ӘлеуметБасты ақпарат

Зейнетақы қалай тағайындалады?

2022 жылдың қазан айындағы есеп бойынша Астана қаласында 107 684 зейнеткер тұрады. Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Шолатованың айтуынша, елордада зейнеткерлердің қоғамдық өмірге белсене араласып, зейнет демалысын мәнді де, мазмұнды өткізуіне барлық жағдай жасалып жатқан көрінеді. Осы негізде биыл ғана ашылған «Қариялардың белсенді өмір орталығын» тілге тиек етуге болады. Бұл – қуанарлық жағдай 

Қарама-қайшылық аз емес

Өмір бойы еңбектеніп, жасы келгенде сол еңбегінің зейнетін көруге жағдай жасалып жатса, ол аға-апаларымызға деген шынайы құрметіміз екені сөзсіз. Алайда зейнеткерлердің кейбірі осы жасалып жатқан жағдайға емес, тағайындаған зейнетақысына көңілі толмайтындығын білдіріп қалады.

Расы керек, қазір зейнетке шығуға құжат жинау бұрынғы қай кезден де анағұрлым жеңілдеді. Зейнетке шығуыңызға он күн қалғанда Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) қажетті құжаттарыңызды тапсырсаңыз болды, келесі айда алғашқы зейнетақыңызды ала бастайсыз.

Дегенмен, осы бағытта кей адамдарда түсінбестік, «еңбек кітапшамдағы еңбек өтілімді дұрыс есептемеді» деген сияқты өкпе-реніштер бар.

Мәселен, биыл шілде айында құрметті еңбек демалысына шыққан Астана қаласының тұрғыны Айдар Сапаров өзіне мемлекет тағайындаған зейнетақысын есептегенде, оған Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры тарапынан жасалып отыр­ған әділетсіздіктер бар екенін ашық айтады.

«Зейнетақы төлемін алушы куәлігін» алар кездегі менің жалпы еңбек өтілім 42 жыл 6 ай 20 күн болды. Кейінгі 10-12 жыл басшылық қызметте болғандықтан, еңбекақым еліміздегі орташа жалақы көлемінен анағұрлым жоғары шықты. Сондықтан ойдағыдай зейнетақы алатыныма нық сенімді едім» дейді ол.

– Бірақ, маған түптеп келгенде, 145 393 теңге зейнетақы тағайындады. Ал осының алдында бухгалтерияда есептеткенімде, мен орта есеппен 170-180 мың теңге зейнетақы алуым керек деп еді. Енді осының анық-қанығын білуге тырыстым.

2022 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда орташа зейнетақы 117469 теңге екен. «Қанша еңбек өтілің болса да, қанша мол ақша тапсаң да заң бойынша одан артық ешкім сізге зейнет­ақы тағайындай алмайды» деді маған халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер.

Ынтымақты зейнетақым 27500 теңге шықса, еңбек өтіліме байланысты  84000 теңге төлейтін болыпты. Ал бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры маған ай сайын 33393 теңге аударып тұрады екен. Бірнеше миллион қорға жиналған ақшамды айға, жылға бөліп тастапты. Міне, осы жерде осы қорға ақшаны кім үшін аударып келдім деген ой келді. Өзім үшін болса, мен оны толық алу үшін 110 жыл өмір сүруім керек екен. Қарама-қайшылық деген осы емес пе?

Жинақ ақшамыз дұрыс басқарылмады

Айдар Сапаров жоғары білімі бар, сауатты кісі. Алып отырған зейнетақысына да қанағат етіп отыр. Дегенмен, ол осы саладағы кейбір адам түсінбейтіндей жайларға қарны ашады. Жинақтаушы қордағы ақшаны қырық жылға бөліп тастағанда, адам зейнетке шыққаннан кейін де қырық жыл өмір сүреді деп ойлай ма екен? Одан да оны күш-қуатының барында игілігіне пайдалануға бермей ме? Рас, мемлекет зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден артық қаражаттың бір бөлігін пайдалануға берді. Бірақ оны адамдардың барлығы бірдей ала алған жоқ қой. Міне, сол жинақталған ақшаны 2018 жылға дейінгідей толық неге бірден бермейді деп наразылық білдіреді.

