Басты ақпаратҚұқық

Заңсыз жолмен баюға тосқауыл қойыла ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде құқық саласын реформалауға баса назар аударып отыр. Осы тұрғыда ол әділ сот төрелігін қамтамасыз ету мақсатында сот жүйесін біртіндеп және жүйелі жаңартуды, әділдікті қалпына келтіру үшін елден заңсыз шығарылған барлық активтерді қайтару керектігін тапсырды. Түптеп келгенде, бұл конституциялық реформаларды жүзеге асырудың негізі болмақ.

Осыған орай Қазақстан Үкіметінде Президент Әкімшілігі, Ұлттық банк және Бас прокуратура басшыларының қатысуымен Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге сәйкес елден заңсыз шығарылған активтерді кері қайтару туралы экономикалық саясат кеңесі өтті. Мұнда осыған ықпал еткен шарттарды жойып, ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, олай болмаған жағдайда мәжбүрлі түрде қайтару бастамасын көтеру нормалары қарастырылды.

Табысын түсіндіруі тиіс

Жасыратыны жоқ, бір кезде жең ұшынан жалғасу арқылы сыбайлас жемқорлықпен ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен халықтың ұшан-теңіз байлығы ыңғайын тауып шетел асып жатты.

Елде жүргізіліп жатқан реформалар енді осылардың бас-аяғын түгендеп, сұрау салуға мүмкіндік беріп отыр. Әр нәрсенің де сұрауы болады. Кейінгі кезде елде жаппай декла­рация тапсыру мәселесі де дендеп қолға алынуда. Енді бұдан былай осыған қатысты барлық адамдардың шектеулі тізілімін жасау жоспарлануда. Егер активтердің иесі олардың қалай келгенін, қандай жолмен тапқанын растай алмаса, ол негізсіз сатып алынған деп танылып, мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс.

Бұл жөнінде экономист ­Аймұрат Нұртасов былай дейді.

– Қазір халық Жаңа, Әділетті Қазақстан деген идеяны толық қолдап отыр. Президенттің өзі айтқандай, біз терезесі тең қоғамда өмір сүруіміз керек. Мемлекет байлығы белгілі бір топқа емес, барша жұртшылыққа бірдей болып, адамдар елдегі экономикалық игіліктерді теңдей көруі керек. Сондықтан мен елдегі кейінгі кезде, нақтырақ айтқанда, референдумнан кейінгі қолға алынып жатқан іс-шараларды толық қолдаймын. Шенеуніктер ұлан-асыр кірісінің шығу тегін түсіндіре алмаса, қаржысы тәркіленіп, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыруға жұмсалсын.

Мұндай заңсыз баюмен күресу шаралары өзге мемлекеттерде бұрыннан бар. Оның үстіне Қазақстан 2008 жылы БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялады. Бұл жауапкершілікті одан сайын күшейтеді. Халық көрмей отыр ма, біреулер сән-салтанаты келіскен үлкен үйде тұрады. Жол талғамайтын көліктер мінеді. Балалары шет елде оқиды. Еуропада демалады. Ал екінші біреулер бала-шағасын шақ асырап, бірді-бірге әрең жеткізіп, өлместің күнін кешіп жүр.

Елде жүргізіліп жатқан реформалар енді осылардың бас-аяғын түгендеп, сұрау салуға мүмкіндік беріп отыр. Әр нәрсенің де сұрауы болады. Кейінгі кезде елде жаппай декларация тапсыру мәселесі де дендеп қолға алынуда. Енді бұдан былай осыған қатысты барлық адамдардың шектеулі тізілімін жасау жоспарлануда. Егер активтердің иесі олардың қалай келгенін, қандай жолмен тапқанын растай алмаса, ол негізсіз сатып алынған деп танылып, мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс

