Президент пәрмені

Зейнетақы жүйесiн жетiлдiру – заман талабы

Қарттықтың да өз тiрлiгi, қамы, қуанышы, қайғы-мұңы, назы барын ескерсек, бұл – алаңсыз қарттығыңды бүгiн ойла деген сөз. Арқаңды аяздай қаритын нарық заманында сүрiнiп құлағанның ешкiм қолтығынан көтер¬мейдi. Осылай күнделiктi күйбеңмен қалай қартайғанымызды да бiлмей қалатынымыз бар. Бұл мұңсыз қарттығыңды өзiң ойлап, ертеңгi күнге қамдануды бүгiннен бастауды меңзейдi. Айтпағымыз, қалың бұқара өз болашағына салған қаржылық салымның салмағын бiлуге бүгiннен кiрiскенi жөн.
Мәселенiң төркiнiн уайымсыз қарттықтың кепiлi – зейнетақы жүйесiнiң отандық хал-ахуалынан бас¬тасақ… Бүгiнде жинақтаушы зейнетақы қорларының жұмысы кенжелеп барады дегендi жиi естимiз. Бұл мәселе соңғы бiрер жылдың iшiнде елдiң алаң¬даушылығына негiз болып жүр. «Жас кезiңде – бейнет, қар¬тайғанда – зейнет» деп, қарт¬тықтың қамын күйттеген елдiң көңiл күйiн түсiнуге бо¬лады. Онсыз да зейнетақы жүйесi саласындағы сарапшылар қазақ¬стандықтардың алаңсыз қарт¬тықты бастан кешiретiндерiне күмәнмен қарайды. Мәселен, 20 жасында еңбек жолын бастаған азамат ай сайын тапқан табы¬сының 10%-ын жинақтаушы зейнетақы қорына бөледi. Бұл белгiленген пайыз болашақта бiзге қамсыз қарттықты қам¬тамасыз ете ала ма деген күдiктi ой көпшiлiктiң көкейiн күптi етiп отырған сыңайлы. Мәселенi ше¬шудiң жолы Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында айтылды. Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесiн жетiлдiру мәселесiне қатысты Үкiмет пен Ұлттық банкке ар¬найы тапсырма жүктедi. Бүгiнде салымшылардың зей-нетақы қорларының инвести¬циялық саясатына ықпал ету мүм¬кiн¬дiктерi жоқ екенiн, сондықтан да зейнетақы аударымдарына алым¬ға қарағандай қарау қалып¬тас¬қанын, ал жекелеген зейнет¬ақы қорларының басшылығы оларды өзiнiкiндей көрiп, көбiне көп шығындарын жабу арқылы акционерлердiң мүдделерiне қызмет iстейтiнiн алға тартқан Нұрсұлтан Назарбаев Үкiмет Ұлттық банкпен бiрлесiп бiрiншi жартыжылдықтың соңына дейiн зейнетақы жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар қалып¬тас-тыруы керек екенiн айырықша атады. Шынтуайтына келгенде, қазiр елдегi зейнетақы қорла¬ры¬ның жұмысы көңiл көншiтпейдi. Пайыздық өсiмнiң жоқтығынан олардың кейбiрi кiрiсiн қай салаға саларын бiлмей жүр. Статис¬ти¬калық мәлiметтерге сүйенсек, қазiр елiмiзде – 11 жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс iстейдi. Салымшылардың дербес зейнет¬ақы шоттарының саны – 8,2 млн бiрлiк, мiндеттi зейнетақы жар¬насын төлеушiлер – 5,6 млн адам. Бұл жұмыспен қамтылғандардың 67%-ын құрайды Салымшы¬лар¬дың зейнетақы жинақтары 2011 жылдың басынан берi 17,4%-ға көбейiп, 2 триллион 651 млрд теңгенi құрапты.
Егемендiгiмiздi алып, етек-жеңi¬мiздi жия бастаған тұстан берi қарай шегiнсек елiмiз Кең¬естер Одағының шекпенiнен шыққан елдердiң арасында зейнет¬ақының жинақтау жүйесiн қолда¬нысқа бiрiншi болып енгiздi. 1997 жылы елде зейнетақымен қам¬тамасыз ету жүйесiн реформалау тұжырым¬дамасы мақұлданып, осы жылы «Қазақ¬стан Республика¬сында зейнет¬ақымен қамсыз¬дан¬дыру туралы» заң қабылданды. 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап Чили тәжiрибесiне негiзделген әлеуметтiк қамсыздандырудың жаңа жолына түстiк. Жаңа жүйе¬нiң мәнi – жинақтау зейнетақы қоры негiзiн құру арқылы мем¬лекеттiк бiрдей зейнетақы төлеу жүйесiнен бiртiндеп бас тарту болатын. Бүгiнде елiмiзде аралас зейнетақы жүйесi – жаңа жинақтау және бұрынғы мемлекеттiк зей-нетақы төлеу жүйесi жұмыс iстейдi. Қазақстан Республи¬ка¬сында зей¬нетақы жүйесiн дамыту жөнiндегi зерттеу жұмысының шеңберiнде жүргiзiлген Дүниежүзiлiк банктың актуарлық есептеулерi бойынша 2043 жылы елiмiздегi аралас зейнетақы жүйесiнiң күнi бiтiп, зейнеткер жинақтау қорында жиған-тергенiмен өмiр сүредi деп болжануда.
