Басты ақпаратСараптама

Зейнеткері кедей елге айналмайық

Үкімет таяуда БЖЗҚ салымшыларына мерзімінен бұрын жинақты алуға тыйым салу немесе сол күйінде қалдыру мәселесін түпкілікті шешеді. Осы ретте Еңбекмині адамдардың көбі қартайғанда дымсыз қала ма деген алаңдау­шылығын білдіргені де бар. Мұндай қиындық зейнетақы қоры салымшыларының 90 пайызына келуі мүмкін. Сарапшылардың көбі қамқорлық танытқан түр көрсеткенше Үкіметтің зейнетақы жүйесіне күрделі реформа жүргізетін уақыты баяғыда жетті деп санайды.

Белгілі экономист Мақсат Халық зейнетақы жинағын қолдануға мүмкіндік беруді дұрыс қадам деп санайды. Алайда оны жүзеге асыруда тиісті органдар дұрыс жұмыс жүргізе алмай отыр. Мәселен, ол  зейнетақы жинағын алудағы жеткіліктілік шегі көлемін арттырудың қате шешім болғанын алға тартты.

– Жалпы, идея дұрыс. Бірақ қордан қаржысын шешіп ала алғандар – табысы жоғары азаматтар болды. Ал қарапайым халық бұған ешқандай қол жеткізе алған жоқ. Сондықтан қордан жинақты шығарып алуға қарсы жүріп жатқан дәл қазіргі саясат дұрыс емес, қайта керісінше, жеткіліктілік шегін төмендету керек деп есептеймін. Сонда ғана қарапайым халыққа керекті қаржы жинау қолайлы болып, олар қорға көбірек ақша аударуға ынталы болар еді. Сол ынтаны арттыру жұмыстарын қазіргі жауапты шенділер орындай алмай отыр. Жеткіліктік шегін көтерудегі сылтаудың бәрін «ең төменгі жалақыны 40 пайызға өсірдік, тағы да өсі­руіміз керек» дегенге әкелді. Бұл – ешқандай экономикалық негізі жоқ сылтау. Жеткіліктілік шегін көтереміз деп бірінші рет айтылған кезде азаматтардың біразы, әсіресе депутаттар шулап кетті. Сонда неге шулағанын артынан сараптап қарасақ, сол депутаттардың көбі қордағы ақшасын шығарып үлгермеген екен. Сосын Қаржы министрлігіндегі жауапты адамды жазалап, жұмыстан шығарды да, жеткіліктік шегін ұлғайтуды күзден келесі көктемге шегерді. Сөйтіп көктемге дейін әлгі депутаттар да, қалғандары да ақшаларын шешіп алды. Соңында ақыры жеткіліктілік шегін көтеріп тынды. Содан ол ақшаны алуға деген қарапайым азаматтардың ынтасы түсіп кетті, – деп сараптайды экономист.

Расында соңғы рет шегін көтергеннен кейінгі мөлшерді қарасаңыз, оны 20 жастағы жастар түгілі, жалақысы төмен орта буын азаматтар да жинай алмайтын деңгейге жетті. Ал қаражатты қазір пайдалануға қарсылардың пікіріне сарапшының айтар уәжі мынадай:

– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, шегінен асқан қаражатты азаматтар қажеттілігіне қарай әртүрлі мақсатына пайдаланады, содан қалған зейнетақысы ол демалысқа шыққан кезде оның өмір сүруіне де, шетелге саяхаттауына да жетеді. Сондықтан негізгі мәселе – зейнетақы жинақтарымызды ұлғайтып, дұрыс инвестициялау керектігі. Ол үшін жауапты органдар аталған бағытта қыруар жұмыстар жүргізуі керек, яғни инвестициялық кіріс үнемі инфляция деңгейінен жоғары болуын қамтамасыз етіп отыру қажет, сол кезде ғана азаматтардың зейнетақы жинақтары құнсызданбайды және қартайған кезінде әжептәуір зейнетақыға қол жеткізеді, – дейді М.Халық.