Қаржылық бақылау күшейді

Мойындау керек, шекара асып кеткен қаржыны қайтару оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда ең бірінші заңдық негіздер қалануы қажет. Халықаралық ұйымдармен байланыс орнатылып, офшорлармен қаржылық ақпарат алмасатын мүмкіндіктер де жолға қойылғаны жөн. Елде бас прокуратура жанынан арнайы комиссия құрылды. Міне, сөйтіп, сыбайлас қылмыспен күрес қатаң жолға қойылды. Осындай іс-шаралардың арқасында қазір елге 630 миллиард теңгедей қаржы қайтарылып отыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта заңдық тұрғыдан кешенді түрде жалғасын таба береді. Тіпті кейінгі кезде мемлекет бюджеттің бүйірін толтырып, көлеңкелі экономиканың аяғына тұсау салу мақсатында жалпыға бірдей декларация тапсыруды енгізіп отыр. Осыған орай 2022 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген қызметкерлер жұбайларымен; 2023 жылдан бастап бюджет саласы қызметкерлері мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары; 2024 жылдан бастап заңды тұлғалар мен олардың құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары; ал 2025 жылдан бастап барлық азаматтар декларация тапсырады.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, бұл  адамдардың барлығын тексеру деген сөз емес екен. Қазір қалай бар сол күйінде азаматтар жұмысын істеп, тірлігін жасап жүре береді. Салығын уақытылы төлеп тұрса, оларда ешқандай мәселе болмайды. Ал осындай мемлекеттік қызметте істеп, белгіленген жалақы алатын адамдар қымбат көлік мінсе, сәулетті үйде тұрса, немесе отбасымен шетелдерде жиі демалатын болса, тапсырған декларациясы талапқа сәйкес келе ме, келмей ме, мемлекет соны ғана тексеруге мүдделі болады. Әрі ол сол табыстарды қандай жолмен тапқанын нақты көрсетуі талап етіледі.

«Расы керек, шетелде активтері бар адамдардың көбі қазір елде жоқ. Егер біз отанынан қоныс аударғандардың активтері мен дүние-мүліктерін мемлекетке қайтару жайын ойлайтын болсақ, заңдық тұрғыда қабылданған құжаттар негізінде жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Өйткені өткен жылы бүкіл халық болып конституцияға енгізілген өзгерістер әділеттілікке жол ашқан, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған тұжырымдар болды. Енді оны өмірде жүзеге асыру аса маңызды» дейді саясаттанушы Жоламан Бейсенов.

Заңсыз баюмен күресу шаралары өзге мемлекеттерде бұрыннан бар. Оның үстіне Қазақстан 2008 жылы БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялады. Бұл жауапкершілікті одан сайын күшейтеді. Халық көрмей отыр ма, біреулер сән-салтанаты келіскен үлкен үйде тұрады. Жол талғамайтын көліктер мінеді. Балалары шет елде оқиды. Еуропада демалады. Ал екінші біреу­лер бала-шағасын шақ асырап, бірді-бірге әрең жеткізіп, өлместің күнін кешіп жүр

Бәрі игілікке жұмсалмақ

2023 жылдың бірінші тоқсанынан бастап құзырлы мемлекеттік органдар жаңа салық кодексіндегі байлыққа салынатын салықты жетілдірмекші. Осыны Парламент қабырғасынан өткізіп, заңдық тұжырымын бекіттіру үлкен шаруа болып тұр. Қазақстанның Ұлттық экономика министрі  Әлібек Қуантыров бір сөзінде «Негізі байлыққа салынатын салық 2024 жылдан басталады. Қазір жаңа салық жобасымен пәрменді жұмыстар жүргізілуде. Біз түрлі нұсқаларды қарастырудамыз. Бірінші жылжымайтын мүліктің санына байланысты. Бір адамға бірнеше жылжымайтын мүлік тіркелген болса, ол ауқатты адам деп саналып, байлық салығын салу көзделеді. Осы бағытта бізге қазір енгізіліп жатқан кіріс пен шығыс қаражатты бақылайтын декларация көмектесетін болады» дегені бар.

Бұған дейін негізсіз байығаны үшін жауапкершілікті енгізу заңнамасын жетілдіру жайы сөз болды. Сондай-ақ «фискалдық және мансаптық санкцияларды күшейту керек» деген пікірлер де айтылуда.

Әйтпесе, елде кедей мен байдың арасы жер мен көктей алшақтап кетті. Қолында барлар дүниені шайқап төгіп, байығанның үстіне байып барады. Міне, осыған тосқауыл қою үшін азаматтардың сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысуы миллиардтаған қаржыны жымқыру мен бақылаусыз қалуын тоқтатып қана қоймай, сонымен қатар лауазымды тұлғалар тарапынан заң бұзушылықтың алдын алуға, түрлі жобаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге көмектесер еді» дейді қаржыгер Сымбат Сағидоллаева.

Сең қозғалды. Заңсыз жолмен байығандар мен қомақты қаражатты халықтан жасырып, офшорларға тыққандардың ақшалары елге жаппай қайтарылатын күн  алыс емес сияқты. Осы негізде басталған тың реформалар аясында жүзеге асырылып жатқан жағымды жаңалықтарды көпшілік қуана қолдауда. Әсіресе, оларға Мемлекет басшысының: «Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технология­лы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек» деген сөзі  қуаттандыра күш беріп отыр.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button