Басты ақпаратМәдениет

Заты бөлек «Заман»

Қазақ эстрадасы тағы бiр талантты жiгiттерден құралған «Заман» тобы-мен толықты. «Өмiр – өзен ағады» деп өнер сүйер жүректердi тебiренткен жас әншiлер Ерген мен Әсет сахнаға шыққандарына санаулы уақыт болса да өз көрермендерiн тауып үлгердi.

Әндерiн тыңдаған жанның жүрек қылын шертiп жүрген топ әсерлi әндерiн ұсынудан танбай келедi.Талғам әннiң мәтiнi мен музыкасынан басталады. Сондықтан топтың орындауындағы әндер тыңдарман жадында жақсы сақталып жүр. Үндерi үйлескен екi жiгiттiң «Өмiр – өзен», «Менi ойла» әндерi жастың да, үлкеннiң де көңiлiнен шығуда. Топтың әншiлерi Ерген Айтымбетов 1984-жылы Батыс Қазақстан облысының «Ұзынкөл» ауылында туып-өскен. Кейiн Атырау қаласына келiп осы жерде өнер көрсетiп тұрақтағанына 8 жылдан астам уақыт болыпты. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншiсi болып жұмыс iстедi. Ал Әсет Қарабалин 1986-жылы Атырау облысының «Қоныстану» ауылында дүниеге келген. Ол да Атырау облыстық филармониясында еңбек жолын бастаған.
Топтың томағасын сыпырған продюсерi талантты ағамыз Ұлықпан Жолдасов әуелде жiгiттермен Атырау қаласындағы бiр кеште кездеседi. Кеш аяқталысымен өзi жатқан қонақ үйдiң мекенжайын берiп, екеуiн өз бөлмесiне шақырды. Бұл жерге келген соң тағы да гитараның сүйемелдеуiмен әндер айтылып, түрлi әңгiменiң тиегi ағытылды. Содан Ұлықпан ағамыз олардың дауысын естiп, сол жерде Алматыға алып кету туралы шешiм қабылдайды. Кейiн топты қалай атау керек деген сұрақ туындайды. Өнердегi жiгiттер әзiлдеп, әндi шегелеп айтады екен топтың аты «Шеге» болсын деп жүрдi. Ақылдаса келе, бұрын Маңғыстауда «Заман» деген топ болғаны, оның мүшелерi бүгiнде «ақсақал» жасына келiп қалған кiсiлер екенi еске түседi. Ұлықпан аға арнайы барып сол кiсiлердiң алдынан өтiп рұқсатын алып, топтың атауын бекiтедi. Кейiн аталмыш топ «Саз әлемi» музыкалық жобасына қатысып, «Жыл жаңалығы» номинациясы бойынша лауреат атанды.
«Әннiң сөзi бiз үшiн бiрiншi орында. Сондықтан халық бiлетiн, өлеңдерi мағыналы, нағыз ақындарға сөз жаздырамыз. Негiзiнен әндi Ұлықпан аға таңдап бередi. Көбiне сол кiсiнiң әнiне жазылғандарды орындаймыз. Қазiргi таңда белгiлi екi ақынмен, атап айтқанда, Талант Арынғали және Ринат Зайытовпен шығармашылық жұмыс жүргiзудемiз. Болашақта Қал-қаман Сариннiң де өлеңдерiне ән жаздыру ойда бар. Сосын қалай болса солай киiнiп, сахнада бос секiрiп, мағынасыз ән айту да бiздiң табиғатымызға жат. Қарапайым киiнемiз, барынша халықтың жүрегiне жақын әндердi орындауға тырысамыз», – дейдi өнер тұғырына бет алған «Заман» тобының жiгiттерi.

Еркежан КӨПТIЛЕУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button