Жаңалықтар

Зейінді зейнеткер

Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін аталы сөз бар. Сондай жақсы сөзге жарайтын жандардың бірі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Болат Жанатайұлы Темірбаев десек артық айтқанымыз емес

[smartslider3 slider=3541]

Зейінді зейнеткер, бұрын Ресейде тұрған, барлық еңбек жолын ауыл шаруа­шылығына арнаған Болат Жанатайұлы құрметті еңбек демалысына шыққан соң атамекенге оралуға шешім қабылдап, Қазақстан елордасында тұрып жатқан балаларының жанына келді. Негізгі жұмысымен қатар қоғамдық шараларға белсене араласатын зейнеткер елордаға келген соң да дамыл тауып отыра алмады. Республикалық Ардагерлер кеңесіне барып, жергілікті ардагерлермен араласып, қоғамдық шараларға қатысып жүреді. Содан ұйым басшылығы белсенді зейнет­керді Ақмола облысының Целиноград аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы болуға ұсыныс білдіреді. Міне, сол 2014 жылдан бері Болат Жанатайұлы елорда мен аудан ардагерлері, зейнеткерлерінің ыстық ілтипатына бөленіп жүр.

Республикалық және елордалық ұйым­дардың белсенділерімен бірлесіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан ақмолалық жауынгерлердің есімін анықтауға көп еңбек сіңірді. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған Талғат Бигелдиновтің атын мәңгілікке қалдыру үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 мектеп-лицейге батырдың есімін бергізуге атсалысты. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Талғат Бигелдиновтің кіндік қаны тамған Қызылсуат ауылындағы мектепке де батырдың атын беру жөнінде бастама көтеріп, бұл мақсатына да жетті.

Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан ­Қошқарбаев жайлы да көп мәлімет жинады. Аудан көлемінде жүргізілетін тазалық жұмыстарына мейлінше көңіл бөлді. Ағаш өсіру бастамасын қолдап, өзі бастап осы жұмысқа жастардың қатысуына ықпал етті. Зейнеткерлерге, жалғызілікті аналарға аса көңіл бөліп, олардың әлеуметтік мәселелерін жеңілдетуге байланысты жұмыстарды жүргізуге ұйытқы бола білді. Қосшы қаласындағы №1 мектепке Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімін бергізуге еңбек сіңірді. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті абаттандыруды ұйымдастырды. 2021 жылы 30 сәуірде батырдың Рейхстаг­қа тіккен туын халық алдына шығарып көрсетті. Бұл туды Ресей жерінен әкелуге өзі атсалысқан болатын. Зейнеткерлер, мүгедектер, көпбалалы аналардың қала маңындағы автокөліктерде, сондай-ақ мәдениетті іс-шараларға тегін қатысуына көмектесті.

2017 жылы соғыста хабарсыз кеткен Б.Тәжібаевтың мүрдесін туған жері Жалғызқұдық ауылына әкеліп, жерлеуге атсалысты. Қазір де ресейлік әскери архив мекемелерімен тікелей байланысып, хабарсыз кеткен 300 мыңнан астам жауынгерді іздеу жұмысын жүргізуде.

Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдық мерейтойында атақты балуанның анасының басына тас көтеріп, естелік қалдырды. Қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Тәшеновтің есімін мәңгі халықтың есінде қалдыру үшін талмай еңбектенді, құжаттарын іздестірді. Көпшілікпен жүргізілген сондай жұмыстардың нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 мектепке Жұмабек Тәшенов есімі берілді, кейіннен ескерткіші бой көтерді.

Зейнеткерлердің рухани байлығын көбейтуге көмектесті. Астана қаласы зейнеткерлеріне мәдени орталықтарға шақыру билетін таратып, іс-шаралар жүргізді. Сонымен қатар 2019 жылдан бастап «Замандастар» хорын құруға бас­тамашы болып, бүгінгі таңда бұл өнер ұжымы ­республикалық және елордада өтіп тұратын мәдени іс-шараларға тұрақты қатысады. Кезінде еңбегімен еленген зейнеткерлерді түрлі мемлекеттік және қоғамдық наградаларға ұсынып, олардың мерейін өсіруге белсенді көмектесті.

Болат Жанатайұлы өзі де марапаттан кенде болған жоқ. Кеудесінде жарқыраған «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Рақымжан Қошқарбаев атындағы медаль», «Алтын қыран» медальдары және басқа да ­наградалары сол есіл еңбегі мен қоғамдық өмірдегі жетістігін айқындайды.

Жақсылық ӨТЕШЕВ, Ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button