Қоғам

Заңнаманы күшейту керек

Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық болмысымызға жат идеологияларға тосқауыл қажеттігін айтты. Бүгінде сексен жастан асқан азамат ретінде, білім саласының ардагері ретінде бұл ұстанымды қос қолдап қолдаймын.

«Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды» деп айтқаны бүгінгі таңда көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Әсіресе, қазір жастар арасында әсіре діншілдікке салынып жүргендер аз емес.  Сақалдарын ретсіз өсіріп, мұрттарын қырып тастайтын жастардың ойында не бар екенін түсінбеймін. Осының бәрі жат ағымдардың насихатшыларын тым еркінсітіп жібергеннен бе деп ойлаймын. Сондықтан діни мәселелерді реттейтін заңнаманы күшейте беру керек.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысты да жақсы тұжырым айтты.

«Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек»  деп айтқаны Президенттің ұлттық идеологияның ұлтқа қызмет етуі керектігін аңғартты.

Жалпы, Ұлттық құрылтайда айтылған мәселелердің бәрі де еліміздегі барлық жағдайды ретке, жөнге келтіруге бағытталды. Енді, осы айтылған, айқындалған ұсыныс-міндеттерді орындай білуіміз керек.

Еркін Дәуешұлы,

еңбек ардагері, білім беру саласының үздігі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button