Құқық

Заңдық сауаттылық маңызды

Өмірде әркім де заңдық сауаттылығын арттырып отырғаны жөн. Азаматтардың немесе заңды тұлғалардың өзіндік әлде мүліктік құқықтарына байланысты туындайтын заңдық тұрғыдағы (бала тууы, некеге отыру, адам өлімі, мүлікті мұраға қалдыру, жұмысқа орналасу, тағы да басқа жайлар) өмірлік маңызды мәселелерді еш қиындықсыз реттеу үшін құқықтық сауаттылық керек.

Әрі бұл жағдайлар куәлар арқылы мемлекеттік өкілетті органдар берген анықтама, еңбек кітапшасы, басқа да актілермен нақты құжат түрінде рәсімделуі қажет. Мәселен, мұрагерлікті жалғастыру үшін мұрагер куәлігі алынуы керек. Ол үшін нотариуске өзінің туу туралы куәлігімен бірге мұра қалдырушының туыстық қатынасын айқындайтын нақты құжат қажет. Сонымен қоса, оның қашан қайтыс болғаны туралы да куәлік тапсырылады. Егер осылардың бірінде сәл қателік кетсе немесе дәлдік анықталмаса, мұрагерлік жалғаспайды. Бір ғана мысал, Астана қаласының тұрғыны Самат Елшібек әкесінен қалған төрт бөлмелі үйге мұрагерлік етуге бекінген. Дұрыс, ол – оның туған жалғыз баласы. Алайда алдын ала толтырылған құжат заңды күшіне енерде әкесінің жеке куәлігіндегі атымен баласының әкесінің атында бір әріп ауысып кеткен. Әкесінің аты «Жанболат», ал мұның куәлігінде «Жамболатұлы» болып жазылып кеткен. Міне, осы жерден ши шығып, мәселе сотқа дейін жеткен жағдайы бар.

Сол сияқты зейнет жасына жеткенде еңбек өтілін нақтылау үшін де еңбек кітапшасындағы жұмыс берушінің мөрі басылып, қолы қойылған бұйрығы мен мекеме атауы нақты көрініп тұруы қажет. Бізде көп жағдайда адамдар өзінің еңбек кітапшасының толтыруына онша мән бермейді. Оны көбі кадр бөлімі қызметкерінің жұмысы деп санайды. Ал шындығында, ол сіздің де жұмысыңыз. Өйткені еңбек кітапшасының сауатты да дұрыс толтырылуы ең бірінші сізге қажет.

Асыраушысынан айырылғандарға жәрдемақы алу үшін құзырлы органдарға өзінің тууы туралы куәлігімен қоса асыраушысының қайтыс болғаны жөнінде куәлік те бірге тапсырылады. Алайда көбіне ауылдық жерде құжаттарға онша мұқият болмай, жоғалып немесе бүлініп, жарамсыз болып қалып жататын жайлар кездеседі. Тіпті кейде бес-алты бала өмірге келгенше некеге тұрмайтын ата-аналар болады. Мұндай жағдайда заңдық маңызы бар фактілер ҚР Азаматтық кодексінің 305-бабы бойынша ерекше өндірістегі азаматтық үдеріс тәртібінде нақтыланады.

Атап айтқанда, сот азаматтардың немесе заңды тұлғалардың жеке не мүліктік құқықтарының туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты болатын фактілерді анықтайды. Олар мыналар: адамдардың туыстық қатынасы; адамның біреудің асырауында болуы; тууды, бала асырап алуды, некеге тұруды, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеу; әке болуды тану.

Сонымен қоса, құжатқа иелік ету фактісі, жазатайым оқиға фактісі; мұраны қабылдау фактісі және мұраның ашылу орны; еңбек өтілі фактісі (зейнетақы тағайындау, еңбекке уақытша жарамсыз­дық бойынша жәрдемақы және т. б.) құжаттар да талап етіледі. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында оларды анықтау­дың басқа тәртібі көзделмесе, сот заңдық маңызы бар өзге де фактілерді белгілейді. Осылайша сотта анықталған заңды фактілердің тізімі жалғасуы мүмкін. Заңды фактілерді анықтау туралы істер жылжымайтын мүлік нысандарын иеленуді, пайдалануды және (немесе) оларға билік етуді растайтын құжаттардың болуы фактісін қоспағанда, арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша берілген арыз негізінде қозғалады. Өтініште жылжымайтын мүліктің орналасқан жері, заңды фактіні анықтау үшін қандай мақсатта талап етілетіні міндетті түрде көрсетілуі керек. Сотқа көбінесе еңбек өтілін есептеуде, оның ішінде мүгедекті күту уақытын, зейнет­ақы тағайындауға қажетті қиын жағдайда жұмыс істеген кезеңін анықтау үшін, сондай-ақ, туыстары ұсынған құжаттары арқылы азаматтың туыстығын растай алмаған жағдайларда жүгінеді. Міне, осылардың барлығында құжаттардың дәлдігі, мұқияттылық және құқықтық сауаттылық қажет.

Еңбек өтілінің заңды негізінде зейнеткерлік жасқа жеткенде зейнетақы тағайындалады, пайыздық үстемелер мен еңбек өтілі үшін біржолғы сыйақы төлеу белгіленеді.

Азаматтар еңбек өтілін басқа жолмен растау мүмкін болмаған кезде сотқа жүгініп жатады. Алайда осыны сотқа жеткізбей, жергілікті еңбек және халықты жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік органдар қолда бар құжаттар негізінде жұмыс өтілін растау мүмкіндігі туралы мәселені жан-жақты түсіндіруі тиіс.

Уәкілетті мемлекеттік орган бас тартқан жағдайда, сот зейнетақы жарналары туралы анықтамалардың, жұмыс берушінің мұрағатқа өткізілген құжаттары мен айғақтар негізінде әділдікті қалпына келтіре алады.

Айгүл ТІЛЕУБАЕВА,

Астана қаласы сотының судьясы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button