Зейнетақы жүйесiн реформа¬лаудың он төрт жылы iшiнде қазақстандық тәжiрибе өзiнiң жетiс¬тiктерi мен кемшiлiктерiн көрсетiп бердi. Жетiстiк деп 14 жыл iшiнде зейнетақы жүйесiн құруға арналған тұжырымды және нормативтiк құқықтық базаның қалыптасқанын, сондай-ақ, жи¬нақ¬таушы зейнетақы жүйесiнiң инфрақұрылымы жасалып, жүйенi басқарудың тәжiрибесi жинақ¬талғанын айтуға болады. Дегенмен, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiнiң кемшiн тұстары да жоқ емес. Жүйенiң қар-жылық тұрақтылығы, сенiмдiлiгi, шынайылығына, әлеу¬меттiк тиiм¬дiлiгiне қатысты шешiл¬меген бiрқатар мәселе бар. Сенiм¬дiлiк демекшi, осы жылдар ара¬лығында зейнеткерлердiң зейнет¬ақысын есептеу және қайта есеп¬теудегi әлеуметтiк әдiлетсiздiк, яғни есеп¬телiнген зейнетақының сол кезде алған жалақы мен атқарған еңбек¬ке сәйкес еместiгiне байла¬нысты бұқара тарапынан ренiштер де айтылып келедi. Халықтың сенi¬мiне селкеу түсiрген зейнетақы қорларының қызметiндегi бiрiз¬дiлiктiң жоқтығынан тауы шағыл¬ған салымшылар зейнетақы қор¬ларының бiрiнен екiншiсiне, одан қалды үшiншiсiне ауысып, сан соғып жүр. Нелiктен? Бiздегi зейнетақы жүйесiнiң тасы өрге домаламай жатқандығының себебi не? Тарқатып айтар болсақ, бiрiншiден, зейнетақы қорларының миллиардтаған қаржыны таңдаулы жобаларға салып, одан үстеме пайда табу мүмкiндiгi заңмен шектелген. Екiншiден, дамыған елдермен салыстырғанда салым мөлшерi аздық етедi. Көптеген шет елдерде еңбеккер жалақысының кем дегенде 20 немесе одан да көп пайызын аударса, бiзде небәрi 10 пайыз ғана. Үшiншiден, елдегi жалақының аздығы мәселенi оңтайлы шешуге бөгет болып отыр. Жүйенi реформалау жылдары елiмiздегi жинақтаушы зейнетақы қорларының саны – 20 болатын. Нарықтың қатал заңы қоя ма? Ендi қалған 11 зейнетақы қорының жұмысын жетiлдiрiп, саннан гөрi сапаға мән бергеннен нәтиже жаман болмас. Тағы бiр мәселе. Соңғы кездерi әлем елдерiн дүр¬белеңге салған дағ¬дарыстың екiншi толқыны зейнет¬ақы қорларын да айналып өтпейтiнi рас. Себебi, қазiргi қаржы нарығындағы осал буын – осы жинақтаушы зейнетақы қорлары болып тұр. Дей тұр¬ған¬мен, елiмiздiң 2020 жылға дейiн¬гi стратегиялық даму жоспарында жақын онжылдықта әлеуметтiк қорғау мәселесi елi¬мiздiң негiзгi даму басымдықтары болып белгi¬ленген. Осыған сәйкес тұрғын-дарды жинақтаушы зей¬нетақы қорларының қызметiмен қамтуды кеңейту, жинақтаушы зейнетақы қорларының инвес¬тициялық қызметiн және олар-дағы зейнетақы төлемдерi тетiгiн жетiлдiру, зейнетақы аннуиттерi рыногын дамыту қолданыстағы жинақ¬таушы зейнетақы жүйесiн жетiл¬дiрудiң басты бағыты болып табылады. Бүгiнде жинақтаушы қорлардың инвестициялық қоржыны негiзiнен қаржы ми¬нистрлiгi мен ұлттық қор шыға¬ратын құнды қағаздарға тәуелдi болып тұр. Заңмен белгiленген ереже бойынша салымдар нақты қаржылық құралдарға салынуы тиiс екенiн ескерсек, қолдағы қаржыны неғұрлым табысы мол салаларға салған жөн болар. Қалай дегенмен де, зейнетақы жүйесiнiң жаңғыруы ұлттық экономиканың өсiмiне тiкелей байланысты болғандықтан, ал¬дағы мiндеттiң ауқымы бөлек. Ол – зейнетақы жүйесiн заман талабына сай қайта жасақтау.

PS: Елбасы зейнетақы жүйесiн жаңғыртуды тапсырды. Үкiметтiң бұл мәселеге қатысты нақты қандай қадамға баратыны белгiсiз. Әйтеуiр, халық зейнетақы тағайындау жүйесiнiң өзгеруiн күтумен жүр. Бастысы – ел шапағатын көрсе, халыққа шарапатын берсе игi.

Айнұр ШIДЕРБАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button