Экономист Рахым Ошақбаев салымшылардың көбінің зейнет жасына жеткенде лайықты өмір сүретіндей жеткілікті жинағы жоқ екенін, сондықтан бұл салада жүйелі шешімдер қажет екенін айтады. Алайда жақсы табыс табатындардың зейнетақы қаржысына қолжетімділікті шектеу де бұл тығырықтан шығатын жол емес.

– Мен зейнетақы қалдықтарын қолдануға тыйым салуға қарсымын. Зейнетақы жина­ғының мәні – ол ақшаның сол салымшыға тиесілі екендігінде. Түптеп келгенде, бұл – оның болашаққа деп жинаған жеке қаржысы. Бұл идея авторлары зейнетақыны мерзімінен бұрын шығарып алу арқылы адамдар қартайғанда дымсыз қалады деп алаңдайды. Алайда нақты жағдайға қарасақ, жинағы аз қазақстандықтардың көбі жеткіліктілік шегінің ұлғайтылуына байланысты оны шығарып алу мүмкіндігінен онсыз да айрылып отыр. Екінші жағынан, қалдық ақшасын шығарып алғандардың біразы зейнетақыға зәру де емес. Сондықтан жинақты мерзімінен бұрын алуға рұқсат бермеу жинағы қомақты болып келе жатқандарға әсер етеді. Неге мемлекет сол ақшаны халықтың рұқсатынсыз түрлі жобаларға қалаған уақытында салуы керек, ал соның орнына оның иесіне неге ипотека мәселесін шешіп, өзінің жинағын қажетіне жаратпасқа? Сол себепті бұл шектеу әділетсіз әрі тиімсіз болады, – дейді экономист.

Ал қаржылық талдаушы Андрей Чеботарев болса, зейнетақы жинағының қалдық бөлігін пайдалану идеясына қарсы. Оның пікірінше, бұл идея зейнетақы жүйесінің түп негізін бүлдіреді.

– Мен 2020 жылы-ақ ерте ме, кеш пе, бұл тәжірибе тоқтайтынын болжағанмын. Сондықтан қазір бұл мәселенің көтерілгеніне қуаныштымын. Егер зейнетақы қорындағы ақшаны алуға рұқсат етілсе, бұл зейнетақы жүйесінде саңылау пайда болғызып, сол тесіктен ақша нақты экономикаға ағып кететін болады. Біріншіден, бұл инфляциялық фактор, яғни осы ақшалардың кесірінен баға көтеріле береді. Екіншіден, бұл сол зейнеткерлердің болашаққа деп жинайтын қаржысын азайтады. Әрине, елімізде зейнетақы саясатына, жалпы БЖЗҚ-на деген сенім жоқ екенін түсінемін, алайда солай екен деп ақша тарату – дұрыс шешім емес, ол халықтың сенімін арттырмайды. Зейнетақы тек зейнет демалысы үшін ғана жиналуы керек, – дейді Чеботарев.

Еліміздің зейнетақы жүйесін қалыптастырудың қайнар бастауында тұрған белгілі қаржыгер, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев те зейнетақы қорынан оның тікелей міндеттерінен тыс жеке мақсатқа қаржы алынғанын құптамады. Өйткені өзге елдердің тәжірибесінде мұның теріс әсер берген тұстары бар.

– Зейнетақы жүйесі ғасырлар бойы жұмысын атқаратын жүйе деп ойлаймын. Бір ұрпақ зейнет­керлікке шығып жатқан кезде, келесі ұрпақ дүние есігін ашып жатады. Осы жаңа ұрпақ үшін зейнетақы жүйесі өз жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан да кез келген зейнетақы жүйе­сіндегі ең маңызды мақсат – лайықты зейнетақы төлемін қамтамасыз етуге икемді болу керек. Бүгінде зейнетақы шоттарында жинақталған ақша зейнетақы төлеу үшін жеткіліксіз. Сондықтан неліктен мұндай шешімнің болғанын әлі де түсінбеймін. Осы жағдайда, жұмыс берушілерден қосымша 5% жарнаны өндіріп алу да – мен үшін нонсенс. Өйткені бір жағынан, салымшыларға жинақ шоттарынан ақшасын алу мүмкіндігі беріледі де, сонымен қатар жұмыс беру­шілерге қосымша салықтық жүктемені арттырады. Демек, бұл салымшылар шешіп алған қаражаттың есебін өтейді деген үмітпен жасалынған шешім сияқты, – дейді Болат Жәмішев.

