9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні

Заңғар заңгер

Бүгінгі әңгіме өзегі заманымыздың заңғар ­ғалымы, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш ­заңгер-академигі, қазақ заң ғылымының патриархы, соғыс ардагері Салық Зиманов жөнінде болмақ.

[smartslider3 slider=2911]

Салық ағамыз – мына дүниеде бар болмысымен, асыл қасиетімен адамдықтың зиялы үлгісін көрсеткен қазақ заң ғылымының абызына айналған алып тұлға. Бір кездері Қаныш Сәтпаев «Салық Зиманов – Қазақстанда заң ғылымдарының негізін қалаушы» деп бағалаған еді. Жаратушы өзі берген тоқсан жылға созылған мағыналы ғұмырының жеті жылын қанды шайқаста өткеріп, қатардағы жауынгерден полк командиріне дейін көтерілген.

Салық Зиманұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқияр батырлық пен ерен ерліктің де үлгісін көрсетті. 1941 жылдың қыркүйегінен кеңестік әскер қатарында Оңтүстік және Солтүстік Кавказ, Степной, Воронеж, 2-Украина және 2-Беларус майдандарында соғысқа қатысты. 1943 жылдың желтоқсанынан соғыстың соңына дейін 5-танк армиясында 8-механикалық корпуста болды. Төрт рет жараланған жауынгер соғысты Германия­да, Эльба өзенінде аяқтады. Соғыс аяқталғаннан кейін бір жылдан соң С.Зиманов, артиллериялық полк штабының бастығы бола тұра, әскерден қайтты. І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Соғыстың ауыр жылдарында бірнеше күн бойына жаудың ортасында ас-сусыз қалғанда қарамағындағы жауынгерлердің патриоттық сезімін оятып, қоршауды бұзып шыққанын еске алушы еді.

Елге оралған соң ғылыммен айналысып, заң саласынан кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, 31 жасында Қазақстан Ғылым академиясы құқық және философия институтының директоры болды. Өзі де, зайыбы да Қазақ КСР Ғылым академиясының академиктері дәрежесіне жетті. Көптеген шәкірт тәрбиеледі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысының қасында болып, азаттыққа жаңа қол жеткізген Отанымыздың өркендеуіне бағыт-бағдар берді, халыққа шынайы қызмет етті. Білікті заңгер ретінде егемендік, тәуелсіздік жолындағы Қазақстанның халықаралық қатынасын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласты.

Ол кісінің бір қайраткерлігін айтатын болсақ, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қазақ жастарына қорған бола білді. Сол жылдары Г.Колбиннің Ғылым академиясындағы қазақ зиялыларымен кездесуінде кейбір азаматтардың, Колбинге жағымпаздана желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қатаң жазалауды дұрыс деп қолдағанын көргенде, Салық Зиманов ортаға атылып шығып, Колбинге қарсы, оның ұлтқа деген саясатының дұрыс еместігін, ұлтқа деген қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етті. Залдағылар ду қол шапалақтап, ол кісінің сөзін қолдады. Одан кейін де қоғамдағы әділетсіздікке көз жұмып қараған емес.

Қазақ тілінің өз дәрежесінде дамымай, межелі мақсаттың кешеуілдеуінің себебін іздеді. Заңдардың мемлекеттік – қазақ тілінде жазылуын, шенеуніктер бір-бірімен қазақша сөйлеуін басты назарға алып, сол кезеңдегі шуылдаған «Караван» газетінде бірнеше үндеу-мақалалар жазып, нақты бағыттарын жария етті.

Зимановтың қайраткерлігі Қазақстан Президенті туралы заң қабылданар кезде тағы да ерекше көрінді. Сол күні Салық Зиманов Парламент мінберіне бір рет емес, үш рет шықты. «Президент туралы заң бір адамның ғана көңіліне қарап шығара салатын заң емес! Президент туралы заң ұлттың болашағына, кейінгі ұрпақтың ертеңіне де қызмет етуі керек!» деп таусыла, күйзеле сөйлегені көптің әлі есінде. С.Зимановтың осы айтқандары өміршең екендігін дәл қазір уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Марқұмның 95 жылдығын шәкірттері өз күшімен халық­аралық ғылыми конференция ұйымдастырып өткізді. Ал билік тарапынан тым-тырыс, ешқандай ұсыныс болмады. С.Зимановтың 100 жылдығы өз дәрежесінде атап өтілмеді, тек қана дөңгелек үстел, конференция деңгейінде қалды.

Академик Салық Зиманов – егемен еліміздің негізін қалау­ға, тәуелсіздік декларациясын және тұңғыш Конституцияны жасауға үлес қосқан азамат.

Әрдайым әділет жолынан таймаған Салық Зимановтың мемлекетке, қоғамға сіңірген еңбегін ескере отырып, ол кісіге, дүниеден озса да, қазақ зиялыларының ұсынысы – «Қазақ­станның Халық қаһарманы» атағы берілсе орынды болар еді деп есептейміз.

Есберген АЛАУХАНОВ,

зимановтанушы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button