Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігі

Заңдастырылған қаржы межеден асып түсті

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында өткізілген мүлікті заңдастыру акциясы болжалды межеден асып түсті. Экономикалық зерттеулер институты сарапшылары елімізде осымен үшінші рет өткізіліп отырған заңдастыру науқанында 2,2 трлн теңге көлеміндегі мүлік жария етіледі деп жорамал жасаған. Алайда бүгінге дейін бұл көрсеткіш 4,4 трлн теңгені құрап отыр. Ал науқанның аяқталуына әлі 9 күн уақыт бар.

6666

Соңғы цифрларға сүйенсек, еліміздегі Мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияларға жалпы құны 5,2 млрд теңге болатын 158 872 өтініш келіп түскен. Бүгінге дейін бұл өтініштердің 136 212-сі қанағаттандырылып, барлығы 4 490 774,5 млн теңге қаржы заңдастырылған. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мəліметінше, бұл қаржының 3,1 трлн теңгесі қолма-қол ақша болып отыр. Қалғаны – жылжымайтын мүлік, құнды қағаз және заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлестері. Жария етілген қаражаттың 400 млрд теңгесі шетелдердегі банк шоттарынан келіп түскен. Әлемнің 26 елінен 300-ден астам нысан заңдастырылған.
Жария ету көрсеткіштері жағы­нан Алматы қаласы алда тұр. Алматы облысы – екінші орында. Ал Астана қаласы үшінші орында келеді. Елорда тұрғындары атынан Мемлекеттік кірістер органдары мен Мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияға жалпы көлемі 127,8 млрд теңгені құрайтын барлығы 10 287 өтініш келіп түсіпті. Бүгінге дейін арнайы комиссия бұл өтініштердің 3 900-ға жуығын қарап үлгерген. Нәтижесінде 39,8 млрд теңге болатын 8 508 нысан заңдастырылып, жеке меншікке берілгені туралы заңды құжат тапсырылып отыр. Тағы 5 заңды тұлғаның қатысу үлесі есебінен 457,9 млн теңге есепке алынды. 620,9 млн теңге болатын 815 арнайы декларация тапсырылды. Жария етілген құнды қағаздардың көлемі 10,8 млн теңге болды.
Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша, бұл көрсеткіштер әлі де өсетін болады. «Өйткені қаралып жатқан өтініштер әлі де бар. Нақты есебі жыл соңына қарай белгілі болуы тиіс. Келіп түскен өтініштердің саны жағынан Алматы ауданы алда келеді. Одан кейінгі орындарда Есіл және Сарыарқа аудандары тұр» дейді мамандар.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасына сәйкес қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүргізіліп жатқан мүлікті заңдастыру науқаны осымен елімізде үшінші рет жүргізіліп отыр. Алғашқы заңдастыру акциясы 2001 жылдың 14 шілде мен 14 тамыз аралығында жүргізілген болатын. Бір реттік заңдастыру науқаны ретінде өткізілген бұл шараға 3 мыңға жуық адам өтініш беріп, барлығы 480 млн доллар көлеміндегі қаражат заңдастырылды. Кейін бұл шара 2006-2007 жылдары аралығында жалғасын тауып, ел тұрғындарына тек ақша ғана емес, сонымен қатар жылжымайтын және жылжымалы мүліктерін заңдастырып алуға мүмкіндік берілді. Ол науқан да бір жылдан астам уақытқа созылып, жалпы көлемі 844,7 млрд теңгенің мүлкі заңдастырылған болатын.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button