Әлеумет

Заңға өзгерістер енгізіледі

Қайырымдылық қаражатын жинаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға тиісті түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

— Мемлекет басшысы азаматтық қоғам саласында басым міндеттердің бірі ретінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс критерийлерін қайта қарау және үкіметтік емес ұйымдар туралы жаңа заң әзірлеу мәселесін айқындады. Бұл бағытта заң жобаларын әзірлеу бойынша жұмыс алгоритмі әзірленіп, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен жұмыс топтары құрылды, — деді Аида Балаева елордада өткен ардагерлер кеңесінің пленумында.

Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі үш заңмен реттеледі:

— «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң;

— «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң;

— «ҮЕҰ-ға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен сыйлықақылар туралы» заң.

— Аталған заң үкіметтік емес ұйымдардың қағидаттары мен қызмет ету тетіктерін қамтиды, халықаралық тәжірибе мен азаматтық қоғамның ұсыныстары ескеріліп, әзірленеді. Сіздердің ұйым да үкіметтік емес ұйым болғандықтан, аталған заң жобасын әзірлеуге белсене қатысуға шақырамын, — деп ведомство басшысы ел ардагерлеріне үндеу жолдады.

Сондай-ақ министр үкіметтік емес секторды мемлекеттік қаржылық қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі — мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс екенін айта келе, жыл сайын елімізде 2 мыңнан астам әлеуметтік жоба жүзеге асатынын тілге тиек етті.

— Дегенмен, бұл бағытта да заман талабына сай жүйелі өзгерістер енгізу керек. Осы бағыттағы жұмыс тобының алғашқы отырысы күні кеше өтті, негізгі тәсілдер айқындалды. Алдағы уақытта заң жобалары бойынша жария талқылаулар жүргізіледі. Қайырымдылық қаражатын жинаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға тиісті түзетулер әзірленіп жатыр, — деді Аида Балаева.

Еске салайық, өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайырымдылық көмек механизмдерін жетілдіру қажеттігін қозғаған болатын.

Айта кетсек, былтыр Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов елімізде мемлекет құрған немесе мемлекеттің қатысуымен немесе мемлекеттің белгілі бір функциялары берілген қорларға аудит жүргізуді ұсынды.

Бүгін елордада республикалық ардагерлер ұйымы кеңесінің кезекті пленумы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button