондарының қайда кеткенін білмей қалды. Осындай жағдайға душар болмас үшін ақшаңызды өз еліңізге әкелгеннің артықтығы жоқ. 10 пайызы мемлекеттің кәдесіне жұмсалса, қалғанын өз қалауынша пайдаланады. Сайып келгенде, миллиардтаған қаржыны шетелдің экономикасына жұмыс жасатқанша, өз еліңе әкеліп жұмсаған дұрыс емес пе?! Осылай жасасаңыз, бұл да патриоттық сезімнің бір көрінісі болар еді.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button