Басты ақпарат

Зейнетақы реформасы тиімді бола ма?

Адам саналы ғұмырында мемлекетке, қоғамға қызмет етіп, жасы келгенде зейнетке шығады. Кім-кімге де жылдар бойғы еткен еңбегінің жемісін теріп, бейнетінің зейнетін көру – үлкен мәртебе. Дегенмен кейінгі кезде жасы жеткен адамға зейнет­ақы төлеу мәселесіне келгенде кейбір көңілтолмастық пен наразылықтар байқалып қалып жүр. Бұрын кеңес заманында лауазымды қызметте істеген адамдарға облыстық, респуб­ликалық деңгейде зейнетақы тағайындалып жататын. Қазір қызмет істеп, қандай лауазымда болсаңыз да, 140 мыңнан артық зейнетақы ала алмайсыз.

[smartslider3 slider=2513]

Мәселен, отыз жыл бас­тықтың жүргізушісі болған адам мен отыз жыл мемлекеттік қызметте істеп, ең соңында департамент директорлығынан зейнетке шыққан адамның алатын зейнетақылары бірдей болып келеді. Екеуі екі салада жұмыс істеді. Біреуінің білімі орта болса, екіншісі жоғары білімді. Бірі орындаушылық қызмет атқарса, екіншісі ұйымдас­тырушылық, адамдармен тікелей қарым-қатынас­та тәрбиелік-тәлімгерлік бағытта жұмыс атқарды. Міне, осы санаттар неге ескерілмейді деген орынды сауал туындайды. Біз осы сұрақты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы Анель Шанееваға қойдық.

– Рас, кеңес заманында бірыңғай ынтымақты зейнетақы төлеу жүйесі қалыптасты. Міне, сол кезде облыстық, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлер болды. Олар басқаларға қарағанда, яғни қатардағы зейнеткерлерге қарағанда көтеріңкі зейнетақы алатын. Мәселен, облыстық дербес зейнеткердің ол уақытта зейнетақысы 132 сом болды. Ал республикалық дәрежедегі зейнет­кер одан 15 сом артық алатын. Яғни ол 147-150 сом алып жүрді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бұл жүйе жойылды. Бертін келе, 1998 жылдан бастап жаңа зейнетақы тағайындау жүйесі енгізілді, – деді ведомство қызметкері.

Чили үлгісі таңдалды

Қазақстандық бұл жинақтаушы зейнетақы төлеу жүйесінің тәжірибесі Чилидің үлгісінде алынды. Сол кезде ол дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатарлы зейнетақы жүйесі болатын. Әрине, еліміз әлемдегі басқа да мемлекеттердің нұсқаларын зерттеп, зерделей келіп, қаржы жағынан тұрақтысы осы 10 пайыздық ақша аудару екеніне көз жеткізді.

Халықаралық еңбекті ұйымдастыру ұйымының (ХЕҰ) мәліметі бойынша зейнетақы төлеу адам зейнетке шыққанша алған еңбекақысының 40 пайызынан аспауы қажет. Сонымен қатар халық­аралық сарапшылардың пікірінше де ең тұрақты әрі өзін-өзі дәлелдегені мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскердің өзі қатысатын жүйе деп саналып келеді.

Елімізде ынтымақты, міндетті және ерікті – үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен барлық азаматтарға базалық зейнетақы төленеді. Ал ынтымақты зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 6 айдан кем емес еңбек өтілі бар адамдарға тиесілі болса, жинақтаушы қордан төленетін ақша азаматтардың жиналған жарналары мен инвестициялық табысына байланысты болады.

 Мәселен, отыз жыл бастықтың жүргізушісі болған адам мен отыз жыл мемлекеттік қызметте істеп, ең соңында департамент директорлығынан зейнетке шыққан адамның алатын зейнетақылары бірдей болып келеді

Министрліктегі жауапты адамдардың айтуынша, қазір елімізде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2030 жылға дейін зейнетақы жүйесі тұжырымдамасын одан әрі жетілдіру мақсатында өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмысымен айналысуда. Ондағы жаңалықтың бірі – зейнет жасына жеткен адамға зейнетке шығуды кейінге қалдыру құқын беру. Ал 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлеу ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы төлеуге ауысады. Бұл қалай жүзеге асады?

Кепілдендірілген зейнетақы тағайындауда базалық зейнетақы төлеуден көп айырмашылық болмайды. Тек зейнетақы көлемі ұлғаяды. Бүгінде ең аз базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 54 пайы­зына тең. Ол кімнің 1998 жылға дейін зейнетақы жүйесіне қатысты еңбек өтілі 10 жылдан кем болмаса, сол қалпында төленеді. Одан әрі он жылға жыл сайын екі пайыздан қосылып отырады. Еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болса, күнкөріс деңгейінің 100 пайызы төленеді.