Қорға ақша салмайтын 1,9 млн адам бар

Бүгінгі таңда БЖЗҚ-ның «бас сақинасы» – жинақтау жүйесіне қатыспайтын 1,9 млн адам. Қартайғанда олар тек базалық көлемдегі зейнетақыны ғана алады. Оның көлемі қазіргі таңда 42 761 теңгені құрап отыр.

– Зейнетақы қоры бәрін қойып, бірінші кезекте осы мәселемен айналысуы керек. Қазір бюджеттің үштен бір бөлігі зейнетақы төлеуге жұмсалуда. Бұл өте көп. Елестетіп көріңізші, қазіргі салық төлеушілер зейнеткерлерге зейнетақы төлеуде. Біздің балаларымыз өзіміз жинай алмаған зейнет­ақыны бізге төлегенін қалайсыз ба? Зейнетақы жинақтау жүйесі барынша әділетті және шынайы: қанша тапсаң сонша зейнетақы аласың. Ұрпағымыз бізге зейнетақы төлеуге міндетті емес, – дейді А.Чеботарев.

Сарапшылар аталған азаматтардың қорға не үшін қаржы салмайтынын ойланып, зерттеу керек деп санайды. Ол азаматтар бүгін салған ақшасының зейнетке шығарда құнсызданып кетуіне алаңдап, одан да қазір пайдаланып қалайын деп санайды. Қордағы ақшасының өзінің қаржысы екенін сезінуі  үшін сол қаржыны басқаруға мүмкіндік алуы қажет.

Кейбір қоғам өкілдері зейнет­ақы жинағын мерзімінен бұрын алуға тыйым салу зейнетақы жүйесінде ештеңе өзгертпейді, себебі бұл мүмкіндікті пайдалана алғандардың көбі оны алып қойды деп санайды.

Қазір БЖЗҚ салымшыларында шығарып алатындай ондай көп ақша жоқ, сондықтан бұл мәселені көтерудің қажеті шамалы. Жинағын пайдаланған көп адамдар тісін түгендеп, басына баспана алып қалды. Бұл Президентіміздің ең оңтайлы шешімдерінің бірі болды. Адамдар бұл ақшаны игілігіне жұмсады, – дейді Мәжілістің III-VII шақырылымдарының депутаты, экономика ғылымдарының докторы Аманжан Жамалов.

Тәуелсіздік жылдарында қалай дамыды?

Қазақстан егемендік алғаннан кейін Кеңес өкіметінен мұрагерлікке қалған ортақ зейнетақы жүйесі жұмыс істеді. Оның бас­ты қағидасы – қазіргі салық салушылар зейнеткерлерге зейнетақы төлейді. 1990 жылдардың соңында еліміз бюджет кірісінің қысқаруы, гиперинфляциядан тек дағдарысқа ұшырап қана қоймай, жаппай еңбекке қабілетті халықтың кетуінің де теріс әсерін сезінді. Сондықтан билік Бүкіләлемдік банктің ұсынымы бойынша зейнетақы жинақтау жүйесіне қуана-қуана көшті, яғни зейнетақы мөлшері бюджет мүмкіндіктеріне қарай емес, сол адамның өзінің жинағанына қарай болатын жүйеге ауысты. Қазіргі таңда біз өтпелі кезеңде тұрмыз. Бүгінде зейнетақы үш бөліктен құралады: мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы бөлінсе, БЖЗҚ-нан жинақталған сомасы бөлінеді. Алайда ортақ зейнет­ақы бөлігі 1998 жылға дейін жұмыс істеп бастаған адамдарға ғана беріледі. 1980 жылдан кейін туғандарға ортақ зейнетақы төленбейді. Сондықтан зейнеткерлердің болашақтағы буыны тек БЖЗҚ-да жинаған және еңбек өтіліне қарай есептелетін азғантай базалық зейнетақысын ғана алады. Мәселен, егер адам ресми түрде 10 жылдан кем жұмыс істесе, онда оның базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінің 54 пайызын ғана құрайды, бүгінгі таңда бұл – 25 мың теңге.

