Зейнетақы жинағына тісті және балаларды емдетуге болады

Денсаулық сақтау министрлінің 2025 жылғы 9 сәуірдегі бұйрығымен зейнетақы жинағын біржолғы емделуге пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа қағидаға сәйкес, енді қазақстандықтар зейнетақы қорындағы жинақты стоматологиялық қызмет пен балаларды емдеуге пайдалана алады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Стоматологиялық қызмет көрсетілген кезде медициналық комиссия құрамына емдеу жоспарын, емге дейінгі және ем кезінде түсірілген рентген-суреттерді зерделейтін, стоматологиялық ұйымның медициналық қызметке лицензиясының бар-жоғын тексеретін және дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысын дайындайтын тіс дәрігері кіреді.
Имплантация жасаған жағдайда қызмет алушы немесе оның заңды өкілі дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысын екі кезеңде алады, емге дейін және ортопедиялық құрылымдарды орнатудың соңғы кезеңі алдында.
Имплантациясыз протездеу процедурасы кезінде қызмет алушы немесе оның заңды өкілі дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысын екі кезеңде алады, яғни алынбайтын тіс протездерін орнату кезінде, протездеу басталғанға дейін және оларды бекіту алдындағы алдын ала дайындық кезеңінде, ал алынбалы тіс протездерін орнату кезінде, протездеу басталғанға дейін және протездерді орнату алдында.
Сондай-ақ, зейнетақы жинағын кәмелетке толмаған балалардың біржолғы еміне де жұмсауға болады.
Зейнетақы жинағы есебінен емделуге қатысты жаңа қағида биыл 27 сәуірде күшіне енеді, толығырақ сілтемеге өтіп танысуға болады.