Сонымен, аталған өзгерістерде ең аз кепілді зейнетақы күндік күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең болады. Сонымен қатар ең аз еңбек өтілін 10 жылдан 5 жылға азайту жоспарлануда.

Қазір ең жоғары зейнетақы алу үшін 33 жыл еңбек өтіліңіз болу керек. Одан әрі еңбек өтіліңіз болса да зейнетақыны өсіру мүмкін емес. Сондықтан жаңа тұжырымдамада жоғары шектеуді алып тастау ұсынылып отыр. Ол деген сөз бұдан әрі жоғары еңбек өтіліңіз болса, ең жоғары зейнетақы аласыз. Сонымен қатар еңбек өтіліңізді зейнетке шықпай, жұмыс істей беріп те ұлғайту мүмкіндігі бар. Бұл жаңалық қазақстандықтардың зейнет жасына жетсе де, зейнетке шықпай жұмыс істей беруіне мүмкіндік береді. Неғұрлым зейнетке шықпай жұмыс істей берсеңіз, соғұрлым зейнетақыңыз өсе береді.

«Күміс жас» жобасы

Зейнетке жасы жақындаған адамның жұмыс табуы қиындай түседі. Елуден асқан соң-ақ көп мекемелер қанша маман болса да түрлі сылтау айтып, ол адамды ұзын арқан, кең тұсауға салады. Жұмысқа алмайды. Статистика бойынша қазір еліміздегі елу мен алпыс жас аралығындағы жұмысқа қабілетті адамдардың бес пайызының тұрақты жұмысы жоқ көрінеді. Міне, осыны ескерген Үкімет «Күміс жас» жобасын әзірлеп, жүзеге асырмақ. Бұл не жоба? Оның қандай пайдасы мен мүмкіндігі бар? Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында 2021-2025 жылдары жүзеге асырылғалы отырған аталған құжатты өткен жылы Қарағанды облысы тәжірибе жүзінде байқап, көпшіліктің көңілінен шыққан соң енді еліміздің барлық аймақтарына қолдану жоспарланып отыр.

Мәселе мынада: егер адам зейнет­ке шығуына бес-алты жыл қалғанда жұмысынан айырылып қалса, оны жұмыс берушілер қайтадан жұмысқа алу үшін мемлекет сол әлеуетті жұмыс берушілерді қолдап, жаңағы адамның жарты еңбекақысын төлеп отырады. Екінші сөзбен айтқанда, жұмысқа орналасқаннан кейін сол адамның еңбекақысының жартысы мемлекеттік бюджеттен төленеді. Мұндай жағдайда жұмыс берушіге міндетті әлеуметтік аударымдар, салық төлемі, пайдаланылмаған еңбек демалысы мен банк қызметтерін есептей отырып, 30 АЕК-тен артық емес (2022 жылы ол 91890 теңге) көлемде субсидия беріледі.

Қазір сол «Күміс жас» жобасы бойынша ұйымдастыру жұмыстары мен қаржыландыруды реттейтін нормативтік құқықтық актілер әзірленуде. Жобаның мерзімі – бір жыл. Бір жылдан кейін жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанша тұрақты жұмысқа орналастыруы қажет.

Жоба жыл сайын тек бес мың адамды қамтитындығы айтылды. Қазір мемлекетте де субсидия беруге ақша аз екендігі байқалады. Сондықтан зейнетақы жасына жақындаған барлық адамды бірдей жұмысқа орналастыруға мүмкіндіктің жоғы түсінікті. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер бұл жобаның кәсіпкерлер үшін тиімді екенін алға тартады. Қазір қай-қай жерде де тәжірибелі жұмыскерлерге зәру. Оның үстіне жылдар бойы жұмыс таба алмай үйде отырып қалған адам өзіне тапсырылған жұмысты асқан жауапкершілікпен атқарары сөзсіз. Мұндай тәжірибе шетелде көп жылдан бері қолданылатыны белгілі.

P.S: Зейнетке шығуды кейінге қалдыру мәселесінде зейнет­керде таңдау бола ма, оның бүге-шігесі, іске асыру тетігі қандай, әлі нақты анықтала қойған жоқ. Алайда бойынан күш-қайраты таймаған зейнет жасына жеткен адамдар бүгіннің өзінде еңбек етіп, зейнетақысымен қоса еңбекақысын да алып жүр. Рас, тәжірибелі қызметкер жұмыс берушілер үшін де қажет. Бұл зейнеткердің өзі үшін де тиімді. Мүмкін мемлекет осы жағын ойлап, оларға таңдау құқын берер.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button