Сарапшылар осы ретте Үкі­меттің нақты мәселені тап басып көрмей отырғанына қор­дың ресми статистикасын келтіре отырып дәлел ұсынады. Жағдайы бар салымшылардың 1 пайызына ғана бұл әсер етсе, қалған 99 пайызына зейнетақы жинағы бақыт әкелмейді. Себебі БЖЗҚ салымшыларының 60 пайызының немесе 6,5 млн қазақстандықтың бар болғаны 1 млн теңге жинағы бар. Тағы бір 25 пайызында – 1-3 млн теңге көлемінде, 11 пайызында 3-5 млн теңге шамасында, 3 пайызында 5-8 млн теңгедей жинағы сақтаулы. Салымшылардың тек 1 пайызы ғана 8 млн теңгеден астамы жинаққа ие. Одан бөлек, 1,9 млн қазақстандық зейнетақы жинақтау жүйесіне мүлдем қатыспайды.

Айта кетсек, мәселен, бір зейнеткер өле-өлгенше айына тым болмаса 200 мың теңге зейнетақы алуы үшін оған 45 млн теңге жинау керек. Ал 63 жасқа дейін 45 млн теңгені жинау үшін 45 жыл жұмыс істей отыра айына 900 мың теңге айлық алу қажет. Сондықтан қазіргі зейнетақы жүйесі нағыз кедей зейнеткерлерді туғызатын жүйе болып отыр. Оның үстіне 2040 жылға таман Қазақстан өте күрделі әлеуметтік дағдарысқа ұшырайтыны да құпия емес.

Оң шешімі қайсы?

Еңбекминінің еңбек ресурс­тары орталығының болжамы бойынша 2050 жылға қарай Қазақстанның халқы 25,5 млн адамға жетеді. Бұл ретте әрбір зейнеткерге 4,8 жұмыс істейтін адамнан келеді. Р.Ошақбаевтың айтуынша, мұндай жағдайда ортақ зейнетақы үлгісі тиімді.

– Бұл сандар мен деректердің бәрі Қазақстанның зейнетақы жүйесіне үкім шығарары сөзсіз, себебі ол қазақстандықтардың көп бөлігін лайықты зейнет­ақымен қамтамасыз етуге қау­қарсыз. Демографиялық бол­жамдар мен жинақтау компоненттерінің тиімсіздігін есепке ала отырып мен ортақ зейнетақы жүйесіне көшуді ұсынар едім, бұл анағұрлым тұрақты және әділ болар еді, – дейді Р.Ошақбаев.

Сол сияқты Аманжан Жамалов ортақ зейнетақы жүйесін қолдайтынын айтты. 2020 жылы Мәжіліс депутаттары да бірнеше рет Үкіметті сол жүйеге оралуға шақырған. Әлемнің көптеген дамыған елдері әлі күнге осы жүйені зейнетақымен қамтамасыз етудің негізгі түрі ретінде қолданып отыр. Алайда бұл мәселе біздің елде қарастырылмаған күйі қалды. Сондықтан бұдан үміт үзілгендіктен, енді тек қазіргі жүйені жетілдіріп, зейнетақы жинағын елге тиімді түрде беру жолдарын тиісті органдар қарас­тырса, халықтың болашаққа және жинақтаушы қорға деген сенімі мен үміті артар еді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button