Ел тынысы

Зейнеткерлер қаламгермен  кездесті

«Есіл» ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Төрт жанрдың төл қызы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Әдеби іс-шара Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдебиеті сыйлығының иегері, ақын, прозашы, сатирик, детектив жанрының шебері, Астана қаласының ардақты зейнеткері Өріс Яшүкірқызының  шығармашылығына арналды.

Ө. Яшүкірқызының 75 жылдық мерей тойына орай ұйымдастырылған мәдени шараны ардагер-журналист  Қарлығаш Құспанова жүргізді.

«Төрт жанрдың төл қызы» атты әдеби-музыкалық кеште Өріс Яшүкірқызының төрт томдық таңдамалы жинағы мен «Жан сарайым-өлеңім» кітабындағы шығармалары таныстырылып, әдебиет сүйер қауымға ұсынылды.

Әдеби-музыкалық кешке көркемсөз оқитын ата-әжелер де қатысты. Әсіресе, көркемсөз оқудың шебері, кәсіби диктор, зейнеткер Күләш  Молдаханованың оқыған өлеңдері көрермен көңілінен шықты.

«Есіл толқындары» халықтық ансамблінің орындауындағы «Әйтеуір сол қыз бір сұлу» әні мен орталықтың мәдени ұйымдастырушы Гүлшат Әбубәкірова орындаған «Қызымын елдің» әні зейнеткерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Есіл ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері ақынның өлеңдерін, жерлестері мен замандастарының естеліктерін тыңдады. Орталықтың ардагер ақсақалдары қаламгер апамызға ақ батасын беріп, жүрек жарды лебіздерін білдірді.

Кеш соңында Астана қаласының Ардагерлер кеңесі және Есіл ауданы қалалық әкімдігі  атынан Өріс Яшүкірқызына диплом мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

«Әдеби-сазды бағдарламаның қызмет алушы зейнеткерлер үшін пайдасы мен тағлымы мол болды. Қаламгермен кездесуге 50-ден астан зейнеткер жиналды, олардың арасында ардагер-журналистер мен тіл мамандары да бар. Бүгінгі кеште Өріс Яшүкірқызы әйелдер тақырыбын баса айтып, әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды.  Әдеби кеш арқылы қазақ әжелерінің бойындағы парасаттылықты көрдік. Осындай пайдалы ниеттен туған бастама біздің зейнеткерлерімізге тамаша әсер етті»  – деп ойын түйіндеді орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Гүлшат Әлекешқызы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button