Зәуре ЖҮСІПОВА: Ақылы тұрақтар қарастырылуда
Білім беру саласының өкілі ретінде, көбіне білім саласындағы мәселелерге назар аударғанды жөн санаймын. Мәселен, қызметкерлердің еңбекақысын көтеру, білім беру сапасын арттыру күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде балабақшаға кезекке тұру саны да өсіп келеді. Сәйкесінше, мемлекеттік және мемлекеттік тапсырыспен беріліп жатқан жаңа балабақшалар саны артып келеді.
Өзім сайланған Сарыарқа ауданы №2 сайлау округінде 16 мыңнан астам тұрғын бар. Яғни, 70-тен аса көппәтерлі үйлер мен жеке үйлер орналасқан.
Халықты жиі толғандыратын мәселе – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. Осыған байланысты шатырлар, қасбеттер, кіре берістер мен құбырлар жөнделді. Жеке меншікке тиесілі үйлердің бұзылуы бойынша тұрғындарға көмек ретінде мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған.
Бүгінде ТКШ мәселесі, атап айтқанда округтегі тұрғын үйлердің жағдайын жақсарту мақсатында жаңарту бағдарламалары негізінде күрделі жөндеуді қажет ететін нысандарға бақылау жүргізудеміз.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау жұмыстары қайтарымды және басқа да бюджеттік қаржыландыру есебінен өндіріледі. Бұл мәселелер Сарыарқа ауданы әкімдік аппаратының ПИК және басқа да өкілетті органдардың әрекет етуімен қарастырылуда. Осыған байланысты тұрғындардың талап-тілегі Республика даңғылы, 48/1 мекенжайда қабылданады. Сондай-ақ, жуырда ғана зейнеткерлік жастағы округ тұрғынының мәселесін шешуге көмектестік. Көп жылдар бойы тыл еңбеккері статусына қол жеткізе алмағандықтан зейнетақысына қосымша ақы төленбеген екен. Біздің көмегіміздің арқасында бұл мәселе оң шешімін тапты.
Қаланың инфрақұрылымын дамыту бойынша айтатын болсам, Жангелдин және Әуезов көшелерін қайта жөндеу халықтың қозғалысын жеңілдетті. Ендігі мәселе – ауладағы автотұрақтар. Тұрғындар жедел жәрдем машинасы мен қоқыс таситын арнайы техникалардың өтуіне қиындық туғанын айтып, дабыл қағуда. Кейбір көппәтерлі үйлердің ауласына арнаулы көлік тұрағының қарастырылмағаны белгілі. Аулада орналасқан балалар ойын алаңындағы қауіпсіздікті сақтау үшін ақылы тұрақтар жүйесі қаралуда.
Шынын айтқанда, әрбір екінші тұрғын жол жөндеу мәселесін алға тартады. Көптеген мәселелерді Сарыарқа ауданы әкімдігімен, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалымен бірлесе шешеміз.
Әрине, аумақтағы кейбір мәселені бірден шешу мүмкін емес, көпшілігі қаржыландыру мәселесіне тіреледі әрі көп уақытты талап ететінін де айтуымыз керек.