100 қадам - Ұлт жоспарыҚала тіршілігі

Заңдастырылған мүлік – табыс көзі

Елімізде мүлікті жария ету акциясының аяқталуына небәрі алты айдай ғана уақыт қалды. Осыған байланысты еліміздің барлық өңірінде өтініш берушілердің саны күрт өсіп, көлеңкедегі қаржысын жарыққа шығарып, қол астындағы мүлкін тізімдетушілердің қатары көбейген.

Астана қаласы Қаржы бас­қар­масының мәліметінше, 7 шілдеге дейін жергілікті атқарушы органдар жанын­дағы Мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияға елорда тұрғындарынан жалпы сомасы 92,5 млрд теңгеге бағаланатын барлығы 7062 өті­ніш келіп түскен.

Келіп түскен өтініштер жағынан, әдеттегідей, Алматы ауданы алда келеді. Мүлікті жария ету науқаны басталғалы бері осы ауданда жалпы сомасы 51 млрд теңгені құрайтын 3313 өтініш келіп түскен. Ал, Есіл ауданының әкімдігіне 26 млрд теңгенің 1164 өтініші жолданса, Сарыарқа аудандық комиссиясы да 15,4 млрд теңгенің 2585 өтінішін қарап үлгерген.

Арнайы комиссияның шеші­мімен тұрғын жайлар мен коммерциялық нысандарды қосқанда, жалпы сомасы 92 млрд теңгені құрайтын 18 311 нысанға қатысты өтініш қаралған. Бұл өтініштердің 2 973-і қанағаттандырылып, 30,9 млрд теңгенің 6 494 нысаны заңдастырылды. Бұлар­дың 996-сы – ком­мер­циялық нысандар. Осы­лардың ішінде 5 заңды тұлға­ның қатысу үлесі 457,9 мың теңгені құрады.

Сондай-ақ, мүлікті заңдастыру науқаны бастау алғалы бері қаржыны жария ету бойынша 286,5 млрд теңге сомасына 187 арнайы декларация тапсырылған. Тағы 8 млн 110 мың теңгенің құнды қағаздары жария етілді.

Қаржы басқармасы ма­ман­­­­­дарының айтуынша, қа­былданған декларациялар бойынша келіп түскен қаржылар екінші деңгейлі банктерде ашылған ағымдық есепшоттарға аударылып, заңдастырылып жатыр.

Жалпы мұндай акция елімізде осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Оның алғашқысы 2001 жылдың 14 шілдесі мен 14 тамызы аралығында «Қазақстан Республикасы азаматтарының қаражатын заңдастыруға орай рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес жүргізілген болатын. Бір реттік заңдастыру науқаны ретінде өткізілген бұл шараға 3 мыңға жуық адам өтініш беріп, барлығы 480 млн доллар көлеміндегі қаражат заңдастырылды.

2006-2007 жылдары аралы­ғында екінші рет өткізілген заңдастыруда тек ақша ғана емес, сонымен қатар жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге де мүмкіндік берілді. Соған сәйкес заңдастыру мерзімі де біршама ұзартылып, бір жылдан астам уақытқа созылды. «Мүлікті заңдастыру бойынша рақымшылық жасау туралы» Заң нормаларына сәйкес өтініш берушілердің барлығы әкімшілік құқық бұзушылығы мен тәртіп бұзушылығы үшін жауапкершіліктен босатылды. Бұл жолы жалпы көлемі 844,7 млрд теңгенің мүлкі заңдастырылған болатын.

Мамандар үшінші рет өт­кізіліп жатқан заңдастыру шарасының алдыңғы екі нау­қанға қарағанда біршама жоғары деңгейде болатынын айтқан-тын. Эко­номикалық зерттеулер инс­титуты сарап­шылары 2,2 трлн теңге көле­міндегі мүлік жария еті­леді деп жорамал жасаған. Бүгінге дейін бұл көрсеткіштің жартысынан астамы орындалып та қойды. «Осы орайда, барлығы 90 мыңнан астам жылжымайтын мүлік анықталып, заңды жолмен тіркеуге алынды. Қазақстан территория­сында мүлкі, ақша, бағалы қағаз – барлығын қосқанда, барлығы 725,4 млрд теңге заңдастырылса, ел ау­ма­ғынан тыс жерлерден келіп түскен қаржы көлемі 4,63 млрд теңгені құрады. Бұлардың сыртында 1,089,7 млрд теңге сомасындағы ақша заңдастырылды» деп атап өтті Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Қалай болғанда да, бұл науқан көлеңкелі жолмен ақша та­­уып, онысын заңдастыра алмай жүргендерге жақсы мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы, қыл­мыстық жауапкершілікпен құтылып, тыныш ұйықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл науқанның шарапаты ауылды жерлердегі ағайынға өте қатты тиіп отыр. Кезінде түрлі себептермен жеке бизнес нысандары мен баспаналарын, тағы басқа мүліктерін тіркете алмай қалған тұрғындар оп-оңай жолмен құжаттарын рәсімдеп алып жатыр. «Небәрі екі-үш айдың ішінде үйімді заңдастырып алдым. Ешқайда шапқылаған жоқпын. Бәрін әкімшілік қызметкерлері өздері реттеп берді. Бұл қарапайым халық үшін жақсы бастама болды расында» дейді Астана іргесіндегі Қосшы ауылының тұрғыны Еділ Қуандықов. Сондай-ақ, заңдастырған мүлкін заңды қылып бизнеске салып, еліне пайда әкеліп, ауылдастарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер де аз емес.

«Соңғы кездері тұрғындар тарапынан белсенділік артып келеді. Мүлікті жария ету акция­сы көпшілік үшін пайдалы. Ең бастысы, акция бір мүлікті жария ету және заңды айналымға шығаруға мүмкіндігін береді. Соның ішінде, бұл алдымызда тұрған жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуіне байланысты азаматқа мүлкін ешқандай қорқынышсыз жария етіп алу құқығын береді. Екіншіден, шетелдегі мүлікті жария ету кезінде алынатын он пайыз мөлшеріндегі алым мемлекет бюджетіне түседі. Үшіншіден, субъекті қандай да бір жауапкершіліктерден босатылады», – дейді Алматы аудандық Мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссиясының хатшысы Ернар Қошанов.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button