ЗАҢСЫЗ ӘКЕЛІНГЕН КӨЛІКТЕР АНЫҚТАЛУДА
Астанада 26 ақпан күні «Транзит» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Ол жөнінде Астана қаласы Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бөлімше басшысы Рүстем Өмірбековтен білген едік.
– Іс-шараның мақсаты қандай?
– Мақсаты – өзге елдерде тіркеуде тұрса да, Қазақстан Республикасы аумағына заңсыз жолмен әкелінген көліктерді анықтау және оларды заңсыз пайдалануды болдырмау. Екі күн ішінде жол-патрульдік полициясы қызметкерлері еліміздің Кеден заңдарының бұзылғаны жөніндегі 13 фактіні анықтады. Бұл көліктердің Қырғыз Республикасынан әкелінгені анықталып, олар уақытша тұрақтарға қаңтарылды. Оған қоса жол-көлік ережелерін бұзу бойынша 2,5 мыңнан астам оқиға тіркелді.
– Осы фактілерге толығырақ тоқталсаңыз.
– Осылардың ішінде 257 көлік жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 200 жүргізушінің көлік жүргізіп келе жатып, ұялы телефонмен сөйлескені анықталды. Жылдамдықты асыру бойынша 90 факт тіркелді. 70 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеген. 28 көлік қарсы бетке шығып кетіп, 11 көліктің иесі рөлде мас күйінде ұсталған. Сонымен бірге шет мемлекеттерден келген 20 көлік жүргізуші көші-қон заңын бұзғаны белгілі болып, бір жүргізуші Қазақстан Республикасы шекарасы аумағынан шығарылды.
– «Транзит» іс-шарасына оралсаңыз.
– 2 наурызға дейін жүретін іс-шараға елорданың жол-патрульдік полициясының бес жүзден астам қызметкері қатысуда. Сондай-ақ, оған кеден қызметкерлері де тартылды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