Екінші бір жайт, «зейнет жасына жеткен адам барынша толық зейнетақы алу үшін оның 1998 жылға дейін 25 жыл еңбек өтілі болу керек. Енді есептеп қараңыз, 1976 жылы мектеп бітірген адамның 1998 жылға дейін қайдан 25 жыл еңбек өтілі болуы мүмкін. Ол үшін ол 15 жасынан бастап жұмыс істеуі керек қой. Зейнетақы жүйесі туралы заңға осы норманы енгізген адамдар не ойлаған деп күйінеді» Ералы Дүйсен деген азамат.

Бір қуаныштысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың Жарлығымен биылдан бастап әйелдер зейнетке 61 жастан шығатын болды. Бұған шүкіршілік еткенімен, елімізде зейнетақымен қамту туралы заңның ескіргенін әркім де айта бастады. Бізге бұл бағытта жаңа заң керек, жаңа реформа керек.

Ойланбай істелген қадамдардан адамдар ғана емес, түгел қоғам абдырап қалғандай күйге түсуде. Мәселен, өткен жылдарда БЖЗҚ басшылары жинақталған қаржыны күдікті бір компанияның бағалы қағаздарына айырбастап, опық жеп қалғаны бар. Нақтырақ айтсақ, біздің ұлттық зейнетақы қоры 2014 жылы бірнеше миллион долларды Әзербайжан банкіне салып, екі-үш миллион доллар дивиденттен айырылып қалды. Артық жасаймын деп тыртық жасады. Зейнеткерлер жинақтарының бір бөлігін жоғалтты. «Мега» сауда ойын-сауық орталығына көрсетілген қайырымдылық көмегі туралы да осыны айтуға болады.

Сонда БЖЗҚ-да отырғандар халықтың ақшасын әкесінің мұрасындай көре ме? Нарық заңын зерттемей ме, сараптамай ма? Бір сөзбен айтқанда, олар бұқараның ақшасының игілігі үшін бас қатырып отырған жоқ. Соның зардабын зейнеткерлер тартып келеді» дейді зейнеткер.

Көлемі тұрмысқа сай ма?

Осы жылдың мамыр айында БЖЗҚ ең жоғары зейнетақы мөлшері еліміздегі орташа жалақының 75 пайызынан аспауы керек деп мәлімдеді. Сонда 33 жыл еңбек өтілі ғана саналғанда әр зейнетақы 46 айлық есептік көрсеткіштен аспауы қажет. Ал осы тұрғыда елімізде парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер қанша зейнетақы алуы мүмкін?

Биылғы жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ­Дүйсенованы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Ол Президентке «Еліміздегі әр отбасының игілігін арттыру жолындағы жаңа әлеуметтік саясаттың қалыптасуы мен әзірленіп жатқан жаңа әлеуметтік кодекс туралы баяндады.

Алайда бірнеше триллиондаған қаражаты бар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры туралы ештеңе айтпады. Шындығында, зейнеткерлерге зейнетақының бір бөлігі осы қордан төленіп отырған жоқ па? Ондағы халық біліп отырған кемшіліктерді (шындығында былықтарды) кім айтады сонда?»

Мерзімді баспасөзге көз жүгіртсеңіз, әлеуметтік желілерді шолып шықсаңыз зейнетақы туралы осындай сан алуан пікірлерге кезігесіз. Күн санап азық-түлік бағасы да, тұрмыстық қажетті заттар да қымбаттап барады. Ал оған қашан тосқауыл қойылатынын әлі ешкім тап басып айта алмай отыр. Сондықтан күнкөрісі тек зейнетақыға қарап отырған жасы ұлғайған жандардың осындай өкпе-реніштері мен ой-пікірлеріне құзіретті органдар бір кезек құлақ асса дейміз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button